» » ҰЛТТЫ ТӘРБИЕЛЕГЕН ҰСТАЗ

ҰЛТТЫ ТӘРБИЕЛЕГЕН ҰСТАЗ

Мұғалім көп, ұстаз аз. Мұғалім – педагогикалық мамандықтың жал­пылама атауы. Қазір орта мектептерде балаларға сабақ беріп жүрген сол кәсіби мамандық иелерін мұғалім деп атап жүрміз. Солардың ішінде нағыз ұстаздар бар. Олардың мұғалімдерден артықшылығы – алдында отырған әр оқушының болашағы үшін өз өмірін кепілге қоюы және шәкірттерінің үйдегі де, түздегі де уақыты үшін барлық жауапкершілікті өз мойнына алуы. Түйіндеп айтқанда, олар аманат арқалап жүр. Ал адам баласы үшін, соның ішінде мұсылман үшін, біздің халқымыз үшін аманатқа қиянат жасау – ең үлкен күнә.

Осындай аманатқа адал болған нағыз ұс­таздың бірі – Көшекбай Ерәліұлы. Есімі ауданға белгілі Көшекбай әкеміз – бірнеше буын ұр­паққа сапалы білім беріп, тәрбиелеген жан. Ар­тында халық үшін жасаған үлгілі ісі мен ұр­паққа өнеге болатын сөзі қалған жан – нағыз адам.

Көшекбай Ерәліұлы 1906 жылы Қызыл­құм­дағы "Қаракөл-Қостам" болыстығында дүниеге келген. Кішкентайынан сол ауылдағы Наурызәлі молдадан мұсылманша сауат ашады. Кейін әріп танып, санасына білімнің сәулесі түскен соң Наурызәлі молданың баласы Нұржан ұстаздан төте жазуды және латын, кирилица әліпбиін де үйренеді. Білім аламын деген ынталы, талапты адамның жолына ештеңе де кедергі бола алмайды ғой. Көзін ашқалы білімге құмар бала Көшекбай ауылдағы алғашқы ұстаздарынан алған білімін тереңдетпек ниетпен Қызылорда қаласындағы педагогикалық училищеде оқиды. 1931 жылы қазіргі Мәдениет ауылындағы 1 Май орталау мектебінде мұғалім болып ағар­тушылық қызметін бастайды. Тарихтан белгілі, бұл – қазақ даласындағы ашаршылық нәубетінен халықтың қынадай қырылып жатқан кезеңі. Алайда, оқыған, көкірегі ояу, көзі ашық жас мұғалім қараңғылықтың құшағында жатқан қазақ ауыл­дарының басына үйірілген қайғының қара бұлтын тек білім ғана сейілтетінін түсініп, халық ағарту жұмысына белсене кіріседі. Жы­ғыл­ғанға – жұдырық. Аштықтан ес жия алмай жатқан елді "соғыс" деген сұмдық сөз дүр сілкіндіреді. Отанның бір шетін жаудан қорғау үшін Көшекбай Ерәліұлы 1941 жылы Қызылорда қаласындағы №8 атқыштар мектебінде әскери дайындықтан өтіп, 1942 жылы майданға атта­нады. Көшекбай әкеміз сол отты жылдар туралы өз естелігінде былай дейді:

"...Қармақшыдан эшалонға отырғаннан Орын­бор қаласына аялдадық. Одан соң Кубы­шев қаласына жақын Тоцкий запастағы әскери лагеріне бардық. Запастағы лагердің штаб командирі біздерді бейімімізге қарай әр топқа бөлді. Мені снайперлер ротасына жіберді. Осы ротада 1942 жылдың 15 қарашасына дейін әскери жаттығудан өттім. Сол күні мені батальон командирі Саратов облысына қарасты Новоузень қаласындағы әскери училищеге оқуға аттандырды. Бес айлық курсты жедел түрде оқып бітірдім. 1943 жылы 21 наурызда мені Иванова қаласындағы запастағы авиа частіге жіберді. Жолай Саратов, Рязань, Ореховозуе, Владимир қалаларын басып өтіп, тура бір айдан соң Иванова қаласына келдік. Мен түскен ротада қазақтар бар екен. Онда мені 10 жауынгерге бастық етіп қойды. Бұл әуе десанттары бөлімі екен. Менен бұрын барған қазақ балалары парашюттен алды 3, аяғы 2 реттен секіріпті. Яғни маған қарағанда олардың тәжірибесі бар. Көп ұзамай 4-5 күн ішінде мен де әуеден төмен құлдиладым. Ресей жерінің орманды, ауасы ылғалды, жері батпақ болатыны белгілі. Көктемде безгекпен ауырып жатып қалдым. Ауруымды асқындырып алсам керек, мамыр айында сырқат солдаттарды пойызға мінгізіп, Мәскеуге апарды. Менен басқаларын бір командир алып кетті. Ал мені бір командир Мәскеуге жақын Александровск деген селода орналасқан 2-ші Украин майданына қарайтын 67-ші бригада қамтуындағы 8-ші атқыштар полкіне алып келді. Онда 7 ай болдық. 1943 жылы 1 қарашада Александровскіден эшалонға мініп, пойыз үстінде жиырма күн жүріп, майдан даласына жаяу бет түзедік.

1943 жылдың қараша айының 27 күні Кревой Рог маңындағы Николаевка деген село­да соғысқа кірдік. Ертесіне жауырынымнан оқ тиіп, жеңіл жарақат алып, тылға қайта орал­дым. Бір аптадай жаяу жүріп бір әскери гос­питальге келдім. Бұл госпитальда мені моншаға түсіріп, жарақатымды қайта таңып, берді. Осы арадан автобусқа мінгізіп, Полтава қаласының маңындағы орман ішіне орналасқан жеңіл жа­ра­лыларға арналған госпитальға әкелді. Бұл госпитальда 3-4 ай жұмыс істедім. Орман ара­сынан ағаш кесіп тасыдым. 1944 жылдың 25 нау­рызында тәуір болғандарды автобусқа мінгізіп, 23-ші запастағы полкке апарып табыс етті. Осы жылдың 10 мамыры күні запастағы полкті пойызға мінгізіп, Белоруссия жеріне майданнан демалысқа шыққан 3-ші Белорус майданына қарайтын 641-ші полктің қарауындағы темір сауыт танкіге қарсы қарулы атқыштар ротасына тапсырды. Бұл частіде де әскери жаттығулардан өттім. Тамыз айында екі мәрте соғысқа кірдім. Белоруссияның біраз жерін жаудан азат еттік. Екі жақтан да көп адам шығынға ұшырады.

Соғыс қыза түсті. 1944 жылдың 25 қазанында жаудың «Тигр» деп аталатын танкісіне тосқауыл қою үшін шабуыл ұйымдастырылды. Осы шабуылда қолымдағы танкті атқыш жойқын қарумен (противотанковой оружие) «Тигрді» талқандадым. Осы ерлігім үшін «Ерлігі үшін» медалімен марапатталдым.

Күн санап Кеңес әскері жауды тысқырып келеді. 1944 жылы 1 желтоқсанда Польшаның орталық қаласы – Варшаваның терістік баты­сындағы Нарев өзеніне жақындадық. Осы жер­де біздің полкті демалысқа шығарып, қо­сымша адамдармен толықтырды. Біз бос жат­па­дық, әскери жаттығулардан өттік. Кеңес ода­ғы жаппай шабуылға шықты. 1945 жылдың 17-18 қаңтарында Нарев бекінісін, Модлин қа­­ла­сын жаудан азат еттік. Осы жылдың 1 ақпанында Торунь қаласына шабуыл жасадық. Нәтижесінде аталған қаланы немістер тастай қашып, кейін шегініп, кешке қарай қалың орман ішіндегі селоға келіп орналастық. Бұл жерде немістердің бір дивизиясы жасырынған екен. Біз тұрған селоны неміс солдаттары қоршауға алды. Бүкіл әскер күш біріктіріп, немістің қор­шауын бұзып шығып, орман ішіне кірдік. Мен оң қолымнан жараландым. Қоршауды бұзып шыққан басқа жауынгерлер де түрлі дәрежеде жарақат алды. Шинелімнің шалғайын оқ тесіп өтіп, жыртып кетіпті. Біздің көптеген жауынгер қоршауда қалды. Бірсыпырасы арпалыста қаза тапты. Ертесіне бізге көмекке қосымша күш келіп, неміс әскерлерін тұтқынға түсірдік. Қор­шауда қалған өзіміздің жауынгерлерді бо­саттық. Ауыр жаралыларды жинастырып, гос­питальге жібердік, қаза тапқандарын жер қой­нына тапсырдық. Бір аптадан соң полкті қайта жасақтап, соғысқа кірдік. Бұл жолы Бытув қаласын жаудан азат еттік. Жоғарыдағы 4 қа­ланы жаудан тазартқанымыз үшін біздің полктің офицерлері мен жауынгерлеріне Бас қолбасшы Сталиннің өзі алғыс жариялады. Мен де төрт қаланы жаудан босату кезіндегі ерлігім үшін 4 мәрте Бас қолбасшының «Алғыс» қағазын алдым. Бытув қаласын жаудан босатқан соң полкке ауысыммен қарауыл болып жүрдім. Бір күні қала маңындағы немістің бір взвод бар­лаушыларын байқап қалдым. Жедел штабқа хабар бердім. Сол мезетте штаб командирінің бұйрығымен рота автоматшылары неміс бар­лау­шыларын қоршауға алып, қолға түсірді. Мен сол күні ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденін кеудеме тақтым.

Кеңес әскерінің тегеурініне неміс басқын­шылары төтеп бере алмай, тым-тырақай қаша жөнелді. Біздің әскер күш алып, жауды өкшелеп отырып, Балтық теңізінің жағалауына дейін түре қуып әкелді. 1945 жылдың 24 наурызында Балтық жағалауындағы Гдын деген үлкен қаланы жаудан босаттық. Жан алысып, жан беріскен кескілескен ұрыс болды. Бірақ неміс әскерлеріне тағы да кейін шегінуге тура келді. Сол күні Гдын көшесінде бара жатқанымда оң аяғымнан оқ тиіп, жеңіл жараландым. Өзім жүрген полк қарауындағы медсанбатта емделдім. Жарақатымды емдете жүріп, ауыр жаралыларға ота жасайтын дәрігерлерге жәрдемдестім.

Неміс фашистерін тысқырып отырып Одер өзеніне келдік. Қарсы жақ Одер жағасына мықтап бекінген екен. Бізді өзеннен күндіз өткізбеді. Өзен жағасындағы немістер атыс ұяшықтарынан оқ жаудырып, бас көтертпеді. Амал жоқ, қараңғы түсуін күтуге тура келді. Түнде қайықпен өзеннен өттік. Одерден өткен соң жауды бас көтертпей қуып ала жөнелдік. Атойлап шабуылдаған бізге жау төтеп бере алған жоқ, бекіністерін тастап, тым-тырақай қашты. Сол кезде Кеңеспен одақтас болған Англия, Франция, Америка батыстан 2-ші майдан ашқан болатын. Олардың да көмегі көп тиді. Соғыс аяқталған соң мен Берлин мен Гамбург қаласының ортасындағы үлкен тасжол бойында қалың орманның арасында орналасқан медсанбатта болдым. Бір айдан соң медсанбатты өз Отанымызға көшірді. Ондағы солдаттарды сол жерге қалдырды, мен де сол жерде болдым. 1945 жылдың маусым айының ортасында Г.К.Жуков пен Американың әскер бастығы Эйзенхауер Берлин қаласында кездесетін болды. Біздерді Берлин-Гамбург тасжолының бойына құрметті әскери қарауыл етіп қойды. Қаққан қазықтай болып аса мәртебелі кісілерді күтіп тұрған саптағы солдаттардың ішінде мен де болдым. Американың әскер бастығы Эйзенхауер мырзаны Гамбургтен Берлинге шығарып салдық...".

Таяу арада майдангердің ұрпақтары Ресей­дің "Подвиг народа" сайтынан Көшекбай әке­мізге қатысты құнды құжат тапты. Онда Кө­шекбай Ерәліұлының соғыстағы ерліктері баяндалған. "103-06 биіктікте жау пулеметтен оқ жаудырды. Біздің ротаның шешуші шабуылы кезінде Көшекбай Ерәлиев бірінші болып жау окобына кіріп, 3 неміс солдатының көзін жойып, қаруларын өртеп жіберді. Шегініп бара жатқан жауды өкшелеп қуып отырып, 6 неміс солдатын тұтқынға алды. 28.01.1945 жыл. Жау біздің әскери қимылымызға араласпақ болды. Біздің ротаға жаудың бетін тойтарып, жою міндеті жүктелді. Ерәлиев жолдас шайқаста батыл да әбжіл қимыл көрсетіп, бір қапталдан пулеметтен оқ жаудырды. Бұл қарсыластарды шегінуге мәжбүр етті. Ерәлиев жолдас сол шайқаста өзін Ленин, Сталин партиясына, Отанына, туған жеріне адал, нағыз ержүрек батыр жауынгер ретінде көрсетіп, ІІІ дәрежелі "Даңқ" орденімен марапатталды".

"БҰЙРЫҚ. 641 атқыштар полкі, 165 Седлец Қызыл Ту дивизиясының атқыштар полкі. 1944 жыл, 20 қыркүйек. Ішкі нөмір: 050-Н. Белсенді Армия КСРО Жоғары Кеңесі Президумының атынан.
МАРАПАТТАУ:

Қызыл Армия жауынгері Көшекбай Ерәлиев 1944 жылы 10 қыркүйекте Батыс Слупно алқабын жаудан тазарту кезінде болған кескілескен ұрыста жаудың қарсы шабуылына жанқиярлық ерлікпен төтеп беріп, ПТР-мен жау танкісін біздің жаяу әскерге өткізбей, бірнеше танкісін жойғаны үшін "Ерлігі үшін" медалімен марапатталды.
641-ші атқыштар полкінің командирі, гвардия подполковнигі Юрьев".
Міне, бұл – Көшекбай Ерәліұлының май­дандағы ерліктеріне куә болатын ресми әскери құжат. Бұрынырақта ауылдағылар біреуге көңілі толмаса "Өй, Көшекбай мұғалімде оқымаған неме" деп кеийді екен. Бұл сөзді әлі күнге дейін мәдениеттіктер ара-тұра еске түсіреді. Әрине, баланың білімі мен тәрбиесіне қатысты мәселе туындағанда. Иә, расында нағыз ұстаздың артында осындай өнегелі сөз, көнермейтін із қалса керек-ті. Мәдениет ауылының өсіп-өр­кен­деуіне үлес қосқан Кенжетаев Файызхан, Жал­быров Шайхыслам, Деменов Тұрлыбек, Лаубаев, Мәлік, Байсейтов Жанасыл, Түйешеев Жұбатқан, Байболов Тұрақ, Сағидатов Мәжит, Бұйраев Омық, Қарымсақов Сапарбай, Төремұ­ратов Тәуекел және Бекмұратова Кентай, Дос­жа­нова Балкүл, Жарылқасынова Әсемкүл, Тоқ­са­нов Көптілеу сонымен бірге қазаққа белгілі ақын, жазушы, түркітанушы, филиология ғы­лым­дарының докторы Өтеген Күмісбаев, ға­лымдар Шамшадин Сүгіров, Зәуреш Қасаева, Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығының лауреаты Кенішбай Әлшоразов, Қазақ КСР Жоғары Кеңе­­сінің депутаты Айнаш Балғабаева, белгілі жыршы, Қазақстан Республикасының мәдениет қай­раткері Жұмабек Аққұлов, адвокат, отстав­кадағы полиция подполковнигі Әлімбек Өсте­міров сынды тұлғалар Көшекбай ұстаздан сауат ашып, тәлім алған.

"Көшекбай ақсақалдың бейнесі есімізде. Ең­се­гей бойлы, кең иықты, тік жүретін, елге сыйлы, қадірлі кісі еді. Соғыс ардагері, майданнан ерлікпен оралған жауынгер. Сол кезде осы облыс көлеміндегі сауатты мұғалімдердің алдыңғы қатарында болғанын білеміз. Ол кісі әлем әдебиетінен, орыс әдебиетінен бөлек, шығыс әдебиетін де терең білген және оларға талдау жасай алатын дәрежеде таным-білімі болған. Сол кезеңдерде ауылдардың оқу-ағарту және мәдениеті мен руханиятын көтеруге келген "Қызыл отау" танымал ақын-жазушылардың кітаптарын әкеледі екен. Ауылда кітапхана жоқ, кітаптар межелі уақыттан соң қайтадан қайтарылуы тиіс. Одан соң ол шығармалар ауылдағы оқырманның қолына тиюі екіталай. Сондықтан Көшекбай ағамыз бірнеше қалың дәптер сатып алып, әлгі кітаптарды жазуы маржандай оқушыларға түгел көшіртіп, мектепке кітап етіп жинаған. Бұл – үлкен еңбек.

Кеңес үкіметі құдайсыз адамдарды тәрбие­леп шығарды ғой. Көшекбай әкеміз зейнет демалысына шыққан соң сол қызыл үкіметтің қылышынан қан тамып тұрған саясатынан ықпай, ниетті жастарға шариғаттың шарттарын уағыздап, дін жолын үйретеді. Кейін молда болады. Бірақ "дін – апиын" деген көзқарастағы социалистік қоғамға ардагер ұстаздың мұндай әрекеті ұнамай, қудаланды, – дейді қаламгер Болатбек Нұржанов.

Расында ол кезеңде дінді ашық насихаттау аса қауіпті еді. Сөйлеген сөзіңнің арасынан діни терминдер қылаң берсе, жауапкершілікке тартылып, партия қатарынан шығарылатын. Ал партиядан қуылу елден аластатумен бірдей болған. Өзі жаңа заманның өкілі бола тұра қып-қызыл саяси жүйенің қаһарынан қорықпай, құдайын ұмытып бара жатқан елдің, ұрпақтың жүрегіне иман түсірген кейіпкерімізді қалай бағаласақ та жарасады.

"Мен нағыз әке тәрбиесін көріп өстім. Әкеммен мақтанушы едім. Өйткені, ол кісіні бүкіл ел сыйлайтын, ауылдың үлкені де, кішісі де алдынан кесіп өтпейтін. Әкем тек ұстаз ғана емес, ақын еді. Қолы қалт еткенде өлең жазатын. Майданда жазған жырлары сарғайған дәптерде сақталып тұр. Түрлі тақырыпты қам­тыған. Бірақ басты тақырыбы – адамшылық. Әкемнің бойында нағыз ер азаматқа тән мінез­дің, қасиеттің бәрі бар болатын. Білімді, сауатты, салмақты, салауатты, салихалы және өте мәдениетті адам еді. Жаңа заманға сай білім-ғылымды оқып-тоқығанымен, діни сауаты да терең еді. Шариғат шарттарын бұлжытпай орындады. Алланың жолында жүргеннен шығар, әкем айналасындағылардың адамгершілігін дү­ние байлығымен емес, уәдесіне беріктігімен, обал-сауапты таразылай алатын деңгейімен, әділдігімен, адалдығымен, мейірімділігімен без­бенге салып отыратын. Сол үшін халқына қадір­лі болды деп ойлаймын. Кішкентай болсам да есімде қалыпты, біздің үйде менен бірер жас үлкендігі бар бөтен балалар болды. Олар малшының балалары еді. Әке-шешелері сырт­та колхоздың малын бағады. Балалары ауыл­да оқиды. Малшының балаларына арнайы салынған интернат бар. Алайда, әкем солардың ішінен 5-6 баланы оқу жылы аяқталғанша үйге әкеліп жатқызады. Кейін білдім, олар сабаққа үлгерімі нашар оқушылар екен ғой. Солардың сабағын жіті қадағалау үшін әкем үйге әкеліп орналастырады екен. Анам әкемнің қандай ісі­не де құрметпен қарайтын және үнемі қолдау көрсетіп отыратын. Әлгі балаларға да қабағын шытпай, ас-суын дайындап, киімдерін жуып беретін. Мен әлі күнге "Әке", "Ұстаз" деген ұғым­дарға өз әкемнің бойындағы адами қасиет­тердің өлшеміне салып баға беремін, – дейді Роза Көшекбайқызы.

ІІІ дәрежелі "Даңқ" орденінің, "Ерлігі үшін" және "Германияны жеңгені үшін" медаль­да­ры­ның, І дәрежелі "Отан соғысы" орденінің, соны­мен бірге "Қаз ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері" төсбелгісінің иегері, Отанын қор­ғап, білім беріп, тұтас бір қоғамға қызмет қылып, бірнеше буын ұрпақтың жүрек көзін ашып, адами тұлғасын қалыптастырған Көшек­бай Ерәліұлы елінің есінде.

Қуат АХЕТОВ
05 ақпан 2022 ж. 276 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930