» » ЕСКЕРТКІШ ТАҚТАҒА ЕСІМДЕРІ ЖАЗЫЛСА...

ЕСКЕРТКІШ ТАҚТАҒА ЕСІМДЕРІ ЖАЗЫЛСА...

Соғыстың үлкен-кішісі болмайды. Мылтық дауысы естілген жерден береке кетеді, елдің тыныштығы бұзылады. Адам түгіл аң мен құс та мылтық дауысы көп естілетін жерге тұрақтамайды. "Соғыс" деген үрейлі сөздің өзі денеңді түршіктіріп, жүрегіңді бір аунатып түсіреді. Сондықтан адам қаны судай шашылған сол аласапыранда Отанын қорғау жолында жаумен арпалысқан азамат ерге елі қандай құрмет көрсетсе де лайық.
Біздің бала күнімізде бір кішкене ауылдың өзінде жүзге жуық Ұлы Отан соғысының ардагерлері бар еді. Оны білетінім, ауылдағы сол майдангер әкелеріміз жыл сайын 9-мамырда бас қосып, Ұлы Жеңістің мерекесін тойлағанда үйге симай қалушы еді. Дастархан басында өздері көрген қанды соғысты, бастарынан өткізген азапты күндерді, қиыншылыққа толы жорық жолдарын айтқанда аза бойың қаза болатын. Әкелеріміз әңгімелерінің соңын "Ее, Алла, ондай зұлматты енді ұрпағымызға көрсетпесін" де аяқтайтын. Сондай өзара басқосуларда болмаса, жай күндері ол кісілер балалар отырған жерде соғыс туралы жақ ашпаушы еді. Мүмкін, өздері орнатқан бейбіт өмірде, мамыражай тыныш заманда бақытты ғұмыр кешіп жатқан кейінгі ұрпақтың құлағы "соғыс" деген сұм сөзді естімесін, өздері көрген қасіретті сезінбесін дегендері шығар, әйтеуір әкемізден соғыс жайында әңгіме сұрасақ, "тәйт" деп тиып тастайтын.
Тарихи деректерге сүйенсек, екінші дүниежүзілік соғысқа 61 мемлекет, яғни дүние жүзі халқының 80 пайызы қатысты. Соғыс қимылдары 40 мемлекет жерінде жүріп, 110 млн адам әскерге алынды және 50-55 миллион адам майданда қазаға ұшырады. Біздің ауданның өзінен үш мыңға жуық адам соғысқа аттанып, оның мыңға жуығы ғана аман оралды. Қаншама үйге "қаралы қағаз" келіп қайғыдан қара жамылды, шаңырақтары ортаға түсіп, ошағының оты сөнді. Иә, бұл соғыс айтар ауызға да, естір құлаққа да оңай тимейтін адамзат тарихындағы ең ауыр қасірет болып таңбаланды.
Бүгінде еліміз бойынша Ұлы Отан соғысына қатысушы ардагерлер сиреп қалды. Жалағаш ауданындағы соғыстың соңғы солдатын осыдан екі жыл бұрын ақтық сапарға шығарып салдық. Ауданымыз үшін соғыс шежіресі сол куәгерлермен бірге жабылды, майдан тарихы сол әкелерімізбен бірге тәмамдалды. Жалпы Қазақстаннан "Кеңес Одағының батыры" атағын алғандар және одан басқа да жоғары марапатқа ие болғандар одақ құрамында болған мемлекеттермен салыстырғанда әлдеқайда көп. Олар уақытында мемлекеттен де, халықтан да лайықты бағасын алды, ерліктеріне сай құрмет-қошемет көрді, есімдері аңызға айналып дәріптелді. Ал енді сол дүниені дүр сілкіндірген қанды қырғында от пен оқтың ортасында жүріп жан алысып, жан берісіп соғысқан қатардағы жауынгерлер ше? Адам соғысқа ерлік көрсетіп, атақ алып, атымды шығарайын деп бармайды. Соның ішінде жаратылысынан жүрегінде жауынгерлік рух бар қазақ халқы қандай соғысқа кірсе де әруақ шақырып, аттан салып алғы шепте жүрді. Елін, жерін, отбасын қорғау жолында құрбан болды. Енді оларды қалай батыр деп айтпайсың?! Біреудің зорлығымен немесе бұйрықпен жорыққа аттанған жоқ, жау дабылы естілгенде-ақ қолына қаруын алып, атқа қонды. Дұшпанның оғын арқасымен емес, кеудесімен тосып алды.
Бүгінде облыс, аудан орталығында, тіпті ауылдардың өзінде соғыстан оралмай, сүйегі жат жерде қалған жауынгерлерге естелік тақта қойылып, есімдері тасқа қашалды. Тәуелсіздіктен кейін жарық көрген "Боздақтар" жинағы да Отан қорғау жолында шейіт болған сол боздақтардың басына қойылған құлпытас іспетті. Бұл жасалып жатқан жарқын істерді жаңғыртып, бүгінгі жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеудің бір тетігіне айналдыру да өз қолымызда. Әсіресе, бір жылдық әскери қызметте болып, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуден жалтарып жүрген қазіргі жастарымызға берер өнегесі мол. Жігерсіз, жасық жастарды сөз еткенде, ойыма он жеті жасында өзі сұранып майданға аттанған ауылдағы әкелеріміз түседі. Солардың қолына қару ұстатқан ешкімнің пәрменді бұйрығы немесе жастық желік емес, бойларындағы тулаған намыс пен Отанға деген сүйіспеншілік еді. Әйтпесе, аузынан ана сүті кеппеген уыздай жастар қарша бораған оқ пен лаулаған оттың ортасында адам қанын кешіп жүруге қызықты дейсіз бе?! Майдангерлердің көбі соғыстан жаралы болып оралды. Сұм соғыс олардың жастығын ұрлап, жүректеріне жазылмас жара салып қана қоймай, денесінің жарым бөлігін алып қалды. Олар өмір бойы сол жарақаттың зардабын тартты. Бірақ сол әкелеріміздің біреуі де "мен сендер үшін соғысып, мүгедек болдым" деген жоқ, өздері орнатқан бейбіт өмірдің гүлденуіне ақырығы деміне дейін үлес қосып, адал қызмет қылды.
Сол майдангерлердің көбі басынан жарақат алып, елге ақыл-есінен айырылып оралды. Шынын айту керек, кеңес кезінде соғыста "контузия" алған ағаларымыздың көбі мемлекет тағайындайтын тиісті жәрдемақыны да ала алмады. Оған енді сол баяғы қазақы түсінік пен заңға шорқақтығымыз, құжатқа салғырттығымыз кінәлі. Соның сал­да­рынан құрметтелуі тиіс жаны да, тәні де жаралы май­дангерлерді ауылдағы соғыс көрмеген әкі­рең­деген бригадирлер алдына салып колхоздың жұмысына қуды. "Жаралы" майдангер жұмыстан жалтара алмайды, өйткені оның медициналық анықтамасында физикалық тұрғыдан "қол еңбегіне жарамды" деп көрсетілген.
Қысқа қайырып айт­қанда, кеңес заманында соғысқа қатысқан май­дан­герлердің ішінде "қатардағы жауынгерлер" мен "жаралыларға" аса мән берілмеді. Олар колхозда мал бағып, егін егіп өмірден озды. Тірісінде үкіметтен атақ сұрамады, аласапыраннан аман оралғандарын олжа көріп, ұрпақ өсірді, бейбіт өмірдің бедері бұзылмауына тілеуқор болды. Бір өкініштісі, қазіргі жастардың санасынан өздері өмір сүріп жатқан осы бейбіт заманды орнатқан сол майдангерлер ұмытылып бара жатыр. Тіпті аядай ауылдың балалары сол ауылдан шыққан соғыс ардагерлерін білмейді. Бірақ бұған жастар кінәлі емес...
Биыл Ұлы Жеңіске 75 жыл толады. Бұл мереке мемлекеттік дәрежеде кең ауқымда аталып өткелі отыр. Осы айтулы мерейтой қарсаңында облыс, аудан, ауыл орталықтарындағы саябақтарға арнайы ескерткіш тақта орнатылып, соғыс ардагерлерінің аты-жөндері жазылса нұр үстіне нұр болар еді.

Қуат АДИС
06 қаңтар 2020 ж. 664 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 680

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031