ЗАҢСЫЗ ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКТЕР МЕН ТАКСИ ҚЫЗМЕТІ ТЕКСЕРІЛЕДІ
Елімізде заңсыз жұмыс істейтін қоғамдық көліктер мен такси қызметі бақылауға алынады. Бұл туралы ҚР ІІМ өкілі Шұғыла Тұрлыбек мәлімдеді.
Ол кешеден бастап аталған министрлік ел аумағында «Автобус» жедел профилактикалық шарасын өткізіп жатқанын айтады. Мақсат – жолда жүру қауіпсіздігін тағы бір еске салу. Шара барысында қоғамдық көліктердің техникалық жағдайы тексеріледі. Сондай-ақ қоғамдық көлік жүргізушілерінің құжаты талапқа сай болуы да бақылауға алынады.
Шұғыла Тұрлыбек қоғамдық көлік жүргізушілер жұмысының еңбек кодексіне сай жүруі де тексерілетінін айтады. Яғни енді автобус жүргізушілерінің денсаулық жағдайы мен медициналық тұрғыдан жұмысқа жарамдылығы мәселесіне мән берілмек. Одан бөлек жолаушыларды заңсыз таситын қоғамдық көліктер мен такси қызметіне қатысты да жедел профилактикалық іс-шара ұйымдастырылмақ.
Айта кетейік, такси қызметіне қатысты мұндай мәселелер Жалағаш ауданында да бар. Мәселен, аудан әкімінің орынбасары Алтынбек Дәрібаевтың төрағалығымен өткен басқосуда мұны такси жүргізушілерінің өздері айтып отыр. Жалағашта қызметтің бұл түрін көрсететін азаматтардың 50 пайызы заңсыз жұмыс жасап жатқан көрінеді. Ал рөлі оң жақта орналасқан көліктермен такси қызметін ұсынуға заң рұқсат бермегенімен ауданда мұндай көліктер де облыс орталығына жолаушы тасымалдайды.
Мұндай министрлік қолға алған іс-шаралар өз деңгейінде жүргізілсе, жоғарыда біз атап өткен бірқатар мәселелер шешімін табары анық. Бірінші кезекте жолаушы тасымалдауда заңсыз әрекеттер жойылса, келесі кезекте жолаушы қауіпсіздігі де ескерілетіні сөзсіз.
Жандос Махмұтұлы