ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚСЫЗ ӘЛЕМ
Казіргі уақытта қоғамның қарыштап дамуына қарамастан отбасылық зорлық-зомбылық әрекеттер тыйылар емес. Әйелдерге, балаларға жасалған зорлық-зомбылық біздің елімізде де өзекті мәселелердің бірі болып келеді. Мұндай тұрмыстық зорлық-зомбылықтың шығуының бірден бір себебі ол – маскүнемдік. Мұнан жапа шегетіндер негізінен әйел адамдар мен жасөспірімдер екені белгілі.
Зорлық-зомбылық деген не? Алдымен осыны толық түсініп алған жөн. Зорлық-зомбылық дегеніміз – жеке тұлғаға қол сұқпаушылық, (тәндік және рухани мағынада) туралы азаматтардың құқын бұзатын бір адамның екінші адамға тәндік немесе психикалық ықпал етуі. Түрлі тәсілдермен ұрып-соғу, дене жарақатын салу, азаптау (азапқа салу және денсаулыққа зиян келтіру); адам психикасына (жүйкесінің тозуы немесе тіпті жынданып кетуін тудыруы мүмкін) қорқыту, тәнге жарақат салу катері жолымен ыкпал ету және т.б. Зорлықзомбылықты қолдану аркылы жасалған қылмыс, қылмыстық жауапкершілікті ауырлататын мән-жай болып табылады. Сондықтан бұл қылмыс түрінде нақты бір әлеуметтік портрет жоқ. Отбасылық жанжал кез келген шаңырақта болуы мүмкін. Кейде қылмыс болған отбасының көршілері жағдайды естіген кезінде аң-таң болып жатады. Әрине, олардың арасында әлеметтік жағдайы төмен отбасылар да бар. Олар ішкіліктің салдарынан қылмысқа жиі барады. Өйткені ондай адамдардың өмір сүру салты бұзылған.
Отбасы – көзге көрінбейтін түрлі байланыстармен жалғанған өте күрделі ұжым. Қоғамдық құндылықтар жүйесінде отбасының ролі қашан да өте жоғары. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу қағидаларының бірі – адамға және азаматтарға тән немесе психикалық азап тартқызуға жол бермеу. «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» ҚР заңына сәйкес тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы және оның субъектілері жүзеге асыратын, отбасы-тұрмыстық қатынастар аясында адамның және азаматтың конституциялық құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға және жолын кесуге тиіспіз. Сондай-ақ, оларды жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтауымыз керек. Отбасы-тұрмыстық қарым-қатынастар аясында әкімшілік құқық бұзушылықтар жасаған адамдардың алдағы уақытта сол әрекеттерді қайталап жасауына жол бермеу, оның алдын алу үшін – құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талаптар белгілеу туралы әкімшілік-құқықтық ықпал ету шарасы белгіленуі де мүмкін.
Қазақ халқының дана сөзі бар: «Әйел адамға рухы әлсіз ер адам ғана қол көтереді». Бұны халық жазылмаған заң деп санап осы уақытқа дейін сақтап келеді, алайда өкінішке орай кейбір ер адамдар ұмытып кеткен сыңайлы. «Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер», – демекші балаға отбасы тәрбиесінің әсері мол. Тәрбиеге әсер беретін өскен орта, ата-ананың тәрбиесі дұрыс болмаса, жаман әсерлер адамды азғырып, түрлі жаман мінезді жұқтырады. Салауатты өмір сүрудің бір негізгі күрделі мәселесі – жаман қылықтардан, яғни зорлық-зомбылықтан аулақ болу. Ішімдікке үйір адам есінен айырылып, қасындағы адамдарға зиянын тигізеді, отбасына ойран салады, отбасы мүшелеріне оғаш қылықтар көрсетіп мазасын алады. Бұл баланың психологиясына кері әсерін тигізеді. Бала өзіне керекті рухани дүниенің барлығын қоршаған ортадан алады.
Зорлық зомбылықтың баланың мінез-құлқына әсер ету ерекшеліктері бар. Ата-анасы және басқа да заңды өкілдері ата-аналық құқықтарын жүзеге асырған кезде баланың дене және психикалық денсаулығына, оның имандылық дамуына зиян келтіруге құқылы емес. Баланы тәрбиелеу тәсілдерінде баланың адамдық қадір-қасиетіне менсінбей қатар, дөрекі қарау, оны қорлау немесе қанау болмауға тиіс.
Бұрын тұрмыстық зорлық-зомбылық сипатындағы қылмыстар көбіне «күйеуі әйелін ұрды» деген фактілерге негізделетін. Бүгінде қоғам «әкесі ұлына, қызына қастандық жасады немесе қызы анасына, бала әкесіне зәбір көрсетті» деген жағдайларды жиі естиді. Сондықтан заңгерлермен, құқық қорғау органдарымен бірлесіп, Жалағаш аудандық сотында «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтардың алдын алу шараларын қолдану бойынша сот тәжірибесі» тақырыбында брифинг, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып келеді. Мақсат – зорлық-зомбылыққа тап болған отбасы мүшелері мен балалардың құқығын қорғау. Сол үшін өскелең ұрпақтың дұрыс тәрбие алып, қоғамдағы құқықтарының сақталу жолында жұмыла еңбек етіп, зорлық-зомбылықсыз әлемді бірге құруға бәріміздің де атсалысқанымыз жөн.
Ғ.Б.Сахи,
Жалағаш аудандық сотының бас маманы