» » » ОТАНШЫЛ ҰРПАҚТЫҢ ТӘРБИЕШІСІ

ОТАНШЫЛ ҰРПАҚТЫҢ ТӘРБИЕШІСІ

Аймағымызға белгілі қаламгер Тұрақ Адисұлының «Ауған соғысы ардагерлерінің жорық жолы қызықтырады», – деп жүргеніне біраз болған. Жұмыс бабымен кездескенде, өзінің әскери мемуарларды оқып жүргенін және ауған соғысы жайлы жігіттердің әңгімесін тыңдағысы келетінін айтатын. Бір күні телефон шалып: «Мұреке, мен жұмысты бастап кеттім, өзіме беймәлім жайларды өзіңізден сұраймын, байланыста боларсыз», – деді. Тағы бір кездескенде өзінің қобалжып жүргенін де жасырған жоқ. «Япыр-ай, Мұреке, соғысты көрмеген адамның соғыс туралы жазғаны қалай болар екен өзі, бұл дүнием қалай шығар екен?», – деп күлді. «Тұреке, іске сәт, соғысты сен көрмегеніңмен, сол соғыстың бел ортасында жүрген ауған соғысының жауынгерлері арамызда жүр. Сондықтан ол саған қиындық келтіре қоймас», – дедім.
Тұрақ інім сенімді ақтады. Кітаптың "сүйінші данасы" ақпан айында қолға тиді. Жігіттер қолдан-қолға тигізбей бір оқып шықтық. Әр істің, әр саланың өзінің маманы болады ғой, қаламгердің шеберлігі дейміз бе, суреткерлік дейміз бе, кітап бірден баурап алды, тез оқылды. Кітапты оқып отырып, бұл күнде сағынышқа айналған жастық шағымыз, осыдан отыз жыл бұрынғы жорық жолымыз көз алдымыздан кинолентадай өтіп жатты. Тарих қойнауына еніп, жарқын жүздері көңілімізден көмескілене бастаған Ауған жерінде қаза болған қандыкөйлек достарымыз көз алдымызға келді. Сол-ақ екен көңіл босап, беймаза бір күйге еніп, көз жасымызды да бір сығып алдық.
Жастық шақ ештеңені ойлатпайды екен. Он жеті - он сегіз жастағы бозбала жігіттер Ауғанстандағы қырғынға өлемін деп барған жоқ еді, жастық өлім туралы ойлатпады. Бірақ Ауған жеріне кіргеннен кейінгі алғашқы ұрыста-ақ ондаған жауынгер ажал құшты. Олар өмірден ештеңе көрмеген, әлі жиырмаға да толмаған өрімдей жастар еді. Біз сол кездегі саясатта шаруамыз болған жоқ, жас едік, албырт едік. Саясатты терең түсінетіндей жаста емеспіз. Біз бар болғаны, Отан алдындағы азаматтық борышымызды адал атқаруды ғана ойладық. Қазақ деген халықтың атына кір келтірмеуді, өзіміздің жігіттік намысымызды биік ұстауға тырыстық. Ауған жеріндегі қырғында қаншама боздақ қыршынынан қиылып кетті. Қаншамасы елге мүгедек болып оралды. Бұл соғыс ешкімге қажеті жоқ, әділетсіз соғыс екенін сол кезде анық білмегенімізбен, кейін түсіндік. Соғыс болғасын шығынсыз бола ма, бұл соғыстан ауған халқы да орасан зор зардап шекті. Осы мәселелер кітапта айшықты көрініс тапқан. Автор ауған соғысының ақиқатын, кейінгі жастар біле бермейтін тарихи шындықты оқырманға жеткізуге тырысқан. Қаламгердің бұл кітабы біз үшін аса құнды дүние, біздің жат жердегі жорық жолымыздың естелігі, отаншыл ұрпақты тәрбиелейтін жастарға қажетті кітап. Тұрақ ініміз үлкен сауапты, мәнді, маңызды іс атқарды. Бұл кітап жастарды Отанды сүюге, патриоттыққа баулитын оқу құралы десек те болады. Бұл кітап – біздің, ауған соғысы ардагерлерінің үйінің төрінде тұруы тиіс.
Ауған соғысында тау шатқал­да­рының ортасындағы сұрапыл шай­қас­тарда алған жарақаттар жазыл­ғанымен, жүрекке түскен сызат әлі жазылған жоқ. Ұрпақсыз кеткен боз­дақ­тарды ойлағанда жүрегің сыздайды. Олардың ата-анасының баласына деген сағынышын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Олар біздің көз алдымызда сол баяғы жап-жас сарбаз қалпында қалып қойды. Ұрыста қаза болған қарулас достарымызды біз де сағынамыз. Бірақ олар енді жоқ, өкініш өзекті өртейді. Сол боздақтардың есімі ел есінде қалса екен дейсің, кейінгі жастар білсе екен дейсің. Осы орайда аудан орталығынан ауған соғысы жауынгерлеріне қойылатын ескерткіш белгі – біздің жат жерде қаза болған достарымызға деген құрметіміздің бір парасы деп білемін. Ескерткіш белгіні қою туралы ұсыныс-бастамамызға қолдау, көмек көрсеткен аудан әкімдігіне, азаматтарға алғысымыз шексіз.
Рухани жаңғыру дегеніміздің өзі осындай адам мен қоғамға берері мол, ұлағатты істерден бастау алады. Тарихты жаңғырту, өткен тарихымызды таразылап, зерделеп, одан сабақ алу – кейінгілердің міндеті болса, қаламгердің бұл кітабы сол міндеттер үдесінен шығып отыр.


Мұрат АЛДАМБЕРГЕНОВ,
аудандық ауған соғысы
ардагерлері бірлестігінің төрағасы.
30 тамыз 2018 ж. 1 546 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930