Құтыру ауруының негізгі клиникалық белгілері және аурудың өтуі мен симптомдары
Ауру әдетте малдың сілекейі арқылы тістеген кезде жұғады. Бұл тұрғыдан алғанда, әсіресе қасқырдың тістеуі өте қауіпті. Сондай-ақ вирус мал денесіне ауыз бен көздің кілегейлі қабықтары, сәл ғана зақымданған тері арқылы енуі мүмікін. Тышқан мен түлкі құтырып өлген малдың өлексесін жеген сәтте ауруға шалдығады. Ауруға шалдыққан мал ауру белгілері білінуіне 8 -10 сағат қалғанда сілекеймен, кейде сүтімен бірге сыртқа вирус шығарып тұрады.
Мал денесіне енісімен құтыру вирусы нерв тканін жайлап алады да, оны зақымдайды. Одан әрі нерв талшықтарын бойлай жылжи отырып, вирус орталық нерв жүйесіне, айталық миға барып, жетеді де, мұнда көбейіп, нервтер арқылы барлық органдар мен тканьдерге, сілекей бездеріне тарайды.
Вирус мал денесіне нерв талшықтары арқылы ғана емес, сондай-ақ сөл және қан тамырлары арқылы да тарайды. Бұған дәлел — құтырып өлген малдың құрсағындағы төлден вирус табылған. Клеткада вирус өніп өсіп көбейеді де, сол клетканы ыдыратып, босап шығады да, осы арадағы басқа сау клеткаға енеді. Клеткалар жаігпай зақымданса, тыныс органдары мен жүрегі параличке ұшырап мал өледі. Кейде індет одан әрі дамымай, күрт үзіледі де, мал әсіресе ит сауығып кетеді. Мұның себебі — денедегі ауруға төтеп беретін қорғаныс күштер жеңіп, иммунитет қалыптасады. Құтырған малдың нерв тканіне жайылған нейтротоксин сау малға еккен кезде оны құтырта алады. Мұның механизмі әлі толық анықталған жоқ.
Құтыру ауруы қалай жұғады?
60%-70% жағдайларда жұқтыру көзі иттер болып саналады. Құтырудың табиғи ошақтарында қасқыр, түлкі, қарсақ, шибөрі және т.б. жабайы хайуандардан зардап шеккен үй жануарларына тістелу, тырналу, сілекейленуі арқылы ауру қоздырғышын жұқтырады. Көп жағдайда вирус ауру жануарлардан жарақат алып, тістелген, тырналған немесе сілекейленген жағдайда зақымдалған тері қабаты арқылы еніп, нерв талшықтарымен бас, жұлын миына жетіп, онда көбейіп, жинақталады.
Құтырма ауруының белгілері қандай?
Ауру белгісі үй немесе жабайы жануарлардан жарақат алғаннан соң 10 күн мен 1 жыл аралығында, кейде 1 жылдан аса мезгілде байқалады, көбіне 20- 60 күннің ішінде адамда құтыру белгілері анықталады.
Аурудың қоздырғышы адамдарға ауырған жануарлардың сілекейі арқылы жұғады. Ауруды таратушылар жабайы аңдар: қасқыр, түлкі, қарсақ. Олар ірі қара, жылқы, қой, ешкілерге, ит пен мысықтарға ауру жұқтырады. Сондықтан ит, мысық тістеген жағдайда міндетті түрде дәрігерге көріну қажет. Неғұрлым ерте жасалған ем соғұрлым нәтижелі болмақ.
Құтырма ауруы белгілі бір мерзімді талғамайды, жылдың кез келген уақытында кездеседі.Құтырмамен ауырған адамдар суды көрсе, судың сылдырын, тіпті су деген сөзді естісе, оларда қорқыныш пайда болып, артынан жұтыну қабілетінен айырылып, өте қиналып өледі. Сондықтан да бұлауруды «гидрофобия», немесе «судан қорқу» деп те атайды.
Құтырмамен ауырғанаңдар мен жануарлардың мінез – құлқы, жүріс – тұрысы әдеттегіден өзгеріп, оларда оғаш қылықтар пайда болады: мысалы, ит себепсіз үріп, немесе еңсесі түсіп, үретін жерде үрмей, адамдарға, малдарға, заттарға себепсіз тап беріп, өзін-өзі тістеп, тамақ ішпей, көзіне көрінген заттарды: ағашты, тасты, сабынды тістеп шайнайды. Үрген дауысы қырылдап, аузынан сілекей мол бөлінеді. Егер ауырған ит босанып кететін болса, ол бұрылмай, тікелей жүріп, жолдағы кездескен аңдар мен адамдарды алдын ала ырылдамай-ақ, бірден тістейді. Бұл аурумен ауырған ит ауру басталғаннан кейінгі 5 – ші немесе, 6 – шы күні өледі.
Құтыру ауруының алдын алу шаралары?
Құтырудың алдын алу мақсатында жануарлардан жарақат алып, тістелінген, тырналынған немесе сілекейленген жағдайда адамдардың барлығы құтыруға қарсы екпе курсын алу үшін тұрақты мекен-жайы бойынша емдеу мекемелеріне медициналық көмекке қаралуы қажет. Жануарларданжарақаталған, тістелген, сілекейленген немесе тырналған жағдайда жарақат орыны сабынды таза сумен жуылып, жарақат айналасы йодтың спиртті ерітіндісімен залалсыздандырып, міндетті түрде антирабиялық егу алуы тиіс. Әрбір жарақаталған адамды өлімнен құтқарудың жалғыз әдісі – жүйелі түрде құтыруға қарсы екпе алу болып саналады. Егер өзіңізге белгілі иттен немесе мысықтан жарақат алсаңыз, жануарды мал дәрігеріне көрсетіңіз, мал дәрігері жануарды 10 күндік ветеринариялық бақылауда ұстап, сау болған жағдайда – жануардың денінің саулығын растайтын анықтама береді. Жарақаттанған адамға осы аралықта 3 ретегу тағайындалады (0, 3, 7 күндері). Ал егерде жарақаттаған жануар қашып кетіп, табылмаса, белгісіз болса немесе өліп қалған жағдайда құтыру ауруына қарсы антирабиялық 6 реттік егу курсы тағайындалады (0, 3, 7, 14, 30, 90 күндері). Сондықтан мінезінде өзгерістер байқалған жануарларды қамап ұстау қажет, балаларды және өзгелерді күдікті жануарлардан аулақ ұстап, дер кезінде мал дәрігерін шақырту қажет. Ит, мысық асырайтын болсаңыз, жергілікті мал дәрігерлеріне көрсетіп, тиісті кеңес алып, құтыру ауруына қарсы вакцина ектіріп тұруларыңыз қажет. Адамдарға құтыру ауруына қарсы екпелер тегін жасалады!
С.ДЖУНИСАХМЕТОВА,
Жалағаш аудандық санитариялық – эпидемиологиялық бақылау басқарма бас маманы