ПОЛИЦЕЙ ҚЫЗ Аудандық ішкі істер бөлімінде қоғамдағы тыныштықты сақтауға үлес қосып жүрген сақшы әйелдер де бар. Соның бірі – штаб тобының аға инспекторы, полиция майоры Құралай Мақсұтқызы.Оның бұл саладағы жалпы еңбек өтілі 10 жылға жуықтапты. Осы уақыт аралығында ер азаматтармен бірге иық тіресе жұмыс атқарып, талай қылмыстың ашылуына, құқықбұзушылықтың алдын алуға мол үлесін қосты. Жастайынан тәртіп сақшысы армандаған Құралай – кент орталығындағы №202 орта мектепті тәмамдаған соң, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне заңгер мамандығы бойынша оқуға түседі. Оқуды ойдағыдай аяқтап, аудандық көші-қон полициясында азаматтардың жеке куәлігін рәсімдеуші болып жұмысқа орналасады. Онда 10 жылға таяу жұмыс жасап, еселі еңбегі үшін түрлі «Алғыс хаттармен» марапатталды. Кейін, бала күнгі арманы құқық қорғау саласына келді. Бүгінде осы салада қажырлы еңбек етіп, қоғамның тыныштығын қамтамасыз етуде аянбай еңбек етіп жүр.– Бұл 2009 жыл болатын. Мұнда келгенімде алғашқы жұмыс күндерім айтарлықтай оңай болмады. Себебі, азаматтардың құқығын қорғау, қоғам тыныштығын сақтау бағытында көптеген іс-шаралар, рейд жұмыстары, оқу-жаттығулар ұйымдастырылады. Бірақ, алға қойған мақсатымды орындау үшін, өзіме жүктелген міндетті мінсіз орындауға бекіндім. Жұмысқа қабылданғаннан кейін, кәмелетке толмаған жасөспірімдердің істері жөніңдегі мектеп инспекторы, аға инспекторы, одан кейін де осы бөлімде белгілі қызметтерде болып, абыроймен атқаруға тырыстым. Басшылық тарапынан еңбегімді бағалап, облыстық ішкі істер департаменті, аудандық ішкі істер бөлімі және аудан әкімдігі тарапынан көптеген марапатқа ие болдым. Салғырттықты көтермейтін бұл салада көптеген апа-әпкелеріміз жұмыс жасаған. Бүгінде, солардың сара жолын жалғап келе жатқан қыз-келіншектер баршылық. Барлығы да өз ісінің шебері, білікті мамандар, – дейді Құралай Мақсұтқызы. Иә, бүгінде нәзік жанды полиция қызметкерін көру таңсық емес. Оған көзіміз де үйреніп кетті. Тіпті, уақыт өткен сайын тәртіп сақшысы мамандығын меңгерген қыз-келіншектердің қатары артуда. Полицияда қызмет атқару оңай емес екендігі белгілі. Бұл сала ішкі істер органы болғасын ерлер немесе әйелдер болып бөлінбейді. Ереже, тәртіп бәріне бірдей. Құралай да ерлермен тең дәрежеде қызмет атқарып, кейбір ер азаматтар аса алмайтын асуларды бағындырған аяулы жан. Майор дәрежесін алу оңай емес екенін жақсы білеміз. Оған жетер жолда білім мен тәжірибе жеткіліксіз, сонымен қатар ерлік пен батырлық та бойыңнан табылуы тиіс. Айта кетейік, 8 наурыз халықаралық әйелдер мерекесінде ҚР Ішкі істер министрлігі Құралайға арнайы алғыс білдіріп, марапаттамақ. Бұл да еселі еңбектің жемісі деуге болады.Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ,Маханбет АХМЕТОВ (сурет). Қоғам 07 наурыз 2018 ж. 1 912 1
Пікір 1