» » “Сары аймаққа” енсек те сақтық керек

“Сары аймаққа” енсек те сақтық керек

Әлемнің тыныштығын бұзып, адамзатты алаңдаулы күйге түсірген коронавирустың таралуы әлі де толастаған жоқ. Күз, көктем айларында күшіне мініп, қайта-қайта өршіп тұрған бұл індетті ауыздықтауға тіпті дүниежүзі атсалысуда. Қаншама отандасымыздан айырған вируспен күресте қазақстандықтар да аянып қалған жоқ. Сыр жұртшылығы да аймағымыз «қызыл аймаққа» енгелі талаптың күшейгенін оң қабылдап, ортақ тәртіпке бағынуда. Көңілге қонымдысы, кеше ғана Қызылорда облысының «сары аймаққа» қайта енгені жөнінде ресми хабарланды.

Әлемдік ғалымдар қайта өршуі мүмкін де­ген індет тағы да адамзатты әбігерге сала бастады. Әсіресе дертпен бетпе-бет келген әрбір науқас үшін жанын шүберекке түйген, бар күш-жігерін науқастардың саулығына сарп еткен медицина мамандары бұрынғыша қарбалас күйге түсті. Тіпті Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымы індеттің қайта өршуі мүмкін екенін ескерткен болатын. Осы бол­жамды ескере отырып, ел ішінде тағы да дайындық жұмыстары, алдын алу шаралары қолға алынды.

Расымен, әлемде дүрбелең ту­ғыз­ған індеттің таралуы әлі тоқтамаған се­кілді. Оған әр өңірде тіркелген науқастар санының күрт өсуі дә­лел. Тіпті республикамыздың басым бөлігі “қызыл аймақтар” сапында тұр. Ал кешеге дейін қауіпті аймақтар қатарында болған біздің облыста ахуал тұрақтала бастапты. Бірақ бұл босаңсуға болады деген сөз емес.

30 қаңтардағы жағдай бойынша корона­ви­русқа қатысты Қазақстан өңірлеріндегі эпи­де­миологиялық ахуалды бағалау матрицасы жарияланды. “Қызыл аймаққа” Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары, Атырау, Алматы, Ақтөбе Ақмола, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Маңғыстау, Қара­ғанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қа­зақстан облыстары енген. Кешеге дейін қауіпті аймақтар қатарынан табылған Сыр елі “сары аймаққа” түссе, “жасыл аймаққа” кірген Түркістан облысында ахуал тұрақталған.

Қазақстанда өткен тәулікте 7 491 адамда коронавирус індеті ПТР арқылы рас­талса, оның 55-і Қызылорда облысынан тір­келді. Ал жыл басынан бері коронавирусты ин­фекциясының 155 жағдайы тіркеліп, оның 45-і симптомды, 110-ы симптомсыз екені анық­талған ауданымызда бүгінгі ахуал мәз емес. Қаңтар айының соңғы күніндегі мәліметке на­зар аударсақ, індет жұқтырғандардың өскенін байқаймыз. Яғни кешегі аптада анықталған 155 жағдай 161-ге өскен. Оның 47-сі симптомды, 114-і симптомсыз болса, үй карантиніне алын­ғандар саны 122-ні құрайды. Ахуалдың күр­деленуіне байланысты жыл басында 20 төсек орынмен ашылған стационар 40 төсек орынға ұлғайды. Қазір онда 16 науқас ем қабылдауда, оның 6-ауы – жүкті әйел, 2-еуі – бала.

Жалпы медицина мамандары дертті ден­дет­пеудің жолы вакцина қабылдау екенін әу бастан-ақ айтып келеді. Бүгінгі таңда да екпе қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Қазірге дейін ауданда 2 923 адам ревакцинациядан өткен.

Ауданда жыл басынан Covid-19 ПТР тест арқылы тоғыз жүзге жуық сынама алынған. Жеңілдеген карантиндік шаралар кезіндегі вакциналау процесі аса жұқпалы ко­ронавирустың вакцинаға төзімді жаңа нұс­қаларын қалыптастыруға ықпал етеді. Сон­дықтан вакцина алудан бас тартып, түрлі қауе­сетке еруге негіз жоқ деп ойлаймыз. Қа­зіргі таңда емхана қорында «Синовак» 1026, «КОМИРНАТИ» вакцинасының 1 компоненттен 750 доза, 2 компоненттен 192 доза бар. Ха­лықты вакцинациялау жұмыстары аудандық емхананың егу бөлмесінде, жылжымалы меди­циналық кешенмен барлық елді мекендерде жүргізілуде.

Айта кету керек, бұл дертпен күресу әлем жұртшылығына да, дәрігерлерге де оңай соққан жоқ. Әсіресе жалағаштық дәрігерлер тұрғындар қоғамдық орындарда қауіпсіздік ережесіне бей-жай қарамауы үшін күні-түні мониторинг жүргізілгенін, мемлекет ортақ тәртіпті жарқын болашақ пен қоғамның басты байлығы – адам өмірі үшін жасағанын және мұндай қиын жағдайда бес саусақ бірікпей, төнген қауіптің бұлты сейілмейтінін айтып, дабыл қағуда. Тағы да ақ халаттылардың айтары мынау. Ортақ тәртіпке бағыну, қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау. Босаң­суға, еркінсуге әлі ерте. Қиын-қыстау кезеңде бірліктің үлгісін көрсетіп, тәртіпке бағынып, індетке жұмыла қарсы тұрсақ, дерттен айналып өтуіміз де ғажап емес. Бастысы, өз денсаулығымызға жақсы қарау, күтіну мен сақтану. Отбасымыздың амандығы мен еліміздің тыныштығы. Сонымен қатар алдын алу шараларын да ұмытпаған дұрыс. Қарапайым ғана бетперде тағудан бастап, қауіпсіздік шарасын сақтау әрқайсымыздың өз өміріміз үшін аса маңызды.

Қысқасы, елдегі ахуал жақсарып, жағдай тезірек қайта қалпына келсін десек, біз мемлекет бекіткен ортақ тәртіпке бағынып, қауіпсіздік ережесін қатаң сақтауымыз керек. Сонда ғана ахуал тұрақтанып, індеттің өршуін бәсеңдетуге мүмкіндік болмақ.
Иә, Сыр бойы “сары аймақтар” сапына түсті деп, арқаны кеңге жаюға тағы болмайды. Аймақта індеттің беті қайтқанымен, ауданда ахуал мәз емес. Сондықтан жоғарыда айтып өткен денсаулық сақтау саласы ма­ман­дарының кеңесін қаперден шығармаған абзал. Бұл тек өзіміз үшін ғана емес, біз өмір сүріп жатқан тұтас қоғам үшін аса маңызды, осыны ескерейік.

Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ

01 ақпан 2022 ж. 723 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 760

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930