» » АҚЫН РУХЫНА АРНАЛДЫ

АҚЫН РУХЫНА АРНАЛДЫ

Мәдениет және өнерді дамыту орталығында Жалағаш ауданының – 80 және “Жалағаш жаршысы” газетінің 85 жылдығы аясында ақын Мәлік Аяповтың 75 жылдығына арналған жазба ақындар мүшәйрасы өткізілді. Жыр додасының ашылу салтанатында кент ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Көштаев жылы лебіз білдіріп, мүшәйра қатысушыларына сәттілік тіледі.
Сыр еліндегі тамыры терең, тарихы кенен, халқы ынтымақты сүйетін, еңбекті ту, бірлікті ұран еткен өңірдің бірі – Жалағаш ауданы. Бұл жерден еліміздің кемел келешегі үшін аянбай еңбек еткен, сол жолға саналы ғұмырын арнаған мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, ағартушы-ұстаздар мен көптеген ғалымдар шыққан. Сәрке, Бұқарбай, Бәйтік, Тоғанас батырлар ел қорғаны болса, бабаларымыз Сырман қожа, Түмен, Мәмбет, Беркімбай әулиелер, Мырзабай, Дәулетназар, Тоқсанбай, Шаймағамбет пен екі ауданда ортақ тұлға Қалжан ахун өмір сүрген, әруақ қонған киелі өлке талай берекелі істердің бастауында тұр. Күрішті де ырысты Жалағаш өңірі де өлең, жырдың өресін ұзартып, өркен жайдырған қарымды қаламгерлерге кенде болмаған. Соның бірі де бірегейі, өлең өлкесінде өзіндік өрнегін қалдырған ақын Мәлік Аяпов десек, асыра айтқандығымыз болмас.
Мәлік Аяпов 1944 жылы Мырзабай ахун ауылында өмірге келген. Ол Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде дәріс алып, өмір бойы шығармашылық жолмен жүрді. Ол кісі еңбек жолын Жалағаш аудандық газетінде әдеби қызметкер болудан бастап, 40 жыл бойы осында еңбек етіп, редакторлыққа дейін жеткен. Осы жылдары "Көктем тынысы”, "Дала туысқандығы” атты жыр жинақтарын өмірге әкелсе, 2003 жылы Алматыдағы "Үш қиян” баспасынан "Киелі мекен” атты өлеңдер жинағы жарық көрген.
Шара аясында аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің бас редакторы А.Батырбеков, редакция жанынан құрылған бастауыш ардагерлер кеңесінің төрайымы Қ.Ерғалиева, ардагер-журналист С.Бертаев сөз сөйлеп, ыстық ықылас білдірді.
Аудандық деңгейде өткізілген шараға 20-ға тарта жас ақын қатысты. Олар жыр бәйгесінде бір арнау өлеңдерін оқып, Мәлік Аяповтың шығармашылығынан бір өлеңнен жатқа айтты.
Жыр бәйгесінің қорытындысы бойынша бас жүлде Ақсу ауылынан келген Ернұр Маншариповқа бұйырды.
Мүшәйраны халықаралық «Қазақ тілі» ҚБ аудандық филиалының төрайымы Д.Мирман қорытындыласа, ақын Мәлік Аяповтың өмірлік жары Жақсыгүл апай сөз алып, шараны ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.

“ЖЖ” ақпарат.



30 сәуір 2019 ж. 997 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 692

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031