» » ТАТУЛЫҚ ТАПТЫРМАС БАҚ

ТАТУЛЫҚ ТАПТЫРМАС БАҚ

Берекенің бастауы – татулықДана халқымыздың «Еркіндік қайда болса – елдік сонда, бірлік қайда болса – ерлік сонда» деген аталы сөзі бар. Тұғырымыз – тыныштық, тірегіміз – тұрақтылық, тілегіміз татулық болса елімізде бірлік те, тірлік те болары сөзсіз.

Еліміздегі барлық азаматтардың құқықтары бірдей. Бүгінде біз – әлем мойындаған, әлемдік өркениет көшінде өзіндік бет-бейнесі, мақтан тұтар мәдениеті, лайықты салт-дәстүрі бар елміз. Сондықтан әлем елдері мемлекетімізден үлгі алуда, біз бұған қуанамыз. Айқын мақсатқа жетер жетістіктерімізді ортақ табыспен сәйкестендіріп, жұмыла жұмыс жасау әрбір қазақстандық үшін маңызды. Оны санамызға серік етіп, жүрегімізбен ұғынуымыз керек. Тұрақтылық негізі – татулық. Ал татулық кез келген елді, халықты тек жақсылық пен ынтымаққа, келісімге жетелейді. Бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырыс-несібесі мол болмақ.

Қазақта «Отан отбасынан басталады» деген сөз бар. Шынында да әр азамат үшін Отан деген ұғымнан кейін отбасы тұрады. Отбасы Отанның әрбір мүшесін дүниеге әкеліп, қанатын қатайтып, ортаға қосатын маңызды орта. Қоғамның қазіргі даму кезеңінде болып жатқан әлеуметтік, саяси және жаңа технологиялық өзгерістерден, ұрпақ тәрбиесіндегі бетбұрыстардан білім мен тәрбие жүйелерінің ісін жаңа сатыға көтеру қажеттілігі туындап отырғаны мәлім. Осыған орай, бүгінгі таңда қоғамның ұлттық мәдени тұрғыдан кемелденуі жастарды өз халқының рухани қазынасымен, ұлттық тәрбиенің озық, өнегелі дәстүрлерімен тереңірек таныстыру, соның негізінде жеке тұлғаны қалыптастырып, оның шығармашылық, рухани мүмкіндіктерін дамыту көзделеді. Өйткені, еліміздің болашағы, оның материалдық және рухани дамуы жастардың білімі мен тәрбиесінің деңгейіне байланысты. Қай халықтың тәлімгерлік тәжірибесі болмасын, ол адамзат атаулыға ортақ рухани қазынаның құрамдас бөлігі.

Қазір біз демократиялық, зайырлы, құқықтық мемлекетте, өркениетті қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Бүгінгі адамдардың барлығының көзі ашық, құқықтық сауаты бар. Бірақ солай бола тұрса да отбасында бірлігі кеткен, татулығы қашқан жандардың қатары көбейіп келеді. Отау құрып, жұбайлық өмір бастаған жастардың көбі отбасы жауапкершілігін сезінбейді, бүгінгі күнін келешекпен байланыстырмайды. Отбасы – шағын мемлекет. Оның өз ішінде ғана сақталатын құпиясы, қағидалары әртүрлі болуы мүмкін, бірақ сол мемлекеттің іргесі сөгілмеуі үшін барлық отбасына ортақ бір ғана ұстаным бар. Ол – жарасым. Ал жарасым – екі жастың бірі-бірін тілсіз түсінісіп, кем-кетігін кешіріп, бірінде жоғының орнын бірі толтырып, екі жарты адамның бір бүтінге айналған татулығынан туындайды. Яғни отбасын сақтайтын – татулық. Өкінішке қарай бүгінде ажырасып жатқан отбасылар заңды некелерін бұзу арқылы бір отбасын ғана емес, мемлекет тұғырының бір кірпішін бұзып жатқанын ескере бермейді.

Әрине, еліміздегі кез келген азамат неке және отбасы туралы заң шеңберінде отбасын құруға және жұбайлық өмірлері жарасым таппаған жағдайда заңды түрде некелерін бұзуға құқылы. Жасыратын несі бар, сотта неке бұзу жөніндегі азаматтық істер жиі қаралады. Судьялар ажырасушылардың арызы бойынша істі қарап, некесін бұзудан көрі, оларды мейілінше татуластырып, отбасын сақтап қалуларына мүмкіндік жасайды. Ерлі-зайыптылардың өз өтініштері бойынша ажырасу туралы ісін қарағанда екі тараптың да уәждеріне құлақ түріп, татуластырып, қайта жарастыруға тырысады. «Неке және отбасы туралы» заңның аясында сотқа жүгінген жұптарға асығыс шешім шығармай, ойлануға 6 айға дейінгі мерзімде уақыт беріледі. Адам болған соң мінезіне қарай бір мезетте сан мәрте көңіл-күйі өзгеріп отырады. Кейде адамдар өз өміріне қатысты қатал үкім шығарады. Әдетте олар мұндай қадамға көбіне ашу үстінде барып жатады. Әсіресе, келешегін ойламай, асығыс шешім қабылдайтындардың дені – ерлі-зайыптылар. Сондықтан ажырасуға шешім қабылдаған ерлі-зайыптылар судья белгілеген мерзімнің ішінде өзара келісімге келіп, қайта тіл табысуы әбден мүмкін және бұл тәжірибеде нәтиже де жоқ емес. Ойланған ерлі-зайыптылар райынан қайтып, істі қысқартуды немесе кейін татуласқан соң сот шешімінің күшін жоюды сұрайды.

Жалағаш аудандық соты жанынан Билер кеңесі, жергілікті атқарушы орган жанынан Отбасылық кеңес және жергілікті мекемелер мен ұйымдарда «Татуласу, сотқа дейін, сотта» шешу мақсатында комиссиялар құрылып, бірлесіп жұмыстар атқарып келе жатқанын айта кеткеніміз жөн және соның нәтижесінде өткен жылдармен салыстырғанда ауданымызда ажырасу фактісінің тіркелуі азайған. Сондай-ақ, медиация кабинеттері, татуласу орталықтары ашылып, осылайша, ел арасында «дау мұраты – бітім» екені кеңінен айтылып, тараптарды татуластыру, болмашы жанжалдарды соттың талқысына шығармай-ақ реттеу үздіксіз насихатталып келеді. Нәтижесі де жаман емес, бұрын бар болғаны санаулы  іс татуласумен аяқталса, қазір бұл көрсеткіш бірнеше есеге артып отыр. Жалпы тараптар арасындағы татулықты сақтап, қоғамдағы даукестіктің деңгейін төмендетуде «Татуласу: сотқа дейін, сотта»  жобасының маңызы да зор десек қателеспейміз.
Сонымен бірге ҚР Азаматтық процестік кодексіне енгізілген «Сотқа дейінгі хаттама» жаңа институты да тараптар арасындағы дауды сот процестерінсіз, яғни соттан тыс тәртіппен шешуге мол мүмкіндік берді. Еріктілік, тараптарының тең құқылығы, медиатордың тәуелсіздігі мен бейтараптылығы, медиация рәсіміне араласуға жол бермеушілік, құпиялық негізінде жүргізілетін бұл жаңа заңдар мен жобалардың тиімді тұстары көп-ақ. Тіпті, қазіргі таңда онлайн-медиативтік келісім жүргізуге де  мүмкіндік бар. Мұндағы мақсат – тараптардың татуласып, отбасында, өз ортасында бірлік-берекенің сақталуы. «Алтау ала болса – ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса – төбедегі келеді» демекші, татулық, бірлік,  ынтымақты ата-бабамыз берік ұстанған. Татулықты ту  еткен ата-баба жолын жалғап, бүгінгі қоғам да татулық таптырмас бақ екенің естен шығармаған жөн.

Б.ИСАҒАБЫЛОВ,
Жалағаш аудандық сотының бас маманы
14 сәуір 2022 ж. 360 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 719

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031