ТҰМАУҒА БЕЙЖАЙ ҚАРАУҒА БОЛМАЙДЫ
Адам баласы үшін бірінші байлық – денсаулық. Тәні саудың жаны сау деген сөздің де астарында үлкен мән жатыр. Денсаулығы қалыпты адам кез келген істе жетістікке жетуге қабілетті. Ал әлемдегі медицина саласы бүкіл адамзаттың саулығы үшін түрлі аурулардың емін ойлап тауып, саланың дамуы жолында үздіксіз жұмыс істеуде. Әсіресе соңғы бірнеше жыл дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жұмысын күшейітті десе де болады. Коронавирустың таралуы әлем халқын алаңдатты, қанша жанның өмірін қиды, қаншасын жақынынан айырды. Бұл індеттің басталуы тұмауға ұқсас, дене қызуының көтерілуімен белгі бере бастайды. Көбіміз мұны кәнігі тұмаумен шатастырып аламыз да, көп уақыт өткізіп барып, дәрігерге жүгінеміз. Мұның өзі адам өмірін ажалдан арашалауда кедергі болып жатады.
Жуырда осы тұмаудың белгілері, таралуы және аудандағы ахуал турасында аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлзираш Айымбетова БАҚ өкілдерімен брифинг өткізді. Онда Г.Сыдыққызы тұмауға да бей-жай қарауға болмайтынын, ол асқынып кетсе, өкпеге зиян келтіріп, адам денсаулығына айтарлықтай қауіп төндіретінін мәлімдеді.
Қазіргі уақытта ауа райы құбылмалы. Қыстың ызғарынан соң көп жандарда әлсіздік бар. Иммунитеттің де нашарлап, ағзамыздың ауруға төтеп беруі төмендейтін кез. Нақтырақ айтқанда, тұмаудың таралатын мезгілі де осы шақ екенін айтқан сала маманы аталған аурудың көрсеткіші былтырғыға қарағанда біршама өскенін жасырмады.
– Жалпы тұмау және ЖРВИ – маусымдық ауру. Аудан бойынша осы уақытқа дейін тұмау және жедел респираторлы вирусты инфекциясымен тіркелген 523 жағдай болды. 100 мың халыққа шаққандағы аурушаңдық көрсеткіш 1488,4-ті құраған. Бұл деңгей өткен жылмен салыстырғанда 1,1 есеге өсіп отыр. Жыл басынан бері есепке алынған ЖРВИ жағдайларының 96,18 пайызын 14 жасқа дейінгі балалар құраса, оның 40,15 пайызы 1 жасқа дейінгі балалардың үлесінде. Аудан көлемінде ЖРВИ сырқатын жұқтырушылар көрсеткіші де салыстырмалы түрде 1,7 есеге артып, ауданда шектеу іс-шаралары енгізілді, – дейді сала маманы.
Айта кетейік, жыл сайын өңірде тұмау және ЖРВИ-дың таралу қаупі басым эпидемиологиялық маусым алдында тұмауға қарсы екпе ұйымдастырылып келеді. Өткен жылы облыстық бюджет есебінен тұмауға қарсы 3965 доза вакцина алынып, аудан тұрғындарының 11,2 пайызы егумен қамтылған. Олардың 614-і балалар болса, 2452-сі созылмалы аурулары бар ересектер екен, ал 347-сі медициналық қызметкер, 154-і жүкті келіншек екені белгілі болды.
Брифинг барысында айтылған мәселеден бөлек аудандағы жедел респираторлы вирусты инфекциясының эпидемиологиялық ахуалы да сөз болды. Анықталғандай, ауруды жұқтырушылар саны салыстырмалы түрде қарағанда едәуір өскен. Барлығы да ең алдымен сақтық шараларын қатаң сақтау мен медицина мамандарының кеңесіне құлақ түруге байланысты екенін ескерткен Г.Айымбетова вирустың белгілерінен хабардар болудың да маңызы зор дейді. Оның сөзінше, вирустар мен бактериялар тыныс алу жолдарына түседі, шырышты қабыққа түсіп, зиянды заттар уыттар бөліп шығарады, кейін олар қан арқылы барлық ағзаға таралады.
ЖРВИ-мен балалар және иммундық жүйесі әлсіреген адамдар жиі ауырады екен. Иммунитет ауырғаннан кейін тұрақты емес, сондықтан әр адам жыл сайын 3-4 және одан да көп ауыруы мүмкін. Вирустың жұққан-жұқпағанын білу үшін алғашқы белгілерін білудің маңызы зор. Әдетте аталған вирустар жұққан кезде адам ағзасы шаршау, әлсіздік, ашушаңдық сынды белгілерін бере бастайды. Бұдан әрі бұл белгілер бас ауруына, тершеңдікке, бұлшық еттердің сырқырауына, дене қызуының жоғарылауы мен жөтелдің пайда болуына әкеліп соғады.
– Жалпы тұмауға қарсы екпе қабылдау вирустың жұғуының алдын алады. Инфекция ретінде тұмауды толық жою емес, тұмаудан өлім-жітімді және ауруларды, әсіресе оның асқынуларын, жүрек-қантамырлық, өкпе ауруларының, басқа да созылмалы патологиялардың асқынуын азайту үшін қажет. ДСҰ жыл сайын қатерлі топтарға тұмауға қарсы екпе егуді ұсынуда. Мәселен, 65 жастан жоғарыларға, 6 айдан бастап 15 жасқа дейінгі балаларға, медицина қызметкерлері және басқа да көптеген өндірістік байланыстағы адамдарға екпе алудың тигізетін пайдасы зор. Қауіп-қатердің ерекше тобы, яғни бөлек қарастыратындарды жүкті әйелдер, әсіресе екінші және үшінші триместрдегі жүкті әйелдер құрайды, – деді Гүлзираш Сыдыққызы.
Қарап отырғаныңыздай, аурудың жақсысы жоқ. Кез келген ауру адам денсаулығына жеткілікті түрде қауіп төндіре алады. Сондықтан өз денсаулығыңызды өзіңіз бақылауды, аурудың алдын алуды және жауапкершілікті сезінуді үнемі назарда ұстаңыз. Егер қандай да бір ауру, ауырсыну ұзақ уақыт бойы мазаңызды алса, медицина мамандарының көмегіне жүгініңіз. Уақыт өткізіп алу, әртүрлі ем-дом шараларын бір мезгілде қабылдау ауруды одан сайын асқындырып, өміріңізге қауіп төндіруі әбден мүмкін. Брифингте сөз болған тұмаудың өзінен қанша жан аурухана төсегіне таңылуға мәжбүр болып отыр. Сондықтан сала маманының айтқан әрбір кеңесіне құлақ түріп, маусымдық вирустардан аман болуды басты орынға қою керек.
Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ