» » АҚЫН РУХЫНА АРНАЛДЫ

АҚЫН РУХЫНА АРНАЛДЫ


                                             
Бүгін мәдениет және өнерді дамыту орталығында Жалағаш ауданының 80 жылдығына және “Жалағаш жаршысы” газетінің 85 жылдығы аясында ақын Мәлік Аяповтың 75 жылдығына арналған жазба ақындар мүшәйрасы өткізілді. Жыр додасының ашылу салтанатында кент ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Көштаев жылы лебіз білдіріп, мүшайраға қатысушыларға сәттілік тіледі.

Сыр еліндегі тамыры терең, тарихы кенен, халқы ынтымақты сүйетін, еңбекті ту, бірлікті ұран еткен өңірдің бірі – Жалағаш ауданы. Жалағаш жері ырыс артып, ынтымағы жарасқан, береке-бірлігі көпке үлгі болған, дүбірлі додаларда топ жарған қаншама ел қорғаған батыр мен бидің, ақын-жыршының құтты мекені. Түп тарихы тереңде жатқан өңір бұрыннан құт дарып, бақ қонған өлке. Шығысы Сырдария, батысы Қармақшы ауданымен, теріскейі Жезқазғанға жалғасып, түстігі Қарақалпақпен қабаттасып жатыр.


Бұл жерден еліміздің кемел келешегі үшін аянбай еңбек еткен, сол жолға саналы ғұмырын арнаған мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, ағартушы-ұстаздар мен көптеген ғалымдар шыққан.Сәрке, Бұқарбай, Бәйтік, Тоғанас батырлар ел қорғаны болса, бабаларымыз Сырман қожа, Түмен, Мәмбет, Беркімбай әулиелер, Мырзабай, Дәулетназар, Тоқсанбай, Шаймағамбет пен  екі ауданда ортақ тұлға Қалжан ахун өмір сүрген, әруақ қонған киелі өлке талай берекелі істердің бастауында тұр. Күрішті де ырысты Жалағаш өңірі де өлең, жырдың өресін ұзартып, өркен жайдырған қарымды қаламгерлерге кенде болмаған. Соның бірі де бірегейі, өлең өлкесінде өзіндік өрнегін қалдырған ақын Мәлік Аяпов десек, асыра айтқандығымыз болмас.

Мәлік Аяпов 1944 жылы Жалағаш ауданы, Мырзабай ахун ауылында өмірге келген. Ол Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетінде дәріс алып, өмір бойы шығармашылық жолмен жүрді. Айта кету керек, ол кісі еңбек жолын Жалағаш аудандық газетінде әдеби қызметкер болудан бастап, 40 жыл бойы осында еңбек етіп, редакторы болуға дейін жеткен. Осы жылдары "Көктем тынысы”, "Дала туысқандығы” атты жыр жинақтарын өмірге әкелсе, 2003 жылы Алматыдағы "Үш қиян” баспасынан "Киелі мекен” атты өлеңдер жинағы жарық көрген еді.

Аудандық деңгейде өткізілген шараға 20-ға тарта жас ақын қатысты. Олар жыр бәйгесінде бір арнау өлеңдерін оқып, Мәлік Аяповтың шығармашылығынан бір өлеңнен жатқа айтты.

Жыр бәйгесінің қорытындысын газетіміздің алдағы санынан оқитын боласыздар.

“ЖЖ” ақпарат.

26 сәуір 2019 ж. 1 489 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 766

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930