» » Денсаулыққа немқұрайлы қарамаған дұрыс

Денсаулыққа немқұрайлы қарамаған дұрыс

Ауданда қазіргі дүниежүзілік туберкулез айлығына байланысты «Туберкулездің алдын алайық!» атты баспасөз конференциясы өтті. онда аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлзираш Айымбетова аудан көлеміндегі аурушаңдық деңгейін, туберкулездің белгілері жөнінде кеңінен тарқатып айтты.

Баспасөз конференциясында көтерілген мәселе аудандағы туберкулездің таралуы болды. Бұрын есепте тұрғандардан бөлек дертті жаңадан жұқ­тырғандардың қатары жыл санап артуда. Соңғы үш жылды салыстырмалы түрде алып қарасақ, 2018 жылы кенттен туберкулез жұқтырған 3, Бұқарбай батыр ауылынан 4, Аққұмнан 2, Еңбектен 1, Есет батырдан 1, Мәдениеттен 1, Мырзабайдан 1, Мақпалкөлден 2, Жаңаталаптан 2, Аққырдан 1, М.Шәменовтен 1, 2019 жылы кенттен 17, Аққұмнан 1, Мәдениеттен 2, Мақпалкөлден 1, Жаңаталаптан 1, Аққырдан 1, 2020 жылы кент бойынша 10, Бұқарбай батырдан 1, Таң ауылынан 4, Мәдениеттен 1, Мақпалкөлден 1, М.Шәменовтен 1 адам тіркелген. Салыстырмалы түрде халық санына шаққандағы көрсеткіш бойынша алып қарасақ, туберкулез жұқтырғандардың өсім алғанын байқаймыз. Өткен жылы 18 жаңа науқас тіркеліп, 100 мың халыққа шаққандағы аурушаңдық көрсеткіш 49,9-ды құраған екен. Ал биыл екі айда туберкулездің жаңа жағдайлары Есет батыр, Аққұм елді мекендерінен тіркеліпті.

Жасыратыны жоқ, тұрғындардың басым көпшілігі өз денсаулығына немқұрайлы қарайды. Денсаулықты ауырған кезде емес, ауырмас бұрын үнемі күту қажет. Адамға берілген күш-қуат пен әр ағза қалыпты тепе-теңдікте, күтіммен жұмыс істеген жағдайда, ағза да сізге ұзақ қызмет ететін болады. Қазақ «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деп бекерден-бекер айтпайды. Басты байлық денсаулық екенін естен шығармаған жөн. Денсаулық болмаса, ештеңе болмайтынын да үнемі жадымызда ұстауымыз керектігін естен шығармаған абзал.

Сала маманымен өткен баспасөз конференциясында біз де бірнеше сауалымызды жолдап, аталған аурудың нақты белгілерінен хабардар болдық. Әрине, аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Г.Айымбе­тованың айтуынша, барлығы алдын алмаудан болады.

– Жалпы туберкулез бүгінгі қоғам үшін таңсық емес. Адамзатқа жұқпалы дертті толық ауыздықтау мүмкін болмай отыр. Бір қиыны, туберкулез белгілері бірден байқалмайды. Әдетте, ол ұзақ уақыт бойы ағзада дамып, көбіне өкпе тіндерін зақымдайды. Оның белгілерінің жүре келе пайда болатыны да сондықтан. Бірақ көп ұзамай тоқтаусыз жөтелу, кейде қан аралас қақырық түсу, кеуде қуысының ауыруы, өз-өзін жайсыз сезіну, салмақ жоғалту, қалшылдау сынды белгілер байқалады. Мұндай жағдайда міндетті түрде емханаға барып тексеруден өту қажет.

Айта кетейік, кейде медицина мамандарының салғырттығынан ФГ, БЦЖ екпесі мен манту сынамалары уақытында орындалмай жатады. Жоспарлы жұмыстардан кемшілік орын алуына ата-аналардың екпе салдыруға қарсылығы да әсер етеді, – дейді сала маманы.

Аса қауіпті карантинді аурулардың қатарына оба, күйдіргі, сібір жарасы, құтырма, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасын, және бруцеллез бен туберкулезді жат­қызуға болады. Г.Айымбетовамен өткен бас­пасөз конференциясында бруцеллез ауруы туралы да айтылды. Өткен жылмен салыстырғанда тубер­кулез ауруы 2 жағдайға, кене шағып, зардап шегіп шағымданушылар 1,5, хайуа­нат­тардан жара­қат алу­шылар 1,7, бруцеллез ауруы 2 есеге төмен­де­ген.

– Негізі Конго-қырым қанды безгегі аса қауіпті жұқпалы аурулар қатарына жатады. Ауру көктем, жаз, күз айларында кездеседі. Конго-Қырым қанды қызбасы ауруының тасымалдаушысы қара­пайым кене. Кене шағу қауіптілігі кейбір кенелердің ағзасында осы ауруды тарататын вирустардың сақталуында жатыр. Кенелер адамға мал жай­ғау, малды сауу, сыртта бақша егу, отын-шөп дайын­дау, табиғатта дем алу, тағы сол сияқты жағдайларда жабысады. Егер адамды кене шағып алған болса, онда шұғыл түрде тұрғылықты жер бойынша емдеу мекемесіне медициналық көмекке жүгінуі керек. Сосын дәрігерлер ол кісіні 14 күнге дейін медициналық бақылауға алады, – деген аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Г.Айымбетова малдағы кенені жалаңаш қолмен жұлуға болмайтынын да қатаң ескертті.

Осы тұста біздің де айта кетеріміз бар, кене секілді жәндіктерден қорғанудың әдіс-тәсілін ата-бабамыз жетік меңгерген еді. Мәселен, қыста қыстауда, жазда жайлауда, күзде күзеуде қо­ныс­­танған көшпелі халық о бастан-ақ кененің, жән­діктердің шағуынан болатын аурулардың ал­дын алуды білген екен. Сосын малдың үстіндегі кене­лерден құтылу үшін төрт түлікті тоғытқан. Малды суға айдап, ары-бері өткізетін. Сонда суға тұншыққан кенелер теріден тұмсығын ажыратады.

Ал жиында осы мәселе төңірегінде кеңі­нен мағ­лұмат берген сала маманы малды тоғы­тудың маңыздылығына тоқталды. Кей жер­лерде бұл әдіс іске асырылғанымен, оның тиімділігі болмайтынын, біріншіден, малды тоғыту үшін арнайы қазылған шұқыр­лардың іші тар әрі табанына суды ұстап қалатын цемент секілді құрылыс заттары қойыл­мағандықтан, кішкене шұқырдың өзін сумен тол­тыру қиынға түсіп жататынын жеткізді. Бұл жерде қазіргі мал тоғытатын орындардың ағынды су емес екенін ескеру керек. Шұқырға толтырылған су болғандықтан, кененің өлгеніне толықтай көз жет­кізу керек екенін айтады сала маманы.

Жалпы тіршілік оянып, күн күрт жылитын көктем айлары – адам мен үй жануарлары үшін аса қауіпті саналатын кенелердің көбейетін кезі. Осындай шақта қауіпсіздік ережелерін ескеріп, қауіпті жәндіктерден сақ болған жөн. Бұл жәндіктердің белсенділік маусымы сәуірде басталып, табиғи-климаттық жағдайларға байланысты қыркүйектің соңына дейін жалғасуы мүмкін. Сондықтан абай болған абзал.

Нұр НАУАН

14 наурыз 2022 ж. 638 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 824

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031