ӘЙЕЛ – ӨМІРДІҢ ӨЗЕГІ
Әйел – өмірдің өзегі мен күретамыры. Әйелің жақсы болса, төрт құбылаң түгел дейді. Әйел сұлу бола ма, болмай ма, ол табиғаттан. Ал ақылды болу әйелге парыз етіледі дейді. Әйел ақылды болса, арамдықтан ада болса және өн бойында адамгершілік сипаты салтанат құрған болса, ол елінің алдында да, ерінің алдында да, баланың алдында да абыройлы болады. Қазақ әйелді қырық шырақты дейді. Әйел көтерген нар жүгін кей ер азаматтар көтере алмауы мүмкін.
Тарихқа көз жүгіртсек, қазақ әйелдерінің қысылтаяң сәттегі қайсарлығына куә боламыз. Тарихта орын алған небір нәубетті кезеңдердегі қиындықты ерлермен бірге еңсере білген де қазақ әйелі еді. Сол себепті қазақ әйелі өзгелермен еш салыстыруға келмейтін ерекше болмыс иесі.
Қаһарлы қыстың соңғы күндерін артқа тастап, жаймашуақ мезгіл көктемге де табан тигіздік. Еңсемізді басқан қыстың қытымыр аязынан соң жер жүзі жаңарып, лезде көктемнің алғашқы күнінен бастап-ақ күн райы жылына бастады. Күн жоғары көтеріліп, адамзаттың жүзі жадырап, жер қарайып, тіршілік ояна бастады. Бұл мезгілдің ең алғашқы күні бір-бірімізге алғыс айттық, енді міне, сегізінші жұлдызы – халықаралық әйелдер күніне де келіп жеттік. Бұл күн жылылық пен мейірім мезгілінің алғашқы мерекесі адамзатқа өмір сыйлап, алпыс екі тамырын иітіп, баласына ақ сүтімен нұрын тарататын ана деген асыл жанның, өн бойына қазақы иба мен ерекше бітім-болмысты жиған қыз-келіншектердің мерекесі.
Әрине әйел затына құрмет көрсетіп, олардың жүрегіне қуаныш сыйлау үшін көктемді күту, осы мерекені тосу міндетті емес. Анаға, әйелге, қыз-келіншектерге жылдың қай мезгілінде болсын қуаныш сыйлау артық етпейтіні тағы белгілі. Бұған таласар жан жоқ шығар. Өйткені қазақ әйелінің болмысы, тектілігі, даналығы мен даралығы бүтіндей бір ұлттың сақталуында орасан үлес қоса алды. Қашаннан қазақ әйелінің орны ерекше, құрметке лайықты. Күні бүгінге дейін ана деген ардақ атты арқалап жүрген нәзікжандылар қоғамда орнын қалыптастырып, ерлермен қатар ел ісіне де араласып келеді.
Мәселен, қазір ер мен әйелдің құқықтарын теңестіру, отбасындағы отанасы мен отағасының бірдей жұмыс істеп, табыс табуы, әйелдердің ерлермен қоса түрлі салада бой көрсетуі көзге үйреншікті жағдайға айналды. Өйткені, заманның талабы солай. Отбасын асырау үшін, сапалы тұрмысқа қол жеткізу үшін барлық жауапкершілікті ер адамға артып қою жеткіліксіз. Ана мен баланы қорғау, әйелдердің құқығы мен мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері де мемлекеттік саясаттың маңызды басымдықтарының бірі болды. Осының нәтижесінде бүгінгі таңда елдегі барлық салада нәзікжандылар бой көрсетіп қана қоймай, еліміздің кемел келешегі үшін өз үлестерін қосуда.
Әйел тағдыры – қай елде де, қай заманда да өзекті мәселелердің бірі. Ал қазақ халқы үшін әйел қашанда ардақты саналған. Бүгінгі таңда әйелдер ошақ басында ғана емес, кез келген салада ерлермен қатар қызметте жүр. Соған қарамастан отбасының ұйытқысын сақтап, шаңырақтың берік болуына да күш салып келеді. Ал әрбір отбасы мемлекеттің алтын діңгегі десек, ондағы берекелі бірлік, ынтымақты тірлік тек жарасымды жанұяда көрініс беретін құндылықтар. Сол жарасымды жанұяны бір мақсат жолында, бір мүддеге көз тіккен, болашаққа деген арман-тілегі бір арнада тоғысып, келер күнге бірге қадам жасайтын, өмірлік көзқарастары, адами болмыстары ұқсас, таным-түйсіктері сәйкес келетін, қысқасы бірін-бірі толықтырып тұратын жандар ғана құрай алады. Барлығы үйлесім тапқан, ері құрметті, әйелі қадірлі отбасында ұятты ұл, ибалы қыз тәрбиеленетіні де даусыз.
Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ