» » Мақсаты айқын, жұмысы жүйелі

Мақсаты айқын, жұмысы жүйелі


ХІХ ғасырда Сыр бойында діни ілімді дәріптеп, ілім құдіретін бойына жиған жан аз емес. Солардың бірі – Мырзабай ахун. Атақты ахунның заманында әулиелігімен, діндарлығымен танылғанын бүгінде ел жұрт тегіс біледі. Ол кісінің ерекше қасиеттерін айқындай түсетін небір аңыз-әңгімелер де ел аузында жүр. Мырзабай ахун ел ішінде беделді, сыйлы болғаны сонша алдынан ешкім кесе өтпейтін. Өте білімді Мырзабай ахунның алдында төселіп сөйлеп кету екінің бірінің қолынан келмесе керек.

Ахунның өмірдерегін зерттеген ғалымдардың сөзінше, ауылда мұсылманша сауат ашқан Мырзабай «Көкілташ» медресесіне 16 жасында оқуға түсіп, оны 1854 жылы үздік бітіріп, «ахун» атағын алып шыққан екен. Қазіргі зерттеушілердің айтуынша, ахун – жеті ілімді меңгерген адам немесе жеті ғылыми жұмысты қорғаған жан. Бұлай айтуларының да себебі бар. «Сол кездер­де «Көкілташ» медресесінде аспан әлемі, мате­ма­тика, медицина, жағрафия, философия, жараты­лыстану және дін ілімі тереңдетіліп берілген» дейді мамандар. Осылардың барлығын меңгеріп шыққан маманға «Ахун» атағы беріледі екен.

Осыншама ғылымды меңгерген Мырзабай ахун 4 жыл сол «Көкілташ» медресесінде сабақ береді. Содан кейін білім нұрын өзге аймақтарға таратайын деген ол Сыр өңіріне келмес бұрын, Әмудария жағасына қоныс тепкен, Беруни қала­сының маңындағы Тақтакөпір деген жерге келіп, Қалжан ахунның әкесі Бөлекбай батырдың ауы­лын сағалаған екен. Өйткені Сыр бойындағы ха­лық отырықшылыққа бейімделе қоймаған, бала оқытуға мешіт салмаған көрінеді. Ал Қарақалпақ жерінде мешіттер болыпты. «Оның сол жақта білім беріп жүргенін естіп қалған Ораз ахун оны елге алып келу үшін барады. Сонда Сыр өңірінде мешіттердің салынғалы жатқанын, жалынды жас­тар­дың бар екенін, байлардың оған қаржы құятынын есті­ген. Сөйтіп елге оралады. Осындай ел ішінде беделі артқан ахун атындағы ауылдың тыныс-тір­шілігін көзбен көріп қайтуды жөн көрдік.

Берекелі бейсенбі күні ауылдарға сапарымызды жалғастырып, тіректі ауыл Мәдениетпен іргелес жат­қан Мырзабай ахун ауылына бет алдық. Жұмыс күні басталысымен аталған ауылға жұмыс сапары­мен атбасын бұрған біздер көптен көрген ұлы той демекші, ауыл тұрғындарының ұлан-асыр сабантойының куәсі болдық. Халық қуанышы еселенген күні Мырзабай ахун ауылы әкімімен жүздестік. Киелі мекеннің қазіргі әкімі Әліби Бай­на­хатов та жыл бойы атқарған шаруаларының түйі­нін тарқата кетті.

– Осы ауылдың тыныс-тіршілігімен бала кезім­нен таныспын. Сондықтан бұл ауылға әкім болып сай­ланған маған ауыл тұрғындарымен тығыз байланыс орнату аса қиындық әкелген жоқ. Ел болған соң мәселе туындамауы мүмкін емес. Қордаланған мәсе­лелер жетерлік. Бірақ елдің егесі атанған соң, артылған жүкті жауапкершілікпен арқалап, түйінді істердің шешімін табу менің міндетім екенін білемін. Бұл қызметке дейін де Таң ауылдық округінде бас­шылық қызметте болдым. Сол кезде іргелес жатқан Сырдария ауданы, Н.Ілиясов ауылын көріп, менің ауылым да осылай көркейсе деген ниетте бол­ған­мын. Қазақтың бас ақыны Абай атамыздың «Бол­масаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз. Он­дай болмақ қайда деп, айтпа ғылым сүйсеңіз» де­ген қуатты сөзі еске оралған сайын Мырзабай ахун ауылының да ажарын арттырып, игі істердің жал­ғасын табатынына сенемін. Ауылдың ажарын арттырып, көркейту-көгалдандыру жұмыстарын жү­йелі түрде жүргізу күн тәртібінен түспейтін мәселе, – деді ауыл әкімі Әліби Қодарұлы.

Иә, Мырзабай ахун ауылының даму бағдарына көз салған біз кәсіпкерлікке бет бұрғандардың баршылық еке­нін байқадық. Ауыл халқының мем­лекеттік бағдарламалармен кәсіп ашуға ын­тасы жоғары. Мәселен, Мырзабай ахундық 4 азамат қысқа мерзімді кәсіптік оқуды тәмамдап, төртеуі де бүгінде салада үлкен табысқа қол жеткізіп отыр. Мұнан бөлек 3 азамат пайыздық үстемақысы тө­мен несие алып, өз ісін өрістетіп отыр.

Қазір жұмыссыз азаматтардың да іс бастауына мемлекет бар жағдайды жасап отыр. Бұл мүм­кіндікті де Мырзабай ахундықтардың құр жібер­гісі жоқ. Мәселен, жыл басынан бері 6 адам қайтарымсыз грантқа қол жеткізіп, бүгінде жарқын жобаларының жемісін көріп отыр.
Аядай ғана ауылдың тіршілігін тұралап қал­ды деу­ге келмейді. Үш көшеге жарықтандыру жұмыс­тары жүргізілсе, ауыл тұрғындары үшін ауыз су, аяқ су­дан мәселе туындамайды. Келер жылдың еншісіне қал­дырылған әлі талай жұмыстың шеті шығып тұр. Бұл ту­ралы азын-аулақ әңгімелеген Әліби Байнахатов екі көшеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетінін, ойын алаңының жасыл төсеніші ауыстырылып, құны 302 млн теңгеден асатын ауылдық клубтың құрылысы үшін жоба-сметалық құжаттары әзірленгенін атап өтті.

Дамуға бет бұрған ауылда айтарлықтай мәселе барын байқамадық. Ауыз су, аяқсу, жарық, жол мәселесі де кезең-кезеңімен шешімін тауыпты. Ауыл әкімі де бастысы алға қойған мақсат барда атқарылатын істер де толастамайтынын айтады. Тіректі ауылмен иық тіресіп тұрған ахун атындағы ауылда ахуал да тұрақты.

Айтпақшы елді мекенде балабақша құрылысы қарқын алыпты. Бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыруда бұл нысанның да маңызы зор екенін жақсы білеміз. Ал ауылдағы білім ошағының түлектері жыл сайын мемлекеттік грантпен оқуға түсуді дәстүрге айналдырған. Татулықты ту еткен ауылда алдағы жылы да бірнеше жобаны жүзеге асыру жоспарда бар екен. Ал елді мекендегі “Егінші” ЖШС ауылда қайырымдылық шараларынан шет қалмауды дәстүрге айналдырған.

Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ



27 желтоқсан 2021 ж. 595 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 760

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930