» » ТАБИҒИ АМАЛДАРДЫҢ СЫРЫ НЕДЕ?

ТАБИҒИ АМАЛДАРДЫҢ СЫРЫ НЕДЕ?

Негізі қазақтан асқан философ жоқ дейміз. Кейде табиғи амалдарды дәлме-дәл болжап, күні бұрын байқап отыратынына қарап осы сөзге күмән келтірмейсіз. Бұған дейінгі тылсым табиғат атты айдарымызда қыс айларында кезігетін амалдарға тоқталсақ, бүгін көктемнің алғашқы айындағы орындалатын амалдарға шолу жасамақпыз.

Халық наурызда Сүмбіле, Үшарқар-Таразы, Үркер және Сұлу Сары сынды жұлдыздардың бір сызықтың бойында тізіле орналасуынан күн мен түннің теңелгенін байқаған. Жаңа күннің жарығы мен жылуы қытымыр қысты ығыстырып, жер бетін жылылық жайлап көк шыға бастаған наурыздағы күн мен түннің теңелгенін байқауға болады. Қазақтың Батыс өлкесінде наурыздың 14-інде сарышұнақ інінен шығады, күн суық болса, ін аузынан ұзамайды, күн жылы болса, ұзағырақтау жерге шығады. Ал тасбақа болса, күн мен түн теңелгенде інінен аузына «мәриям» деп аталатын шөп тістеп шығады. Оны еппен алған адам бақытты, дәулетті болады деген сенім бар.

Наурыз айы – халықтық күнтізбедегі жылдың бас айы. Наурыз айының басында күн жылып, қыс бойы жатқан қар ериді. Қар кеткен жерлерде көк шыға бастайды. Қар астынан қылтиып бәйшешек көрінеді. Жыл құстарының ішінде көктемнің хабаршысы болып алдымен келетін сарбауыр көкала торғайды түстік жақтарда «Наурызек», «Наурыз торғай» деп атайды. Наурыз айындағы елжіреген күннің көзіне малшы, егінші қауым аса сене бермейді. Қар күрт еріп, жер лайсаң тартып жатқанмен, артынша-ақ алай-дүлей қар борап, аласапыран болып кетеді. Наурыз айының 10-15-інде өтетін бұл амалды халықта «Отамалы» деп атайды. Малшы қауымның қарбаласқа толы тыным көрмейтін шағы – наурыз айында қой түлігі жаппай төлдей бастайды. Оны қой төгіні деп атаған. Саятшылар құс салмайды, аңшылар аңға шықпайды. Амалдар наурыз айынан басталады. Жыл аяғында, яғни наурыз айының 17-21 күндерi аралығында болатын жауынды-шашынды, суық әрi лайсаң мезгiл – бесқонақтан қатты сақтанып отырған. «Самарқанның көк тасы еритін күн» деп Наурыз айының 22-сін айтады. Бұл күні Шығыс күнтiзбесi бойынша жаңа жыл басталады. Осы күнi шығыста күн жылып, жер жiбiп, ашық, шуақты мезгiлдер басталады.

Есепшілер көктемде болған құбылыс күзде, жаздағы болған құбылыс қысқа сәйкес келіп күнбе-күн қайталанып отырарын білген. Көшпенділердің байырғы астрономиялық түсінігі бойынша, бір жыл алты ай жаз, алты ай қыс болып, екіге бөлінген. Үркер төмен түсіп, Таразы туғанға дейінгі, яғни, 21 наурыздан 21 қыркүйекке дейінгі аралықты жаз айларына, ал Сүмбіле туып, Үркер көкке көтерілген, яғни, 21 қыркүйектен 21 наурызға дейінгі аралықты қыс айларына жатқызған. Енді халық ұғымында қалыптасқан басты табиғат құбылыстарына тоқталар болсақ, наурыз айының соңғы 24-28 күндері қатты жел тұрып, күн суытып, кейде қар жауады. Бұл күндер халқымыздың ұғымында – «Қоянның толғатуы» аталған.

Сондай-ақ наурыздың сол 26-28-і күндерінде жыл құстары ұшып келе бастайды. Бұл күндері де жоғарыда аталғандай, қайтқан құстардың қанаттарының суылдап ұшқан ызғарынан күн суытып, қар аралас жауын жауып, суық жел тұрады. Бұл өзгерісті қариялар «Жарықтық, құс қанаты ғой, бұл» деп жатады. Осы кезден соң қар еріп, жер лайсаң болады. Бұл аласапыран басталатын шақты, «Құс қанаты» деп, амалға жатқызған. Бұл күндері қар кеткенмен, ызғары жатады. Айдың соңында шаруаға жайлы жағдай туғызар бес-он күндік жауын-шашынды амал, «Бес тоғыстың бет жуары» болады. Бұл айда таңертең күн күркіресе, суықтықтың хабары, ал алғашқы күн күркірегенде жел арқадан тұрса, ай салқын, шығыстан тұрса, құрғақ, түстіктен соққан болса, жылы боларының хабары.

Сондай-ақ бұлт тым жоғары көтеріліп, тез көшсе, күн жақсармақ та, ай ортасында күн райы қандай болса, жаз бойы сол қалыпты сақтап, жылы жел ессе, қолайлы, жел арқадан соғып, салқындаса, қоңыр салқын, жаңбыр жауған болса, бүкіл жаз жаңбырлы болмақ.

Дайындаған Нұр НАУАН


14 наурыз 2022 ж. 654 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 824

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031