Сәмит Далдабаев
Осы жылдың 20 тамызы күні 82 жасында Сыр елінің аяулы перзенті, қоғам қайраткері, «Құрмет белгісі», «Халықтар достығы», «Құрмет» ордендерінің иегері, Жаңақорған, Жалағаш, Сырдария аудандарының «Құрметті азаматы» Сәмит Далдабаев өмірден озды.С.Далдабаев 1938 жылы қараша айының 5 жұлдызында Қызылорда облысы Жалағаш ауданында қазіргі «Еңбек» ауылдық округінің бұрынғы «Ынтымақ» елді мекенінде колхозшы-шаруаның отбасында дүниеге келген.Туған ауылда жетіжылдық мектепте оқып, 1956 жылы Жалағаш қыстағындағы орта мектепті күміс медальмен бітірген. Сол жылы Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтына түсіп, 1961 жылы мал дәрігері мамандығы бойынша бітіріп шығады. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін жолдамамен Қызылорда облысына оралып, еңбек жолын Тереңөзек ауданының «Тереңөзек» совхозында (қазіргі Шаған ауылдық округі) бас мал дәрігері қызметінен бастап, 1964 жылдан Тереңөзек, Сырдария аудандары, қосылып тұрған жылдарда Сырдария ауданының бас мал дәрігері, аудандық малдәрігерлік станциясының бастығы қызметін атқарды.1965 жылы еңбекшілер депутаттары Сырдария аудандық Кеңесі атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалды.1967 жылдың басында аудандар бөлінгеннен кейін, Тереңөзек аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы және аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары міндетін қоса атқарды.1974 жылы Қазақстан Компартиясы Жалағаш аудандық комитетінің екінші хатшысы, 1975-1979 жылдары Сырдария аудандық Кеңесі атқару комитетінің төрағасы қызметтерінде болды.Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін қазіргі Сырдария ауданында мамандығы бойынша еңбек жолын бастап, жиырма жылға жуық, оның ішінде бес жыл аудандық Кеңесі атқару комитетінің төрағасы болып абыройлы қызмет етті.С.Далдабаев 1979 жылдың желтоқсан айынан 1989 жылдың аяғына дейін алғашқыда халық депутаттары Жаңақорған аудандық Кеңесі атқару комитетінің төрағасы, кейін жеті жылдан астам Қазақстан Компартиясы аудандық комитетінің бірінші хатшысы қызметтерінде болып, ауданның өсіп- өркендеуіне ерекше еңбек сіңірді. Бұл жылдары Жаңақорған ауданының әлеуметтік, мәдени, экономикалық дамуы жоғары деңгейден көрінді. Кезінде жемісті, абыройлы атқарған жұмысы үшін С.Далдабаевты аудан халқы барлық уақытта қадір тұтып, жоғары бағалап келеді.1989 жылдың соңында Қызылорда облыстық партия комитетінің хатшысы болып сайланды. 1991 жылы қыркүйек айында Кеңес мемлекеті және Кеңес Одағы Коммунистік партиясы тарағаннан кейін облыстық Кеңесі атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметінде болды.Тәуелсіз мемлекеттігімізді құрудың, қалыптастырудың аса қиын да ауыртпалығы мол кезеңде, 1992 жылы ақпан айында басқару жүйесіне әкімдік институты енгеннен бастап, 6 жыл Жалағаш ауданының алғашқы әкімі міндетін атқарды.Аудан 1997 жылға дейінгі ел экономикасындағы күйзелісті зардапсыз, ұйымшылдықпен өткізді. Ауыл шаруашылығы кәсіпорындары, елді мекендер бөлшектенбей, ыдырамай тұтастығын сақтады. Негізгі дақыл – күріш егісінің көлемі де, өнімділігі де өз дәрежесінде облыста алдыңғы қатарда болды. Ауданда бірде-бір әлеуметтік, мәдени орындар, балабақшалар талан-таражға түскен жоқ.С.Далдабаев қай жұмыста болмасын абыройлы еңбегінің нәтижесінде 1997 жылдан 6 жыл облыстық Тәртіптік Кеңесінің төрағасы, саяси мемлекеттік қызметінде болып, 2003 жылы мамыр айында зейнетке шықты.Сәмит Далдабаев ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, 1978 жылы СОКП Орталық Комитеті жанындағы Жоғарғы партия мектебін бітірді, Алматы қаласындағы Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінің құрметті профессоры. Зейнет демалысына шыққаннан кейін де Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде аға оқытушылық қызметін атқарды.2006 жылдан селолық тұтыну кооперативтері облыстық қауымдастығы (ассоциациясы) қоғамдық ұйымының төрағасы.С.Далдабаев 1965 жылдан 30 жыл үзіліссіз Тереңөзек, Жалағаш, Сырдария, Жаңақорған аудандық Кеңестерінің, 1975 жылдан 20 жыл Қызылорда облыстық Кеңесінің депутаты болып сайланды. 1973 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Қазақ ССР-на еңбегі сіңген ауыл шаруашылығы қызметкері атанса, 1998 жылы Ел Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қызметкер құрметті атағына ие болды.1971 жылы «Құрмет белгісі», 1981 жылы «Халықтар достығы» ордендерімен, Кеңес Одағының 2 медалімен, 3 ескерткіш медалімен, 2010 жылы желтоқсан айында Қазақстан Республикасының «Құрмет» орденімен, 5 мәрте Қазақстан Республикасының ескерткіш медальдарымен, бірнеше рет орталық, облыстық басқару органдарының Құрмет грамоталарымен, алғыс хаттарымен марапатталды.Жолдасы Өміртайқызы Айгүл – мұғалім, 3 ұл, 6 қыз бала тәрбиелеп, өсірген үлкен отбасының анасы.Қорыта айтқанда, Сәмит Далдабаев Қызылорда облысының 4 ауданында (оның ішінде 23 жыл 3 ауданда бірінші басшы), 10 жылға жуық облыстық партия Комитетінің хатшысы, облыстық Кеңесі атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары, облыс әкімдігінде басшылық қызметтер атқарып, Сыр елінің өсіп-өркендеуіне үлкен үлес қосып келе жатқан республикаға белгілі азаматтың бірі болды.Қазыналы қария, абыз ардагер Сәмит Далдабаевтың жарқын бейнесі Сыр елі халқының жадында мәңгі сақталады. Оның ғибратты ғұмыры мен игі істері ұрпаққа үлгі болып қалады.
Қызылорда облысының әкімдігі, облыстық мәслихат, «Nur Otan» партиясының облыстық филиалы, облыстық Қоғамдық кеңес және облыстық Ардагерлер кеңесі