Мырзабай ахун


СӨЗ БАСЫ

Үлкені кішісіне ізет, кішісі үлкеніне құрмет көрсетуді өмірлік ұстанымға айналдырған Жалағаш жұрты киелі қасиетті санайтын орындар мен әулие-әнбиелердің ортасында отыр десек те болады. Аудандық «Жалағаш жаршысы» газеті жаңа жоба бас­тап, тарихи орындар жайлы һәм батырлар мен билер, қасиет қонған адамдар туралы жазуды қолға алды. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалаларымен астасып жатқан идеялардың астарында келер ұрпақ үшін ғибрат боларлық дүние көп. Ең бас­тысы, соларды жиып-теріп, оқырманға ой салатындай етіп ұсына алсақ, біздің мақсатымызға жеткеніміз.
Бүгінгі әңгімені мақаланың тақырыбы айтып тұрғандай Мырзабай ахуннан бастағанды жөн көрдік. Өйткені бұл кісі дін жолында жүрген, айналасына білім шапағатын тигізген, өнегелі өмірі арқылы көпке үлгі болған жан.
Редакция көлігімен заулап келеміз. Жанымда жүргізуші мен менеджер бар. Тілшілердің газетке дайындайтын мақалалары болғандықтан бұл сапардан шет қалды. Күннің аптап ыстығы дәлдеп түссе төбеңді оярдай-ақ болып тұр. Жаздың самалы кеш болмаса, түс уақытында желдің тұруы неғайбыл. Қос есікті Ниваның қос терезесін түбіне дейін түсіріп қойғанбыз. Кенттегі теміржол өткелінен аспай-ақ кенеземіз кеуіп барады. Жолға деп алған судың басын осы арада қотардық. Тіпті кейбір ыдысқа мұз қатырып алғанбыз. Терезеден терімізді кептірердей ыстық ұрып тұр. Өзімше “Мына күннің қызуын-ай, әлден жанып тұр ғой” деп келе жатып, Жалағаштың арғы-бергі тарихы жайлы ойлана бастадым.
Дүйім жұрт киелі мекен санайтын Жалағаш жері – Алашқа ана болған Сыр өңірінің қастерлі де қасиетті орындарға бай аудандарының бірі. Түп тарихы тереңде жатқан өңір бұрыннан құт дарып, бақ қонған өлке. Шығысы Сырдария, батысы Қармақшы ауданымен, теріскейі Жезқазғанға жалғасып, түстігі Қарақалпақпен қабаттасып жатыр. Бұл жерден еліміздің кемел келешегі үшін аянбай еңбек еткен, сол жолға саналы ғұмырын арнаған мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, ағартушы-ұстаздар мен ғалымдар шыққан. Сәрке, Бұқарбай, Бәйтік, Тоғанас батырлар ел қорғаны болса, бабаларымыз Сырман қожа, Түмен, Мәмбет, Беркімбай әулиелер, Мырзабай, Дәулетназар, Тоқсанбай, Шаймағамбет пен екі ауданға ортақ тұлға Қалжан ахун өмір сүрген, әруақ қонған киелі өлке талай берекелі істердің бастауында тұр. Бұл өңірде өмір сүрген ақын, күйші, жыршы, ғалым мен ерекше дарын иелері аз емес. Қара сөзден дес бермеген Құба би, Бекіш, Бостай, Өмірбай шешен, Үбіс, Мысық, Алданазар, Асан, Шортанбай, Тынымбай билерден аталы сөз қалған. Ұлт болашағы, ел келешегі үшін елеулі еңбек етіп, ізгілік туын жоғары ұстаған абзал азаматтар да осында. Сыр сүлейлерінің шоқтығы биік шоғыры шыққан қасиетті жердің бірі де осы – Жалағаш өңірі. Керейт, Даңмұрын, Нысанбай, Жарылқасын қожа, Шоңбай ақын жыр төккен, Төлеубай Үркімбаев, Әбдікәрім Оңалбаев, Әбілда Жүргенбаев, Зордан Салықбаев отты өлеңдерімен нұр құйған аймақ бұл. Қоғам қайраткерлері Темірбек Жүргенов, Ілияс Қабылов, Шекер Ермағанбетованың, белгілі журналистер Кеңесбай Үсебаевтың, Әбдірашит Бердәулетовтің, Зейнолла Жарқынбаевтың, әдебиет зерттеушісі Мардан Байділдаевтың кіндік қаны тамған жер. Еңбектің ерен үлгісін көрсеткен Исатай Әбдікәрімов, Несіпбай Әпрезов, Алдаберген Бисенов, Ұзақ Еспанов, Қазына Жүсіпова, Тұршабек Елеусінов, Ысқақ Жолмырзаев Еңбек ері атанған аймақ та осы өлке. Ауыл шаруашылығының білгір ұйымдастырушылары тұрған жерінде еңбегінің ізі қалған Мөрәлі Шәменов, Далдабай Жалтынов, Камал Бердәулетов, Өмірзақ Тұңғышбаев туып-өскен жер де осы Жалағаш екенін айта кеткен жөн.
Осындай жақсылар мен жайсаңдар туған жерде жұмыс жасаудың өзі түсінгенге бір бақыт. Тарихты адамдар жасайды, ал адамдардың саналы ғұмыры келер ұрпаққа өнеге.

­ДҮНИЕ ­ЖАРАТЫЛЫСЫНА ДІН АРҚЫЛЫ БОЙЛАҒАН

Осылай терең ойдың жетегімен келе жатқанымызда “Мырзабай ахун” мешітіне қалай жеткенімізді де аңғармай қалдық. Алдымен баба мешітінің жанына отырып, Құран оқыдық. Сонан соң сәл әріректе орналасқан мазарына барып, дұға жасадық. Ел ішінде Мырзабай ахун жайлы аңызға айналған әңгіме көп. Сол кезде айтқандары кейін орындала бастаған соң оны діни ілімімен қоса көріпкелділігі де бар деп санайды. Алайда мына жалғанда алдын ала болжауы және айтқандарының нақ келуі неден? Оны бұрынғы ақсақалдар «Ілім-білімнің күшімен болжауы немесе Алла әмірімен келетін ақиқат түсті жоруы» деп отыратын. Ал ахун жайлы зерттеу мақала дайындаған Ыдырыс Жұмағұлов бұл кісіні білімі асқан данышпан, терең ойға, дүние жаратылысына дін ілімі арқылы сүңги алған жан деп санайды.
Мырзабай ахун Азаматұлы шамамен 1832 жылы Жалағаш ауданына қарасты Мәдениет ауылы маңындағы елді мекенде дүниеге келген. Шыққан тегі Кіші жүздің Керейт руы, оның ішінде Арбалы, Абыз болып тарайтын тармағынан. Мырзабай ахунның нақты өмірдерегі ешқандай жазба архивтерде сақталмаған. Тек ахунның немерелері Салхадин, Ғафура, Тельманның шамалауынша, 85 жасында қайтыс болған. Ұрпағы мен ел аузындағы әңгімелерді жинақтап, зерттеп, кітапқа ендірген ғалым Н.Жалғасовтың айтуынша, ­ауыл­да­ мұсылманша сауат ашқан Мырзабай «Көкілташ» медресесіне 16 жасында оқуға түсіп, оны 1854 жылы үздік бітіріп, «ахун» атағын алып шыққан. Қазіргі зерттеушілердің айтуынша, ахун – жеті ілімді меңгерген адам немесе жеті ғылыми жұмысты қорғаған жан. Бұлай айтуларының да себебі бар. «Сол кездерде «Көкілташ» медресесінде аспан әлемі, математика, медицина, жағрафия, философия, жаратылыстану және дін ілімі тереңдетіліп берілген» дейді мамандар. Осылардың барлығын меңгеріп шыққан маманға «Ахун» атағы беріледі екен. Осыншама ғылымды меңгерген Мырзабай ахун 4 жыл сол «Көкілташ» медресесінде сабақ береді. Содан кейін білім нұрын өзге аймақтарға таратайын деген ол Сыр өңіріне келмес бұрын, Әмудария жағасына қоныс тепкен, Беруни қаласының маңындағы Тақтакөпір деген жерге келіп, Қалжан ахунның әкесі Бөлекбай батырдың ауы­­лын сағалаған екен. Өйткені Сыр бойындағы халық отырықшылыққа бейімделе қоймаған, бала оқытуға мешіт салмаған көрінеді. Ал Қарақалпақ жерінде мешіттер болыпты. «Оның сол жақта білім беріп жүргенін естіп қалған Ораз ахун оны елге алып келу үшін барады. Сонда Сыр өңірінде мешіттердің салынғалы жатқанын, жалынды жастардың бар екенін, байлардың оған қаржы құятынын естіген. Сөйтіп елге оралады.
ҰСТАЗ ҺӘМ ЕГІНШІ

Туған жерге оралған ол білім берумен айналысса да өзінің ахун екенін айтпайды. Өйткені ол мақтануды, асып-тасуды бойынан аулақ ұстаған. Тек оның ахундық дәрежеге жеткенін өз замандас­тары Ораз ахун, Қалжан ахун және Алданазар би айтады. Мырзабай ахун елге діни білім беріп, сахилық, әулиелік, емшілік етумен қатар игерген ғылымдарының да жемісін жегізеді. Ешқандай құрылғысыз жұлдыздардың күн сәулесінің түсуінің құпияларын пайдалана отырып, «Пірман арығы», «Жоламан арығы» және өзге көптеген су жолдарын қаздырып, егін салдырады. Сол арықтарды күні бүгінге дейін ел пайдаланып отыр.
Облыстық тарихи-мәдени ескерт­кіштерді қорғау мекемесінің қызмет­кері Еркебұлан Елеуов Мырзабай ахунның айтқандары дәл келгенін жеткізеді. Аңыз бойынша, әулие бабамыз ХХ ғасырдың басында Сырдарияның теріскейінде салынып біткен теміржолға қарап, ойға батып тұрып: «Мағырып пен Машырық (батыс пен шығыс) байланысатын болды деп қуануға ертерек шығар, осы жолдармен бөтен түрлі зиянды әдеттер ел ішіне ендеп кіріп кете ме деп қорқамын»,– деген екен. Алдағы күндерді болжап айтқан мына бір сөздерін де ел әлі күнге дейін аузынан тастамай айтып жүр. Бірде ахун таң намазын оқып болғаннан кейін шәкірттерін жинап: «Маған бүгін әулиелер аян берді. Патша да емес, хан да емес, заманның өзі үш қайтара өзгеріске ұшырайтын болды. Кейбір халыққа ғылымнан, сезімнен, сергектіктен айырылар күн туады. Көздері кіреукеленіп, медресе үйлері мен аспанмен астасқан мешіт мұнараларын көрмей қалмаса болар еді. Мен бұл кезеңде бақилық дүниеде жүрермін, қиыншылыққа сендер душар болатын болдыңдар-ау», – деп мұңға батыпты.
Мырзабай ахун өте еңбекқор жан болған. Төңірегіндегілерге суармалы егіс пен бақша дақылдарын егуді үйреткен. Қолы бос кезінде үнемі егіс басында болады екен.
Бірде атының мойны кетіңкіреп жүрген бір жігіт, ағайындарының ақылымен Мырзабай ахуннан бата алуға келеді. Келсе ол кісі бақша жұмысымен айналысып жүреді. Сәлем беріп, келген шаруасын айтады.­
Сонда Мырзабай ахун кетпеніне сүйеніп тұрып, қолыңды жай дейді.
– Әуелден ақырына дейін берсін, – дейді де «Аллаһуакбар» деп бетін сипап, қайтадан жұмысына кіріседі. Атына қонған жігіт біраз жерге барғасын ойланып, «япыр-ау, мен бата алу үшін соншама жерден келгенімде бұл кісі маған жөнді бата бермеді-ау» деп қайтадан кері оралады. Қайта келіп ренішін айтқан жігітке «Мен саған әуелден ақырына дейін сұрап едім, сол саған аз болды ма?» деп аздаған кейістік білдіріпті. Сол жігіт жағдайы түзеліп, шаруасы оңалып, қазаны оттан түспейтін, келім-кетімі көп ауқатты адамның бірі болған екен.
Денсаулық сақтау саласының ардагері, Қазақстан Журналис­тер одағының мүшесі Раушанбек Смағұлов Мырзабай ахунның келген-кеткен кісілердің пейіл-ниетін де білген әулиелігі болғанын айтады. Бірде ауқатты үш адам «Мырзабай ахун қандай адам екен, көрелік» деп ахунға келеді. Олар келгенде де, ол кісі бақша басында жер шауып жүр екен. Үстінде көйлек-дамбал, басына байлап алған орамал, күнге тотыққан шаруаны көрген ауқаттылар ахунды менсінбей, үйден дәм татыңдар дегеніне қарамай жүріп кетеді. Біршама уақыттан кейін әлгі үшеудің үстіне қара бұлт үйіріліп, дауыл соғып, нөсерлетіп жаңбыр жауып ілгері бас­тырмайды. Болмағасын кейін қайтып ахунға келеді. Келсе ешқандай дауыл,­ жаңбыр жоқ, жайма-шуақ. Әлгілер ахуннан кешірім сұрап, жайған дас­тарханнан дәм татып, қайта жолға шығып, баратын жерлеріне аман-есен жеткен көрінеді.
Мырзабай ахун бірыңғай оқытушылықпен айналысып қоймай, философия, астрономия, психология, медицинаны меңгерген жан.
Қызылқұмда жайлаған Шобдар Шәріптің ұлы Нұржан біраздан бері науқастанып, Мырзабай ахунға алып келеді. Баланың тамырын ұстап, көз жанарын бағдарлаған ахун: «Шырағым, анау өтіп бара жатқан малды қайтарып кел», – деп баланы жұмсайды. Сонда баланың әкесі: «Тақсыр, бұл бала оған жарамайтын шығар?» – дейді. Сонда ахун: «Шырақ, сабыр түбі – сары алтын, сабырлы жетер мұратқа деген бар. «Әліп» әл береді, «Би» берекесін келтіреді, «Си» сенім ұялатады барсын бала», – дейді.
Бала орнынан тұрып, малдың бетін қайтарып, біршама уақыттан кейін үйге келеді. Көптен дене қозғалысынан ауыр­дым деп жүрген баланың өңі кіріп, маңдайы жіпсіп сала берген.
Емнің басын осындай дене қимылынан бастау алып, ақыл-кеңесін беріп шығарып салған. Сол бала кейіннен құлан-таза айығып кеткен көрінеді. Бұл дене қимылы мен үздіксіз еңбектің денсаулыққа тигізер орасан пайдасының бір сарасын көрсетіп отыр. Бірде үш-төрт игі жақсылармен әулие Жәрімбеттің басына барып қайту үшін жолға шығады. Жолай бір ауылда түстеніп отырғанда жара шығып қатты ауырып жатқан баланы көрсетеді. Баланың хәлі өте ауыр. Есеңгіреп сандырықтап жатқан, денесі қол тигізбейтін ыстық екен. Сонда ахун: «Жалбызымның жоқтығынан жалғызымнан айрылдым» деген, баладан айырылып қала жаздапсыңдар ғой, деп жараға таңатын шөпті алдырып таңып бергеннен кейін, «енді көп ұзамай аяғынан тұрып кетер», – дейді. Кейін қайтар жолда әлгі баланың ойнап жүргенін көреді.
Мырзабай ахунның Бұхарада мед­реседе оқитын ұлы дүние салып, соны ахунға естірту үшін Қалжан ахун, Қайқы батыр мен Алданазар би барады. Амандық-саулық сұрасып жайғасқан соң Алданазар би сөз бас­тайды:
– Тақсыр, Алланың ісіне шүкіршілік кімнен мирас болып қалып еді, – дейді.
– Е, Алданазар, шүкіршілік Дәуіт пайғамбардан қалды емес пе, – деп жауап қайырады.
– Тақсыр, сабырлылық кімнен қалып еді?
– Сабырлық Аюб пайғамбардан қалып еді, – дейді ахун.
– Тақсыр, «шейіт» деген сөзді тәржімалап берсеңіз, – дейді би.
– Шейіттер Алланың бұйрығымен, патшаның әмірімен ел-жұртын жау­дан, не тосын апаттан қорғауда, әділет жолында қаза болғандар және осы топқа білім жолында жүрген, сапарда, жырақта жүріп қаза болғандар да жатады, – дейді ахун.
– Төрелігіңізге құлдық тақсыр, білім жолында жүрген балаңыз қайтыс болды деген хабар алып отырмыз. Алла ақырын берсін, – деп көңіл қос айтады.
Сонда Мырзабай ахун көзіне жас алып, ұзақ отырыпты.
Алданазар би:
– Уа, тақсыр, Дәуіт пайғамбар отыз ұлдан айырылғанда да Аллаға шүкіршілік еткенін әлгінде айттыңыз, һәм өзіңіз де сабыр, шүкіршілік иесі едіңіз ғой, – дейді. Мырзабай ахун:
– Уа, игі жақсылар, кешірім өтінемін, бөгетім жығылып кетіп, еркімнен айы­­рылып қалдым ғой, – деп жауап қайырыпты.

Осындай ерекше қасиетті жандар, халықтың жүрегінде сақталып қалады. Өйткені оларды халық аса құрметтеген, қадірлеген, пір тұтқан. Мырзабай ахун жайлы осындай деректерді саралап, Әбжәли ишанның мешіті орналасқан Таң ауылына қарай бет түзедік. Бұл жайында келесі мақаламызда айтатын боламыз. «Жалағаш жаршысының» әр санын асыға күтіңіздер.

Азиз БАТЫРБЕКОВ


15 шілде 2019 ж. 963 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930