ЕЛ ТӘУЕЛСІЗДІГІНЕ 30 ЖЫЛ
Биыл ел тәуелсіздігінің отыз жылдығы. Осы уақыт ішінде жас мемлекетіміз талай асудан асып, биік белестерді бағындырды. Әлемге Қазақстанды танытатын үлкен тарихи оқиғалардың бастамашысы бола білді. Қанатын кеңге жайған жас мемлекет дәуірлік өзгерістерден тайсалған жоқ. Қанында қайсарлық бар текті халық екенін дәлелдеді. Тәуелсіздік – қиындықпен келген құндылық, тәңірдің сыйы. Мәңгілік ел болуға талпынған халқымыздың мәңгілік мұраты. Еліміздің тәуелсіздігі ежелден еркіндік аңсаған дана халықтың санғасырлық нәубетінің жемісі.
Жуырда аудандық кітапханада ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Рухани жаңғыру – ұлттың ұлы мұраты» тақырыбында кітап көрмесі өтті. Жастарды елжандылыққа, отансүйгіштікке, патриоттық рухқа тәрбиелеу, ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған көрмеде тәуелсіздіктің баянын, бүгінгі жас буынға азаттықтың қасиетін дәріптейтін туындылар қойылды. Кітап көрмесінде тұңғыш президентіміз Н.Назарбаевтың «Елімен сырласу», «Тәуелсіздік белестері», «Тәуелсіздік шежіресі», М.Қозыбаевтың «Киелі Тәуелсіздік», М.Жолдасбековтің «Тәуелсіздік тағылымы», К.Адырбектің «Тәуелсіздікке талпыныс», Қ.Сұлтановтың «Серпінді кезең» М.Тоқашбаевтың «Тәуелсіздік тынысым» атты кітаптары орын алды. Көрмеге қойылған кітаптармен танысқан жастар тәуелсіздік тарихынан тағы да хабардар болып, бостандыққа қолжеткізу жолында күрескен аға-әпкелерін еске алды.