» » Бекзат болмысты Салхадин

Бекзат болмысты Салхадин

Қазантаев мектебінен дәріс алып, бүгінде ел басқару жұмысына араласып жүрген шәкірттердің бірі – Салхадин Мырзабеков. Ол 1957 жылы Мырзабай ахун ауылында дүниеге келген, 1973 жылы орта мектепті бітіріп, 1974 жылы Қазақтың ауыл шаруашылығы институтына түсіп, оны 1979 жылы «Экономист ұйымдастырушы» мамандығы бойынша бітіріп шыққан.

I

Салхадин Мырзабеков 1979-1993 жыл­дары аудандық ауыл шаруашылық бас­қармасында орынбасар, аудандық Совет ат­қару комитеті председателінің орын­ба­сары, аудандық салық комитетінің төр­ағасы, Еңбек кеңшарының директоры қызметінде болды. 1996 жылдан 1998 жылдың аяғына дейін Жаңақорған ауданының әкімі, 2001 жылдың наурыз айынан 2021 жылға дейін Қазақстан Республикасы Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау Министрлігінің Қы­зыл­орда облысы бойынша департа­мен­тінің директоры қызметін атқарды. Ол – экономика ғылымының кандидаты.

Оның әкесі Мырзабек Оспанов та елге беделді, халық сыйлайтын кісі болған. Ферма меңгерушісі, бақташы, өмірінің соңғы жылдары су шаруашылығында мұрап болып жұмыс атқарып, зейнетке шықты. Өмірінің жақындағанын білді ме, 1970 жылы қазіргі «Мырзабай ахун» елді мекеніне келіп үй бастап, сол жылы үйге кіріп бола бергенде қайтыс болыпты. Балалық шаққа бір сәт шегініс жасаған кейіпкерім отбасы жайында былай дейді:

– Біз бес бала анамызбен қалдық. Мен үйде екінші едім, онда жасым он үште еді. Содан анам мен апам Патиманың арқасында мектеп, институт бітірдім. Инсти­тутты бітіргеннен ке­йін Мәдениет совхозында экономист, кейін Жаңа­дария совхозында бас экономист қыз­метін ат­қардым. Сондағы бір есте қалған жағдай бар еді.

1983 жылдың 7 қараша мерекесін той­лап, 8 қараша күні бас инженер Қ.Тәттібаев түске үйіне шақырып, демалып отыр едік. Түс қайта сыртта бір УАЗ келіп, «сіздерді шақырып тұр» деп бір бала келді. Шықсақ, УАЗ жанында Қонекең тұр. Барып сәлем беріп жатырмыз. Құрманғали үйі конторға және директор үйіне жақын еді. Содан ешкімді таппағасын осында тоқтаған екен. Содан үйге шақырдық, ойланып тұрып кірді. Неге хабарсыз келгенін түсінбедік. Бай­қаймыз, директор немесе парторг та­был­мағанына ренжулі, бірақ сыр берген жоқ.

Кейін партия мүшесінің кандидаттығына өттім. Содан 1985 жылы аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орын­басары босап, кадр іздегенде маған тоқ­тапты. Басқарма бастығы Ойшы Ыс­қақов шақырып, маған осы қызметке ке­луім­ді ұсынды. Қонекеңмен келісілгені ай­тылды. Бірақ мен ол кезде совхозға үйреніп қалғандықтан, экономика жөніндегі орынбасар жұмысының қиындығын білетіндіктен, түрлі сылтау айтып, бас тарттым. Содан аудандық Кеңес атқару комитетінің председателі Мақсұт Әбдіразақов ағайға алып барды, ол жерде де сылтаураттым. Содан Қонекеңе алып барды. Қалтырап-дірілдеп кірдім. Ол кісі орнынан тұрып, амандасып отыруымды сұрады. Хал-жағдай сұрай отырып, «Бала, сені жұмыс біледі дейді ғой, мына жерге жұмыс істе, ар жағын көрерміз» деді.

Бұл жерде мақұл деп қалай айтқанымды білмей де қалдым. Қызметтестер хатшыға қағаз өткізу қиындығын, оның қатты қарайтынын айтып қорқытады. Бірақ менің қағаздарымды ол кісі қаламмен жөндеп, өзімді шақырып, түсіндіріп жіберетін.

Бұл жерде айтпағым, ол кісі мені өзінің қанатының астына алып, тәрбиелеп жүр екен. Менің осындай дәрежеге жетуіме абзал ағадан бастау алғанымды біреу білсе, біреу білмейді. Сондықтан Қонекеңді еске алсам, шындық мәңгі жасайды деген ой келеді.

II

Хош, сонымен жазбамды одан әрі жал­ғастырайын.
Ойым менің тыпыршиды тыншымай,
Аңғарамын әлем сырын тыңшыдай.
Мен жылдарды өткен сонау санаймын,
Мен жолдарға кеткен сонау қараймын, – деп ақын Әбділда Тәжібаев жырлағандай, өткен уақытқа көз жүгіртсек, айтылар дүние көп. 1983 жыл, содан бері алып-қосары жоқ отыз жеті жыл болыпты-ау. Иә, отыз жеті жыл, бұл уақыт ішінде әрбір жеке адамдар өмірінде, қоғамда қаншама өзгерістер болғаны баршаға аян. Сол өзгерістердің ең бастысы – Егемендік алғанымыз. Егемендік алғанымызға да отыз жылдан аса уақыт болыпты. Енді осы жылдар ішіндегі Салхадин Мырзабековтың өмірбаянына қосылатын деректерді қағаз бетіне түсірсек артық етпес.

1987-1993 жылдары аралығында Жалағаш аудандық Кеңес атқару комитеті төрағасының орынбасары, аудан әкімінің орынбасары, аудандық салық комитетінің төрағасы болып қызмет атқарған атпал азаматтың өнегелі өмірі көпке үлгі. Ол 1993-1996 жылдары Еңбек кеңшарының директоры, 1996-1999 жылдары Жаңақорған ауданының әкімі қызметін атқарды. 1999 жылдан облыстық маркетинг департаменті директорының орынбасары. 2001 жылдан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Қызылорда облысы бойынша департамент директоры, 2012 жылдан осы кезге дейін Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығының Қызыл­орда облыстық филиалының директоры болып қызмет атқарды.

Зейнетақы төлеу орталығы 1997 жылы құрылған. Құрылғанына 19 жыл толған бұл орталықтың Қызылорда облыстық филиа­лында 200-дей адам қызмет атқарады. Еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін қызмет көрсетіп, халықтың әлеуетін арттыруға үлес қосып келе жатқан іргелі мекеме. Қызылорда қаласы тұрғындарын қоса алғанда осы облысқа қарайтын 8 ауданға әлеуметтік төлемдердің барлық түрлері бойынша қызмет көрсетіп келеді. Қазіргі таңда облыста халыққа 43 түрлі қызмет түрі көрсетіліп, жылына 55 млрд теңге зейнетақы, жәрдемақы осы орталық арқылы төленуде.

III

Салхадин – өз замандастарына қарағанда еңбекте ерте есейіп, жауапты аты бар қызметке ерте араласып, елдің, халықтың ризашылығына бөленген азаматтың біре­гейі. Атам қазақтың «Жүзі келгеннен түңіл­ме» дегеніндей, байқаған адамға оның жү­зінен жылылықтың лебі есіп тұрғандай кө­­рінеді. Сөйлеген сөзінен, жүріс-тұрысынан сабыр­лықтың, ұстамдылықтың, әдептіліктің, мә­дениеттіліктің, парасаттылықтың белгісі аңғарылады.

Қандай жауапты қызметті жауап­кер­ші­лігіне алғанда ол аспады да, таспады, ыза жерді баспады. Атқарған сан алуан үлкенді-кішілі мемлекеттік қызметте абыройлы бол­ды, жоғары орган тарапынан алғысқа бө­ленді, мадақталды, марапатталды.
Қоғам және мемлекет қайраткері Сейілбек Шаухаманов «Өмір деген – күрес, өмір деген – жарыс, өмір деген – намыс, өмір деген – бәйге» деген еді. Салхадин болса, сол өмірдің белортасында келе жатқан Азамат.

Ақын Мұзафар Әлімбаевша айтқанда:
Азамат өседі ел ішінде,
Жасында шалдар бала боп.
Соңында қалады ісі де,
Сөзі де тозбайтын жаңа боп.
Жасайды халықтың есінде,
Есімі жемісті дала боп.
Немесе туған жер төсінде,
Көз тартар көрікті қала боп.
Азамат туады жасауға,
Жүрмейді жалағай шала боп.
Қалады, қалады қашан да,
Халқына сүйікті бала боп.

IV

Оның мұндай биік сатыларға көтерілуіне жары Рыскүлдің де үлкен үлесі бар деп батыл айта аламын. Себеп азаматтың елге, халыққа танылуы, бақытты шаңырақ аталуы сөз жоқ, әйеліне байланысты екендігіне ешкім де дау айта алмайды. Мәселен, атам қазақта «Жақсы жар – азаматтың бақыты, көш бастайтын жігіттің нары басқа, ел бастайтын жігіттің жары басқа, жігіттің қосы оңбай, ісі оңбайды» деген аталы сөз бар. Бұларға «Бір жақсы бір жаман әр жерде бар, екі жақсы қосылған қай жерде бар?» деген аталы сөзді қоссақ, екі жақсы қосылған бұл отбасынан шыққан балалар да тәрбиелі болып өсуде.

Қазақы әдеппен айтқанда, балалардың аяқ алыстары бөтен емес. Жауапкершілікті жақсы сезінеді. Тәртіпті, мәдениетті, өздері еңбек ететін орталарында, жақсылардың қатарында білімдерін көтерумен тұрақты айналысады. Бұл кез келген ата-ананың ойлаған ойы, аңсаған арманы емес пе?

Таудан аққан тас бұлақ,
Құймай қоймас теңізге,
Жақсы әкеден туған ұл,
Тартпай қоймас негізге, – деген жыр жол­дары осындай отбасылардан шыққан өрен­дерге арналып айтылса керек.

V

Ақындардың алыбы Әбділда Тәжі­баевтың 1981 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан бес томдығындағы «Жол дәп­терінен» деп аталатын жазбасын:
Ойым менің тыпыршиды тыншымай,
Аңғарамын әлем сырын тыңшыдай.
Мен жылдарды өткен сонау санаймын,
Мен жолдарға кеткен сонау қараймын, – деп бастаған еді. Осы өлең жолдарынан алған әсердің арқасында бірнеше мақала жазған болатынмын. Жалпы менің мақала жазу кезінде тыныс алу мақсатында ақын­дардың өлең кітаптарын оқу – та­лайдан бергі әдетім. Осы материалды жазып отыр­ғанымда үйреншікті әдетім бойын­ша арасында 1970 жылы «Жазушы» бас­па­сынан шыққан ақын Аманжол Шам­ке­новтың «Сырларым менің» атты өлең­дер жинағын парақтадым. Ой туралы мұ­ны­мен шектелмей, белгілі жазушы Жа­қау Дәуренбековтың «Ой дауа» атты кіта­бындағы қанатты сөздеріне де көз жүгірттім.

Ол «Ойлы сөз айтылар елде қалады, ойсыз сөз айтылған жерде қалады, ойдың тереңдігі көзден байқалмайды, сөзден байқалады, ойыңды тісіңнен шығармағанмен, ісіңнен өшіре алмайсың, ойлар да қалықтай ұшып бірімен-бірі қауышып жатады, бір өмірден бір өмірге ауысып жатады. Ой-сана біліммен оянады, оймақтай ойдан ормандай сөз туады, ойың әдемі болмай, сөзің әдемі шықпайды, ой түнде оянып, күндіз қыдырады. Ойдың өрісі – өмір, көгені – қызыл тіл, ой – қымбат, сөз – тегін, ойлау – оңай, орындау – қиын. Ойы оңдының ісі оңды, ойсызда өкініш болмайды, ой да ауа райы секілді, ойдың мұратына жетудің ең сенімді жемісті жолы – жаза беру» дейді.

Жазып отырған тақырыбымнан біршама алшақтап кеттім-ау деймін. Оның да себебі бар. Себепсіз салдар болмайды демекші, Салхадин жөнінде «Біздің Салхадин ойлы азамат қой» деген сөзді осыдан 40 жыл бұрын Жаңадария совхозының партком секретары Жолдас Жармахановтан естіген едім. Қанша жыл өтсе де сол сөз кешегідей әліге дейін есімде сақталып қалыпты.

Содан бері қаншама күн, қаншама ай өтсе де, «ойлы азамат» деген сөздің бекерге айтылмағандығын, қағаз бетіне түсірудің орайы енді келді ғой деген тоқтамға келдім. Уақыт өлшемімен айтқанда ауданның Құр­метті азаматы Салхадин Мырзабеков шын мәнінде қай қызметте болсын бекзат бол­мысты ойлы азамат екендігіне біздер куәміз.

Данышпан Абай:
«Мен көрдім дүние деген иттің көтін,
Жеп жүрген біреуінің біреуі етін.
Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда,
Көбінің сырты – бүтін, іші – түтін», – деп қалай тауып айтқан десеңізші.

Шыңғыс АЙБОСЫНОВ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі


04 мамыр 2022 ж. 165 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930