» » Тағылымға толы саяхат

Тағылымға толы саяхат

Аптаның бейсенбісі, таң азанымен күн қақ төбеде шақырайып тұр. Жұмыс орнымызға ертемен келіп алған әріптесім екеуміз сапарға сақадай сай отырмыз. Иә, не сапар деп отырған шығарсыз. «Өткенді танып білмесең, болашаққа қадам баса алмайсың» дейтін халықпыз ғой, біз сәтін салып, тағылымға толы саяхатқа шықтық. Қасымыздағы жол серіктеріміз де өте ерекше. Аудандағы «Альтайр» оңалту орталығының тәрбиеленушілері. Бұл сапар бізді тұтас түркі жұртына ортақ тұлға Қорқыт бабамыздың мемориалдық кешені мен Марал ишан қорымына алып барды.

Жұмыс уақытына таяғанда көптен күт­кен автобусымыз да келді. Көлікке мін­геннен жан-жақтан жәудір көздер жәу­теңдеп, күлім қағып, бірінен соң бірі сәлемін жаудырды. Бүгінгі сапа­ры­мыз­дың тағылымға толы, рухани байы­та­тынын және ең әуелі балалардың рия­сыз қуанышына куә болатынымызды сол сәтте-ақ ұғындық. “Қуанса, бала қуан­сын” демеуші ме еді, иә, бала­лардың жүз­індегі бұл әлемнің қулық-сұмдығынан бейхабар алаңсыз күлкі жүректі елжі­ретіп, бір сәтке болса да балалық шаққа заулатып апарып алып келгендей болды. Жайғасып алып, ішімізден «сәтті сапар болғай» деген дұға-тілегімізді айттық та бағы­тымызға бет алдық. Аз-кем уа­қыт­тан соң Қармақшыдан асып, сан мың туристі таңғалдырған Қорқыт Ата ме­мо­­риалдық кешеніне жеттік. Тұраққа кө­лі­гімізді орналастырып, балаларды ертіп, кешеннің орталығына қарай беттедік.

«Жалпы кез келген адам шыққан тегін, өткен тарихын, сол тарихтың қат­парлы беттеріндегі елеулі оқи­ға­ларды, ел ба­сына күн туған қиын-қыс­тау кезеңдерді білсе ғана өз ұл­тының болмысын толық тани алады. Әсіресе тарихи тұлғалар мен баһадүр батырлардың, дәстүрлі ислам дінімен сусындатқан молда ишан­дар мен ахун­дардың өнегелі өмір­жол­дарын өскелең ұрпақ жадында жаң­ғырту – бүгінгі буынның міндеті» деген «Альтайр» оңал­ту орталығының мең­герушісі Лида Сайлауқызы ерекше ба­лаларды осын­дай саяхатқа жылына екі рет алып келетінін айтады. Осындай игі істің ізін суытпай жүрген кеңжүректі апайдың бұл үрдісіне көңіліміз қуанды.
Айта кетейік, 2015 жылдан бері ерекше күтімді қажет ететін балалардың сауығуына, қажетті ем-дом алуына күш салатын орталық 18 жасқа дейінгі бала­ларды қабылдай алады. Бас-аяғы 10-ға жуық қызметкердің көмегімен талай бүлдіршін қатарға қосылған. «Альтайр» оңалту орталығының меңгерушісі Лида апайдың айтуынша, орталық қыз­мет­керлері күнделікті жоспарлы жұмыс­тан бөлек балалардың көңілін аулап, бос уақытын тиімді пайдалану үшін түрлі шаралар ұйымдастырады екен. Әсіре­се мереке күндері орталық тәрбие­ле­нушілері елеусіз қалған емес. Жергілікті кәсіпкерлердің, ерікті жандардың де­меу­шілігімен мерекелік кештер өтіп, сый­­лықтар үлестіріледі. Балалардың та­рихи орындарға жасаған саяхаты да осын­дай елеулі еңбектің нәтижесі деуге болады.

Кешенге таяғанда байқағанымыз, тұтас түркі жұртына ортақ тұлға Қорқыт бабамыздың басына келушілердің қа­расы қалың. Алдымен баба рухына құ­ран бағышталып, барлығымыз іштей дұға-тілегімізді айттық. Айналаны тү­гел шо­луға кіріскен балалардың қуа­ны­шында шек жоқ. Ал тәрбиешілер болса әр баланың қауіпсіздігі үшін аса сақтықпен, жауапкершілікпен жү­гіріп жүр. Осыған қарап-ақ орталық жұмысының жүйе­лі, балалардың алаң­сыз дамып-же­ті­луіне еш кедергі жоқ екенін білдік. Мұнан соң балалар жел ырғағымен Қобыз үнін есетін ес­керткіш маңында естелік суретке тү­сіп, қызықты жерлерді аралаған соң, мұражайға табан тіреді.

Аңыз бойынша, Қорқыт жастайынан адам өмірінің сонша қысқалығына налып, қашсаң құтылмас ажалға қарсы күрескісі келеді. Абыз баба жан дүниесінің күй­зел­генін басу үшін шырғай ағашынан қобыз жасайды да, оған шек тартып, азапқа толы ойы мен сезімін осы аспап үнімен еседі. Жыршының жан дүниесінен өрілген осы сыбызғы сазы бүкіл әлемге таралды, кереңнің құлағына жетіпті. Сол ықылым заманнан бері Қорқыт әуені мен қобызы оның көзіндей, киесіндей халық жүрегінде жасап келеді. Міне, осындай аңыздан сыр шертетін мұражайдағы кө­рі­ністер мен ондағы тарихи жәдігерлер, ар­хитектуралық қазба кезінде табылған мәдени мұраларды балалар көзбен көріп, қолмен ұстады.

Сапар аясында орталықтың тәрбие­ленушілері үшін өткен ғасырлардан сыр шертетін мәдени мұраларды насихаттау арқылы тарихи тұлғаларды танып, білуге мүмкіндік туды. Қорқыт ата мемориалдық кешенінен шыққан соң, Марал ишан қо­ры­мына аялдадық. Марал ишанның көріп­келдігі, кейбір оқиғаларды алдын ала болжап, айтып отыратындығы жөнінде тарихта аңыз әңгімелер баршылық. Да­нышпан халқымыз әулие-абыздар мен ишан атағына ие болған тұлғаларды қатты қадірлеген. Солардың бірі – 1780 жылы дүниеге келген, өз заманында «үш жүздің пірі» атанған, әулиелігімен танымал болған, Ислам дінінің рухани шамшырағы Марал ишан.

Марал бабамыздың ұлы Қалмұ­хам­мед (Қалқай ишан) Маралұлы да әке жолын жалғастырып, қасиетті діні­мізді қазақ даласына таратқан. Ол Марал бабамыз ашқан мешіт-медрессе жұ­мысын одан әрі жалғастырады. Қал­қай ишанның әулие әрі білімді тұлға бол­ғандығы жөнінде де әңгімелер көп-ақ.

Айта кетейік, Марал баба қасында көп­теген әулие кісілердің сүйегі жатыр. Елге белгілі ишандардың кесенесі де осы жер­де екен. Қасиетті мекен саналатын бұл маңға келушілер ишанның өмір жол­ымен танысып, киелі жерді көзбен көрді.

Киелі жерлердегі кеңістік жүрегімізді шексіз мейірімділікке толтырғандай әсер етті. Жалпы, ерекше тылсым күш сый­ла­­ғандай демалып, рухани та­зарып, қыз­­дар сарғалдақ теріп, ер ба­лалар да­лаға жұпар иісін шашқан жусаннан нәр ал­­ғандай болды. Бастысы, балалар шат­-шадыман, мәз­-мейрам күйге енді. “Қуан­са, бала қуан­сын” деген сөзді іштей қай­­талап, кеудемізді ерекше жайлылық би­леп, бабалар рухына тағзым етіп қайттық.

Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ


26 сәуір 2022 ж. 231 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 719

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031