» » НАР ЖОЛЫНДА ЖҮК ҚАЛМАЙДЫ

НАР ЖОЛЫНДА ЖҮК ҚАЛМАЙДЫ

Орта бойлы, жауырыны қақпақтай, екі иығына екі адам отырардай палуан денелі кісі көше бойындағы тротуармен аяңдап кетіп барады. Көбіне көлікке мінбей, жаяу жүреді. Еңсесі тік, жүрісі ширақ. Көрсем, тоқтап сәлем беремін. Дауысы да денесіне сай, зор. Гүрілдеп амандық сұрап жік-жапар болады. Өзінен кейінгі інілеріне үнемі тілеуқор болып жүреді. Ол – өзінің алдындағы ағаларынан алған өнегесі.

Менің айтып отырғаным – ауданымыздың құрметті азаматы, ақылшы ағамыз, ішкі істер органының ардагері, полиция подполковнигі Базарбай Ержанов. Базекең ұзақ жылдар бойы аудандық ішкі істер бөлімінде қызмет атқарып, қоғам тыныштығын күзетсе, қазір аталған саладан зейнеткерлікке шығып, елдің ақсақалына айналды. Қоғамдық басқо­суларда елдің сөзін сөйлеп, жоғын жоқтаса, жиын-тойларда аталы сөзін айтып, халықты ауызбіршілікке шақырып, ұйыстырып отырады.

Ағамыз ішкі істер органындағы қызметін 1973 жылы қатардағы тәртіп сақшысы болып бастайды. «Әке көрген оқ жонар» дегендей, ағамыз кішкентайынан әкесінің тәлімін алып, қатаң тәртібімен ержетті, алқалаған ақсақал­дардың ақыл-өсиетін тыңдап өсті. Бала Базар­бай­дың арманы тезірек ержетіп, әскерге атта­нып, Отан қорғау және одан елге оралған соң милиция қызметкері болып, ел ішін ұры-қарыдан тазарту, бір-біріне әлімжеттік қылып, үстемдік етушілерді тәубесіне келтіріп, әділдік орнату еді. Сол арманы орындалып, небары жиырма бір жастағы балаң жігіт қызметіне белсене кірісті. Күні-түні кірпік ілмей ел ішінің тыныштығын күзетті, шақырту түскен жерге уақытылы жетіп, қаншама қайғылы оқиғалардың алдын алып, қылмыскерлерді құрықтады, қаншама бұза­қыны тәртіпке салды. Физикалық тұрғыдан да өте қабілетті болды. Үнемі өз тұлғасына мән беріп, денесін шынықтырып, спортпен бел­сен­ді түрде айналысып, қызметтік жолына ақыл-айласын, күш-қайратын, жастық жігерін ар­нады, тәжірибе де жинақтады. Жалпы ол кезде милиция қызметкерінің мойынында үлкен жауапкершілік болатын. Өз басына қауіп төнсе де, қылмыскердің қолындағы қаруды тар­тып алып, жазықсыз жанды құтқаруға тиіс. Сол үшін де халық әркез оларды қорған көріп, сенім артады және құрметтейді. Яғни қоғам тыныш­тығы, әрбір азаматтың амандығы үшін басын қатерге тігеді. Алайда, жас милиционерге бәрібір бірдеңе жетпей тұрушы еді. Ол – арнаулы білім.

Сонымен, Базарбай Ержанов 1977-1979 жыл­дары КСРО Ішкі істер министрлігінің арнаулы мектебінде білім алып, Жалағаш аудандық ішкі істер бөліміне лейтенант шенін алып оралды. Жас милиционер екі жыл оқып, өз саласына қа­жетті білім алды және өз бойындағы талабы мен тәжірибесіне сол білімін ұштастырып, бұрынғы қызметіне тың серпін, жаңа бағытпен кірісті.

Базарбай Ержанов көбіне аудан орталығынан қашық ауылдарда учаскелік инспектор қызме­тінде болды. Кеңестік тәртіп темірдей қатаң болғанымен, ел ішінің телі мен тентегі болмайды емес, болады. Базекең солардың көбін тезге салып түзетті, шу асауларын жуасытты. Әрине, заңмен ғана. Кейде ер азаматтың болма­шыға сөзбен шекісіп қалып, артынан сөзбен шеше салатын да кездері болады. Өзінің жауап­кершілігіне қарайтын аймақтардағы ұсақ бұ­за­қылық, топтық төбелес болсын, жеке дара төбелес болсын, бір-бірін мерт етпесе, бас жары­лып, көз шықпаса, өзара ымыраға кел­ген жігіттерді Базекең аудан орталығына сүйреп әурелемейтін. Өзінен кіші болса, ақыл-кеңесін айтып, үлкен болса, ақсақалдардың талқысына салады. Ал жай сөзге де, жұдырыққа да илікпейтін, ауыл-елдің ішіне бүлік салып, жұрттың әбден берекесін қашырып, үрейін ұшырып, қан қақсатқан қандықол қарақшылар мен кәнігі ұрыларды ұстап, заң орындарына тапсырады. Негізі Кеңес үкіметінің заңы ұзақ бұзақылық жасаған адамды да кешірмейді. Түнде ішімдікке сылқия тойып алып, тәтті ұйқыда жатқан тұрғындардың тыныштығын бұз­ған адам сот залында жауап беруі тиіс. Бірақ ауылда өскен Базекең ондай майда-шүйдені өзі-ақ шешіп, ауылдан шығармайтын. Оның үстіне ауыл ақсақалдарының шешіміне құлақ асатын. Өзінің соңынан ерген қызметтес інілеріне де үлкеннің алдынан кесе өтпеуді, халықты құрметтеуді, оларға адал қызмет ету керектігін айтып отырады. Базекең қызметке келген алғашқы жылдары Мәдениет, Жаңаталап, Аққыр ауылдарында болды. Сол жақтағы елмен етене араласты, қариялардың ризашылық батасын алды, ел ағаларының ақыл-кеңесін тыңдады. Сондай-ақ ол кісі ел ішінің тыныштығы жолында ғана жұмыс істеген жоқ, қай ауылда болса, сол өлкенің тарихын, ақсақалдардан естіген өміріне ғибрат болар ескі әңгімелерді да жадына жазып жүрді.

1987 жылы Базарбай Ержанов талапқа сай жабдықтап, айналасын көгалдандырған Мәдениет ауылындағы қоғамдық тәртіп сақтау тірек пунктінде облыстық ішкі істер басқармасы басшылығының шешімімен барлық аудандық ішкі істер бөлімінің қызмет жөніндегі орынбасарлары мен учаскелік инспекторлардың облыстық семинар-кеңесі өтеді. Осы семинар-кеңестен кейін аға учаскелік инспектор, милиция капитаны Базарбай Ержановтың іс-тәжірибелері облыстың барлық аудандық ішкі істер бөлімдеріне таратылды. Содан үш жылдан кейін, яғни 1990 жылы Базекең қылмыстың алдын алу мен құқық бұзушылықтармен күресте облыс көлемінде алдыңғы қатарда болғаны үшін «Қазақ КСР Ішкі істер министрлігінің үздік учаскелік инспекторы» құрметті атағына ие болды. Базарбай ағамыз жабдықтаған облыс көлемінде ауылдық жерлердегі бірден-бір жоғары талапқа сай болған тірек пункті әлі бар. Бірақ жеке адамның қолына өтіп, басқа мақсатқа пайдаланып отыр. Ауласындағы ағамыз өз қолымен отырғызған тал-теректер бүгінде жайқалып өсіп, саялы баққа айналған. Ауыл адамдары бұл ағаштарды «Базарбайдың бағы» деп атап кеткен.

– Қай қызмет те адамға абырой әкелуі тиіс. Бірақ кез келген мамандық иесі абырой-атақ үшін жұмыс істемеуі керек. Қызметіне жауапкершілікпен қараған, керек десеңіз, сол жолда жанын да аямайтын адамның соңынан абырой-атақ өзі-ақ қуалап жүріп тауып алады. Сол жылдардағы милицияның аға учаскелік инспекторы, милиция майоры, бүгінгі полиция подполковнигі Базарбай Ержановты да абырой мен даңқ өзі іздеп тапты. Ол кісі қызмет істеген жылдары өзінің бағынысындағы учаскелік ин­спекторларды өз қызметіне лайық нағыз маман қылып тәрбиелеп шығарды. Олармен әрдайым өзінің басынан өткізген іс-тәжірибесімен бөлі­сетін. Солардың кішкене жетістігіне қуанатын. Ынталандыру мақсатында мадақтауларға ұсы­нып, оларға үнемі қуатты қолдау көрсетіп жүретін. Базарбай Ержанов облыс көлеміндегі мақтаулы аға учаскелік инспектор болды. Ол құқық бұзу­шылықтармен ымырасыз күресті. Бірақ тағы да айтайын, көрсеткіш қуалап, ешкімге де қиянат жасаған жоқ, – дейді Базекеңнің қызметтес інісі, ішкі істер саласының ардагері Болатбек Нұржанов.

Базарбай Ержановтың өз қызметін адал әрі беріле атқарғанын жоғарыда айтып өттік. Халыққа қорған болатын милиция қызметіне жауапсыз, сужүрек, физикалық, психологиялық тұрғыдан әлсіз адам келмейді. Базекең 1989 жылы аңшы мылтығымен қаруланып, айнала­сына оқ атып, бейбіт тұрғындарға қауіп төндірген бұзақымен бетпе-бет келгені бар. Бұл бір азаматтың сынға түсер шағы еді. Әлдекімге кектенген әлгі бұзық қолына қос ауыз мылтығын алып, «Қырам, жоям!» деп жүк мәшинесін мініп алып тарта жөнелген. Әйелі, «Ойбай анау мылтығын алып, атамын, өлтіремін деп кетті» – деп кеңсеге, учаскелік милиция Базекеңе келеді. Ойланып тұратын уақыт жоқ еді. Базекең дереу сол жерде директордың жеңіл «УАЗ» автокөлігін мінді де, бұзақының соңынан қуа жөнелді. Қасына автомеханик пен шопырды алды. «Тездет» деді шопырға мәшинеге мінгесін. Сәлден соң-ақ жүк көлігін мінген бұзақыны қуып жетті. «Ақымақ болма, тоқта, қайт» деді Базекең терезеден айғайлап. Ол Базекеңнің айтқанына тоқтамады, қайта өзіне доқ көрсетті. «Әй, Базарбай, қал, мен оларды өлтірмей қайтпаймын, қал, қалмасаң сені де атамын» деді ол. Қалайда бұзақыны құрықтау керек, әйтпесе осы қарқынмен расында қайғылы оқиғаға ұшырайтыны белгілі еді. Базекең өз тәжірибесіндегі үйреншікті дағдысымен тез шешімге келді. Қандай әдіс-амалдарды қолдану қажеттігін басында жылдам сараптады да шабуылға шықты. «Бас, көліктің қатарына шық, қатарлас» деді шопырға. Ойы көліктер қатарласқанда секіріп жүк мәшинесіне міну еді, әрі қарай жағдайға қарай көреді. Бұзақы бұлардың ойын білгендей көліктер қатарласа бергенде алдына шығып, оздырмады. Бірақ бұлардың қалмайтынын біліп, сондай жерге барып, тоқтады. Жеңіл көлік те жақындап барып тоқтады, аралары он-он бес метрдей. Бұзақы жүк көлігінің терезесінен мылтығын шығарып, «Базарбай, мен саған қал дедім ғой, мен оларды өлтірмей қайтпаймын, оларды өлтіремін, сосын өзім барамын мілитсаңа, дабай, қал, әйтпесе сені де атамын» деді айғайлап. Базекеңнің айтқан тоқтау сөзін ол құлағына да қыстырмады, қаны қарайып алған ол мылтықты кезене берді. «Мен саған ескерттім, ренжіме, Базарбай» деді ол айғайлап. Мылтық гүрс еткенде шопыр механик екеуі не болғанын түсінбей қалды. Базекеңнің мойынын, оң иығын қан жуып кеткен екен. Шопыр қорқып кетті, «Базеке, сіз жараландыңыз, қайтайық» – деді. Базекең дереу көліктен түсті де, жүк көлігіне қарай жанұшыра жүгірді. Кабинада отырған бұзақыны екінші рет атуға үлгіртпей мылтығымен қоса жұлып алды, екеуі алыса кетті. Алыс-жұлыс ұзаққа созылған жоқ, өзінің үйреншікті әдісімен оны жерге алып ұрды да, беліндегі белбеуін шешіп, қолын қайырып, байлап тастады. Осының бәрі қас-қағым сәтте болғаны соншалық, шопыр мен механик не істерін білмей естен танғандай тұрып қалыпты. «Әй, неғып тұрсыңдар, келіңдер, мынаны мәшинеге салайық» дегенде естерін жиды. Базекең ет қызумен білмепті, оң иығының қақсап ауырғанын бәрі аяқталғасын барып сезінді...

Базекең ауруханаға келгенде білді, мойы­нына, иығына бір шоқ бытыра келіп тиген екен. Қайта көліктің есігіне қабаттаса тиіп, Құдай сақтапты. Кейін осы бытыраларды әскери госпитальда алды, бес-алты түйірі Базекеңнің иығында әлі жүр. Сол жарақаттан соң ұзақ уақыт емделіп, қатарға қосылып, құқық бұзушылықпен күрестің шепсіз майданына қайтадан араласты. Еңбек пен ерлік ескерусіз қалған жоқ. Сол жылы Базарбай ағамыз КСРО Жоғарғы Кеңесі президумының Жарлығымен «Жеке ерлігі үшін» орденімен марапатталды. Елің үшін еткен ерлік те, еңбек те адамға абырой әкеледі емес пе, Базекең бұл марапатқа лайық еді. Ағамыздың жұлдызды шағы әріптестерінің әлі көз алдында. Сол жылы КСРО халық депутаты Мұхтар Шаханов, Қазақ КСР халық депутаты Биғали Қаюпов, облыстық ішкі істер басқармасының бастығы генерал-майор Есен Демесінов келіп, аудандық мәдениет үйіндегі салтанатты жиында омырауына орденді өз қолымен тағып еді. Сонда марқұм Есен Демесінов ағамыз «Облыстың ішкі істер саласында «Жеке ерлігі үшін» орденімен марапатталған осы Базарбай ғана» дегені әріптестерінің есінде.

Қай салада да басшылық қызмет атқару оңай емес. Басшылық қызметтің құзіреті тек қарамағыңдағы адамдарды түгендеп, тапсырма, бұйрық беріп отырумен ғана шектелмейді. Сол ұжымның тәртібі мен бірлігін сақтаумен бірге, қаржылық жағдайын да шешіп отыруға тиіссің. Сонда ғана нағыз басшыға лайық құрметке бөленесің. Базарбай ағамыздың тоқсаныншы жылдардың басында аудандық ішкі істер бөлімінің жанындағы күзет бөлімшесін басқарып тұрған кездегі мемлекет қамқорлығынан тыс, яғни бюджеттен бір тиын қаржы қаралмайтын мекемені аяғынан тік тұрғызғанын бүгінде сол саланың ардагерлері жырдай қылып айтып жүр. Күзет мекемесінің жұмысы ауыр екені белгілі. Қызметкерлері күндіз-түні ұйықтамайды. Нарықтың алқымнан алып тұрған кезінде мекеме қызметкерлеріне жалақы тауып беру де оңайға соқпайды. Сол қиын кезеңдердегі Базекеңнің мекеменің есебіне түскен күрішті базарға өзі сатып, қызметкерлеріне айлық жалақы қылып таратып бергені бүгін аңыздай әңгіме. Тіпті сол ұжымнан зейнеткерлікке шыққан ардагерлерге сол жылдары екінің, тіпті мыңның қолы жете бермейтін түрлі-түсті теледидар сыйға беріп, құрмет көрсетті. Осындай үлгілі қызметтері үшін Базарбай Ержановқа милиция подполковнигі шені берілді.

Иә, ата-бабаларымыз «Нар жолында жүк қалмас» деген. Базекең қандай қызметте жүрсе де қайыспас қара нардай саланы алға сүй­реді, ол қай жерге барса, сол жердегі жұмыс жанданып, берекесі кірді. Өзінің еңбек жолында арнаулы комендатурада аға инспектор, учаскелік инспектор, аға учаскелік инспектор, күзет бө­лім­шесінің бастығы лауазымдарында үлгілі қызмет еткен Базарбай ағамыз абыройына қы­лаудай дақ түсірмей, 2000 жылы полиция подпол­ковнигі шенімен зейнет демалысына шықты. Оның ішкі істер органдарында ұзақ жылдар үлгілі еңбек етіп, тер төккені ескерусіз қалған жоқ. Әр жылдары «Қазақ КСР Ішкі істер министрлігінің үздік учаскелік инспекторы» құрметті атағымен, «Жеке ерлігі үшін» орденімен, КСРО Ішкі істер министрлігінің І,ІІ,ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медальдарымен, «Кеңес милициясының үздігі», «КСРО Ішкі істер минис­трлігінің үздік қызметкері» төсбелгісімен және көптеген “Құрмет” грамоталар, алғыс хаттармен марапатталды. Еңбек демалысына шыққаннан кейін де «Қазақстан полициясына – 20 жыл» медалімен және Ішкі істер министрлігінің қыз­мет салалары бойынша бірнеше мерекелік төсбелгімен де марапатталды. Қазірде Базарбай ағамыз зейнет жасындамын деп үйде отырған жоқ, аудандық полиция бөлімінің ардагерлер кеңесінің төрағасы болып, қоғамдық жұмыс атқарып жүр. Аудандық полиция бөлімімен тығыз байланыс орнатып, сала ардагерлерінің ұсыныс-пікірін басшылыққа жеткізіп, мұң-мұқтажын ше­шуге мұрындық болып келеді. Сондай-ақ жеке кү­зет фирмасын басқарады. Жары Тұраш апай екеуі аудандағы үлгілі отбасы. Ұл-қыздарынан өр­біген немере-шөбересінің тілеуін тілеп, қадір­менді қарияға айналған ағамыздың саналы ғұ­мы­ры өскелең ұрпаққа үлгі.

Тұрақ Адисұлы,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі


21 желтоқсан 2021 ж. 340 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 760

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930