» » Азаттық – баға жетпес құндылық

Азаттық – баға жетпес құндылық

Тәуелсіздік деген қадірлі сөзді естігенде қаны қазақ әрбір азаматтың жүрегі тебіреніп, рухы көтерілетіні анық. Өйткені жүрегінде туған жерге деген ерекше сүйіспеншілік, ұлтына деген шексіз құрметі бар кез келген адам тәуелсіздіктің бәрінен қымбат екенін түйсігімен түсіне алады. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген бір-ақ ауыз сөздің астарында қазақ қазақ болғалы бері осы күнге дейінгі бастан кешкендеріміз, ата-бабамыздың асқақ арманы, өткерген нәубетті жылдары, ел басына күн туған шақтағы тектілік ана сүті арқылы қанына сіңген дана халықтың ізгі ниеті жатыр.

Қашаннан кең даланы қоныс етіп, жұмыр жердің төсінде еркін өмір сүріп келген халық кешегі кеңестік кезеңде біраз тоқырап қалды. Тоқырап қалды дегенде тұрмыстық тоқырау емес, ұлттық салт-дәстүр, құндылық дегендерден қол үзіп қалды деуге болады. Біразы ұмытыла бастады, кейбірі қолданыстан түбегейлі шықты. Біреудің қол астында күнелтсең, өз тарихыңды, дініңді, діліңді, тіпті тіліңді ұмытатындай халге жететініңді атам қазақ әу бастан білді. Сол үшін бүгінгі ұрпақтың ешкімге жалтақтамай өз жерінде өмір сүруі үшін қазаққа бұйырған сайын даланы қорғауда жан беріп, жан алысты. Жалғыз қазақ емес, бүкіл адамзаттың даму тарихына үңілсек, дүниежүзіндегі орын алған соғыс, көтерілістер, саяси оқиғалардың барлығы азаттық үшін, бостандық үшін, тәуелсіздікке жету жолындағы толассыз күрестен тұрады. Біздің ата-бабаларымызда аттың үстінде жауға найза тосқанда, білектің күшімен ұланғайыр даланы сақтап қалуға жанталасқанда да осы ұрпағы азаттықтың арайлы ақ таңын көрсін дегені еді. Шүкір, қазір бейбіт заманда, егемен елде өмір сүреміз. Отыз жылдан бері өз шекарамызды бекіттік, туымызды көк аспанда желбіреттік, әлемге тәуелсіздігімізді паш еттік.

Биыл Ел тәуелсіздігінің отыз жылдығы. Осы уақыт ішінде жас мемлекетіміз талай асудан асып, биік белестерді бағындырды. Әлемге Қазақстанды танытатын үлкен тарихи оқиғалардың бастамашысы бола білді. Қанатын кеңге жайған жас мемлекет дәуірлік өзгерістерден тайсалған жоқ. Қанында қайсарлық бар текті халық екенін дәлелдеді. Тәуелсіздік – қиындықпен келген құндылық, тәңірдің сыйы. Мәңгілік Ел болуға талпынған халқымыздың мәңгілік мұраты. Еліміздің тәуелсіздігі ежелден еркіндік аңсаған дана халықтың санғасырлық нәубетінің жемісі. Отыз жыл бұрын өзге елдің құрсауында болып, ғасырлар бойы ұлт-азаттық үшін күрескен қазақ халқы өзінің мемлекеттік тәуелсіздігін жариялап, егемен елге айналды. Халқымыздың сан мың ұрпағы армандап, дамылсыз күресіп келген азаттықтың ақ таңы атты. Қысқа мерзімде Қазақстан халқы айбары асқан қуатты мемлекетке, әлем таныған алпауыт елдермен иық тіресе алатындай жағдайға жетті. Ортақ шаңырағымыздың шекарасын шегелеп, іргемізді мызғымастай етіп бекіттік. Әртүрлі ұлт өкілдері бір шаңырақ астына ұйысып, ортақ Ата Заңын қабылдады. Мұның бәрі тәуелсіздіктің жемісі екені анық.

Азаттық таңының атуы – Тәңірдің біздің ұрпаққа берген үлкен бақыты, ата-баба аманаты. Бүгінге дейін барлық жетістіктерімізге тәуелсіздіктің арқасында ғана негіз қалай алдық. Тәуелсіздік – ұлт пен ұлыстың татулығы, барша отандасымыздың табанды еңбек, ерік-жігерінің жемісі. Еліміз осынау ширек ғасырдан астам уақыт ішінде үлкен тарихи табыстарға қол жеткізді. Сол жетістік жолында кездескен көптеген сынақтарға лайықты шыдамдылық пен төзім таныта білді. Тәуелсіздік жылдары ел еңсесін тіктеу жолында да көптеген жұмыс атқарылды. Қазақстан халқы бір қолдың саласындай, бір үйдің баласындай болып, барлық жерде ынтымағы мен бірлігін танытты. Татулық бар жерде тұрақтылық болатынын, ал тұрақтылық орнаған жерде береке болатынын дәлелдеді. Бауырлас елдер мен көршілес елдердің арасында түсініспеушілік туындап жатса, ынтымақтасуына ұйытқы болып келеді. Қазір дүние жүзі 130-дан астам ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына жұмылдырған мемлекетімізге қызыға қарауының себебі де осы болса керек.

Тарих беттерінен еліміздің талай қиын кезеңнен өткенін байқаймыз. Бар тірлікті жаңадан бастаған мемлекетіміздің алдында көптеген жаңа асуларды бағындыру, заң қабылдау, жұмыссыздықты шешу, тұрғындардың хал-ахуалын арттыру, ел экономикасын дамыту сияқты алуан белестерден алқынбай өту міндеті тұрды. Ең бастысы, халқымыз жасымай, келер күнге үлкен үміт артып, талмай-тынбай еңбектене отырып, осынау қиын жылдарды асқан төзімділікпен еңсере білді. Расымен, тәуелсіздік – бұл бүгінгі өміріміз ғана емес, сонымен қатар ертеңгі өміріміз Қазақстанның болашағы, оның мүмкіндіктері мен мақсаттары. Алауыздықтан ада, бірлігі жарасқан, келешегі кемел Қазақ елі қашан да бейбіт өмірге лайықты.

Тарихқа терең бойлаған жан осы шексіз байлық жолында батыр бабаларымыздың талай қиын күндерді басынан өткергенін анық біледі. Сондықтан басымызға біткен бұл бақтың қадіріне жету сіз бен бізге байланысты екені тағы ақиқат. Кешегі арыстарымыз Мағжандар сенім артқан жастардың қолында бұл елдің болашағы. Сондықтан бүгінгі буын осы тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуы жолында үлкен еңбек етуі керек. Біз алдыңғы буыннан осы тағылымды алдық. Келер буынға да осы бір өсиетті аманаттау және соған бізден кейінгі буынның күш салуына жауапты екенімізді сезінеміз.

Жалағаш ауданының әлеуметтік жағдайы тәуелсіздік жылдарының басында қандай еді? Қазір қандай? Міне, бүгінгідей үлкен жетістікке біз ауызбіршіліктің арқасында жеттік. Осы дәстүрдің жылда қайталануының арқасында өңірімізде қай саланы алып қарасаңыз да серпін барын аңғарамыз. Мұның бәрін біз ел егемендігімен байланыстырамыз.

Н.АЛМАСҚЫЗЫ


13 сәуір 2021 ж. 384 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 710

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031