» » Есептегіш құралынсыз ештеңе үнемдей алмайсыз

Есептегіш құралынсыз ештеңе үнемдей алмайсыз

Бала кезімізде жауын жауса, жарық жиі өшетін. Сонда апамыз: – Ее мына қасқаң тағы өшті ме? Жарықтық, су мен жарыққа төлеген ақшам адал ғой, – дейтін. Түнерген үйде күңіренген әжемнің үніне құлақ асып жатқан біреу бар ма, жоқ па, білмейміз. Біз құлақ түрген жағдайда жарық пен су мәселесінің ойын баласының мұрнына исі де бармайды. Бірақ бірауыз сөзде үлкен мағына жатқанын кейін түсіндік. Қазір Сырдарияның суы тартылып жатыр, мамандар мұның халыққа ауыз су жеткізуге де кері әсері тиіп жатқанын айтады. Кеше Мұрат Елеусіновпен болған екеуара диалогтан кейін апамның бала кезімдегі осы сөзі еріксіз еске түсті.

Мәкең – “Жалағаш ауданының оқшау сумен жабдықтау жүйелерін пайдаланушы” өндірістік бөлімше­сінің басшысы. Ол тұрғындарға ауыз суды үнеммен пайдалану жө­нінде үндеу жариялау үшін редак­цияға бұған дейін де ат ізін салған. Сонда халыққа ауыз суды өз мақ­сатында жұмсап, су есептегіш құ­ралын орнату қажеттігін қаперіне салғанбыз. Мұнан кейін тұрғындар тарапынан су есептегіш құралын орнату жұмыстары бір қарқын алып­ты да, аяғында бәсеңдеп қал­ған. Ал Мәкең жаз айларында аула­сын­дағы бақшасына ауыз суды қоя салатындарға қапалы. Тіпті олар бақ­шаға пайдаланғанына ақы да төле­мейді екен. Ау, бұрынғылардың “жарық пен суға төлеген ақшам адал ғой” деген нақылы қайда қалды? Аста­рына үңілсеңіз, бұл сөздің қара­ма-қайшы басқа да мағынасы бар.

Иә, қазір аяқсудың мәселесі айт­паса да белгілі. Кеше ауданға ат басын бұрған мамандар биыл бұл мәселе былтырғыдан да күрделене түсетінін жасырмады. Ал ауыз суға қатысты мәселенің орын алуына не себеп? Былтыр да кент орталығынан бөлек ауылдық елді мекендерде ауыз судың сығырайып ағатыны, тіпті одан да төмен жағдайға дейін жететіні жайында күңкіл көбейген. Ал әлгіндей жағдайлар тағы да қайталанса, жылдағыдай биыл да мәселені өз қолымызбен жасайтын түріміз бар.

Былтыр Мұрат Елеусінов жер­гілікті халық­тың тәулігіне тұты­натын ауыз су көлемінде айтарлықтай өсім барын қаперге салған. Са­лыс­­тыр­малы түрде талдау жасаған са­ла ма­маны сөзі дәйекті болуы үшін әріге бар­ған жоқ. Мәселен, 2020 жылға қарағанда жала­ғаштықтар былтыр күніне 1,5 мың текше метр куб ауыз су артық тұтынған. Бұл тұста ауыз суды үнемді пайдаланбай, атал­ған мәселені шешудің ауылы алыс екені айтпаса да белгілі. Бірақ осы­ған әрекет етуге енжарлық таныта­тынымыз тағы бар.

Мәкең ауыз суды ысырап ету бір жағынан сала мамандарының жұ­мы­сын да күрде­лендіретінін ай­тады. Яғни халыққа жеткізілетін ауыз су көлемі артқан сайын су айдайтын насостар мен басқа да аппарат­тар­дың бұ­зылуы жиі қайталанатын көрінеді.
Жасыратыны жоқ, Жалағашта соңғы жыл­дары ауыз суды бау-бақ­шаға пайда­ланушылар қатары арт­паса, кемімей отыр. Жауапты ма­манның да айта алмай отырғаны осы. Яғни тұрғындар тарапынан ауыз суды аяқсу ретінде пайдалану мүлде болмаса, ысырапшылдыққа жол берілмейді.

Мамандар қазір үйлеріне тұты­натын ауыз суға су есептегіш құра­лын орнатпайтын тұр­ғындарға қа­­палы. Мәселен, 33 мыңнан ас­там халқы бар Жалағашта 6452 қоныс болса, соның 4103-і ғана су есеп­тегіш құра­лын орнатқан. Ал 2154 отбасы ауыз суды есеп­тегіш құралынсыз тұтынады. Демек, 6452 үйдің 35 пайызына әлі су есептегіш құралы орнатылмаған. Кент халқының 40 пайыздан астамы бұл құралды орнатуға әлі күнге дейін құлықсыздық танытып отыр екен. Ал ауылдық елді мекендерді айтпай-ақ қойыңыз.

Қазір кейбіреулер мұны аяқсу мәселесімен байланыстыруы мүм­кін. Алайда бұл мәселе орын алмай тұрып та ауданда ауыз сумен су есептегіш құралынсыз бау-бақша суару дәстүрге айналған еді. Сон­дық­тан мәселені жасап отырған өзі­міз екенін және оның оң шешімін та­буы да өзімізге байланысты екенін түсінетін уақыт жетті.

Былтыр Есет батыр ауылында тұрғындар бау-бақшаны суару үшін ауласына баспа құдық орнатқан. Бұл – жақсы бастама және оның жергілікті халық тиімділігін көрді. Яғни олар бұрынғыдай ауыз суды бау-бақшаға пай­даланбайды. Мұрат Елеусінов осы тәжіри­бені басқа ауыл тұрғындары да қолға алса деген ұсыныс айтқан еді. Өкініштісі бұл дәс­­түрді ешбір елді мекен халқы жалғап әкеткен жоқ.

Мәкең сол тұста су есептегіш құралын тұр­ғындардың орнату жайы жүргізілген түсін­дірме жұмыстарының нәтижесінде қар­қын алғанын айтқан. Яғни тұрғындар оның тиімділігін тү­сінген. Былтыр су есептегіш құра­лы­мен 1 куб текше метр ауыз су­дың құны 377 теңге 50 тиынды құра­ған. Бірақ халыққа мемлекеттік субсидиямен 1 куб текше метр ауыз су 30 теңгемен берілді. Әрине, бұл тек су есептегіш құралымен ғана. Ал оны орнатпаған тұрғындар айына жан басына 146 теңге төледі. Осыдан-ақ қайсысы тиімді екенін біле беріңіз.

Мәселен, су есептегіш құрал­да­рын орнатпаған көпбалалы жанұя­лар айына шамамен 1500 теңгедей ауыз су ақысын төледі. Ал әлгі құрал орнатылса, олар мәселен, бір айда 3 куб текше метр ауыз су тұтынса, 90 теңге төлейді екен. Сондықтан тұр­ғындар қазір су есептегіш құрал­дарының тиімділігін түсінуі қажет.

Алдағы уақытта ауыз суға қа­тысты тиісті мекеме рейд жұмыс­та­рын жүргізеді. Онда тұр­ғындарға тағы аталған есептегіш құралын ор­нату жайы айтылады. Сондай-ақ ауыз су ақысын бірнеше айдан бері өтемеген тұрғын­дар үйі ауыз судан ажыратылады. Тағы да жала­ғаш­тық­тардың құлағына алтын сырға, есептегіш құралынсыз ештеңе үнем­дей алмай­сыз, осыны қаперден шығар­майық.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЙ


05 сәуір 2022 ж. 688 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 824

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031