» » Отыз жылдық белестің жылнамасы

Отыз жылдық белестің жылнамасы

Жер үстіндегі ең ұзақ соғыс Рим империясының аумағында болды. Ол қанды қырғын тарихта "отызжылдық соғыс" деген атпен қалды. Осы отыз жыл ішінде соғыс зардабынан он миллионға жуық адам құрбан болды. Жер бетінде отыз жылдан да көп уақыт соғыс жүріп келе жатқан елдер әлі бар. "Бейбітшілік", "тыныштық" деген ұғымдардың қадірін бір білсе, солар біледі. Мылтық дауысы мен жарылыстардан құлақтары тұнып қалған олар үшін бір күндік, тіпті бір сағаттық тыныштық арманға айналған.

Ал тәуелсіздіктен бері отыз жыл бойы бейбіт елде орнаған мамыражай заманда бейбіт ғұмыр кешіп келе жатқан біздің хал­қымыздың арманы бар ма?! Бірде қазақтың қабырғалы ақыны Маралтай Райымбекұлы Елбасына өзінің кітабын табыстап тұрып: "Ең ұлы патша – халқына мылтық дауысын естіртпеген патша" деген сипатта ода арнап еді. Ол кезде бұл сөздің сырына қанып, мәніне аса түсінбегендер де болды. Қалай болғанда да бұл сөз тек Елбасына ғана емес, сол елдің халқының бірлігіне де қатысты еді. Халқы алауыз болса, әділ патшаның да тағы шайқалады.

Сонымен биыл еліміздің тәуелсіздік ал­ға­нына отыз жыл толды. Отыз жыл бір елдің қалыптасу кезеңі үшін көп уақыт емес. Алайда, осы жылдар ішінде тәуелсіз мем­­лекетте көп нәрсе жасалды, оң өзге­ріс­тер болды. Ендеше, тәуелсіздіктің әр жылында болған елеулі оқиғаларды тізбе­леп көрейік және бұл күндер тәуелсіз елі­міз­дің тарихында ұлтымыз үшін, бүкіл қазақ­стан­дықтар үшін маңызды күн болып қала бермек.
Сонымен 1991 жылы Қазақстан КСРО құрамынан шығып, егемендігін алды. Осы жылдың 2 қазанында қазақтың тұңғыш ға­рыш­кері, Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкі­ров ғарышқа сапар шекті.

1992 жылы 2 наурызда Қазақстан Бірік­кен Ұлттар Ұйымының мүшесі атанды. Осы жылы мемлекеттік рәміздер – Әнұран, Ел­таңба және Туды жасауға конкурс жария­лан­ды. 1992 жылдың 4 маусымында Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан Рес­публикасының мемлекеттік туы», «Қа­зақ­­стан Республикасының мемлекеттік ел­таң­­басы», «Қазақстан Республикасының мем­­лекеттік әнұраны туралы» заңға қол қойды.

1993 жылы 28 қаңтарда Қазақстан Рес­пуб­ликасының тұңғыш Ата заңы қабыл­дан­ды. Осы жылы 15 қарашада ұлттық валю­тамыз – теңге айналымға енді.

1994 жылы 16 ақпанда Елбасы Н.Ә.На­зар­­баев Ядролық қаруды таратпау ту­ра­лы шартқа қол қойды. Сөйтіп Қазақстан өз еркімен қуатты қарудан бас тартып, ядро­лық қаруы жоқ ел ретінде осынау зұлматпен күрестің алғашқы баспалдағын қалады.

1995 жылы 30 тамызда жалпыхалықтық референдум негізінде Қазақстан Респуб­ликасының Ата Заңы қабылданып, 5 қыр­күйек күні өз күшіне енді. Конституция 9 та­рау­дан, 98 баптан тұрады.

1996 жылы Қазақстанның араласуымен Шанхай ынтымақтастық ұйымы құрыл­ды. Осы ұйымның құрылуына сол кезде біраз жұрт күмәнмен қарағанымен, ШЫҰ өзі­нің шынайылығын, қажеттілігін танытты. Бү­гінде бұл ұйымның әлемдегі беделі айтар­лықтай жоғары.

1997 жылы 20 қазанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның жаңа астанасы Ақ­мола қаласы болғанын ресми түрде жа­рия­лады. Осы жылдың 8 қарашасында Қа­зақ­стан Республикасының мемлекеттік рә­міздерін Алматыдан Ақмолаға шығарып са­лу рәсімі өтті. Сондай-ақ 3 желтоқсанда Пре­мьер-Министрдің кеңсесі Ақмолаға көшті.

1998 жылы елордамыз Ақмолаға Астана аты берілді. Сондай-ақ осы жылы елімізде зейнетақы реформасы басталды. Мемлекет зейнетке шығу жасын әйелдер үшін 58 және ерлер үшін 63 жасқа дейін ұзартты.

2000 жылы 10 қазанда Астанада ха­лық­аралық экономикалық ұйым ретінде кеден одағына қатысушы мемлекеттердің басшылары қол қойған Еуразиялық эконо­микалық қоғамдастық құрылды. Аталған қо­ғамдастықты құру туралы келісімге Қа­зақ­стан, Ресей, Беларусь, Тәжікстан және Қырғызстан мемлекеттері қол қойды. Кейін Еуразиялық экономикалық одақ құрылып, қоғамдастық алынып тасталды.

2001 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан халқы Тәуелсіздіктің 10 жылдығын атап өтті. Осы жылы көптеген ауқымды шара ұйым­дастырылып, Рим папасы Иоанн Павел II Астанаға келді.

2002 жылы Тараз қаласының 2000 жыл­дық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде ата­лып өт­ті. Сонымен қатар осы жылы киелі Түркі­стан­да Дүниежүзі қазақтарының екінші құрылтайы өтті.

2003 жылы Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің бірінші құрыл­тайы өтті. Тарих жүзінде бұған дейін дәстүрлі үш бағыттағы дін басшыларының бір жерде бас қоспағанын ескерсек, бұл Қазақстанның басты жетістіктерінің бірі саналары анық.

2004 жылы 24 желтоқсанда «Ақорда» резиденциясы ашылды. Ғимараттың жал­пы ауданы 36 720 шаршы метр. Сонымен қатар осы жылы Астанада Қазақстан Рес­пуб­­ликасының Тұңғыш Президентінің Музейі ашыл­ды. Онда 100 мыңнан астам экспонат бар.

2005 жылдың желтоқсан айында Консти­туция шеңберінде Президенттік сайлау өтіп, ел өзінің басшысын таңдады. Сайлауда Нұрсұлтан Назарбаев қатысушылардың 91 пайыз дауысын алып, ел сеніміне ие болды.

2006 жылдың қаңтар айында мемлеке­тіміздің жаңа Әнұраны қабылданды. Әнұран негізіне Ж.Нәжімеденовтің сөзіне жазылған композитор Ш.Қалдаяқовтың «Менің Қазақ­станым» әні алынды. Қолданыстағы Әнұран мәтініне Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың енгізген өзгерістерін Парламент қабылдады. Әнұранның заңды авторларының бірі – Н.Ә.Назарбаев.

2007 жылы Қазақстан халқы үшін аса маңызды «Мәдени мұра» бағдарламасының екінші кезеңі жүзеге асырыла бастады. Мем­лекеттік бюджеттен аталған бағдар­ла­маны жүйелендіруге, сақтап және дамытуға 4 миллиард теңге бөлінді. Алғашқы кезеңге 2,7 миллиард теңге, соңғысына 5 миллиард теңгеден аса бөлінді.

2008 жылы заңнамаға енгізілген өзгеріс­тер мен толықтырулардың негізінде жаңа мейрам 6 шілде – Астана күні тарихқа енді. Сонымен қатар елордадағы «Қазақ елі» монументі ашылды.

2009 жылы Қазақстанда жалпыұлттық халық санағы өтті. Ел тәуелсіздік алғалы бері екінші рет өткізіліп отырған ұлттық халық санағы Қазақстан тұрғындарының саны 16 миллион 4 800 адам болғандығын көрсетті.

2010 жылы Қазақстан Еуропаның қауіп­сіздік және ынтымақтастық ұйымына төр­ағалық ете бастады. Осы жылдың желтоқсан айында Қазақстанда саммит өткізілді.

2011 жылы Қазақстанда алғаш рет қысқы Азия ойындары өтті. Қазақстанның намысын қорғаған спортшылар 70 медаль иеленді. Олардың 32-сі – алтын, 21-і – күміс және 18-і – қола.

2012 жылы 22 қарашада Қазақстан 2017 жылы елде әлемдік көрме өткізу құқығына ие болды. Халықаралық көрме бюросы мүшелерінің қатысуымен Астана 103 дауыс жинады.

2013 жыл Тұңғыш Президент жариялаған «2050 Стратегиясы қалыптасқан мемле­кет­тің жаңа саяси бағыты» атты Жолдау бо­йынша жұмыстардың қолға алынуымен ерек­шеленді. Сонымен қатар осы жылы Қа­зақстан тарихында тұңғыш рет жергілікті би­лік органдары басшыларының сайлауы өтті.

2014 жылдың тамыз айында үкіметте қайта құру жұмыстары өтті. 17 министрлік пен 9 агенттіктің орнына елде 12 министрлік және шамамен 30 комитет құрылды. Қар­жы полициясының қызметі мемлекеттік қыз­мет және жемқорлыққа қарсы күрес істері жөніндегі агенттікке берілді. Бұдан өзге энер­гетика, мәдениет және спорт, инвес­тициялар және даму, ұлттық экономика министрліктері құрылды.

2015 жылы 27 шілдеде Қазақстан Респуб­ли­касы Дүниежүзілік сауда ұйымының мү­шесі атанды.

2016 жылы 16 желтоқсанда Қазақ­стан­ның өз алдына егеменді ел болып жария­ланғанына 25 жыл толды. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған декларация жазылды.

2017 жылы Қазақстанда EXPO-2017 көр­месі ұйымдастырылды. Аталған көрме 10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында Астанада өтті. Оны тамашалауға әлемнің түкпір-түкпірінен 3 миллион адам келді. Ал көрмені өткізуге 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым қатысты.

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне төр­аға­лық етті. Сондай-ақ Астананың 20 жылдық мерейтойы тойланды.

2019 жыл Қазақстан үшін тосын оқиға­ларға толы болды. Осы жылы 19 наурызда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өкілеттігін тоқтатты. 9 маусымда кезектен тыс сайлау өтіп, 70 пайыздан астам дауыс жинаған Қасым-Жомарт Тоқаев Ел Президенті болып сайланды.

2020 жылы Қазақ мемлекеттілігінің бас­тауы саналатын Алтын Орданың 750 жыл­дығы, Тоныкөк ескерткішінің 1300 жылдығы, Әл-Фарабидің 1150 жылды­ғы, Абайдың 175 жылдығы, Маңғыстау көтерілісінің 150 жылдығы, Қазақ Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасының 100 жыл­ды­ғы, Ұлы Жеңістің 75 жыл­­дығы, Мемлекеттік егемендік туралы дек­­ла­рацияның 30 жылдығы, Қазақстан Рес­пуб­ликасы Конституциясының 25 жыл­дығы және Қазақстан халқы Ассамб­леясының 25 жылдығы аталып өтті.

2021 жылы Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы республика бойынша жоғары дәрежеде ата­лып өтілді.

Қуат АХЕТОВ



21 желтоқсан 2021 ж. 332 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 760

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930