» » Жүрегінде ай мұңайып, күн күлген

Жүрегінде ай мұңайып, күн күлген

Тоқсаныншы жылдардың аяғында «Ай да, Күн де...» деген әнді ел түгел айтып жүрді. Әсіресе той-томалақта ауыл ішіндегі өнерпаздар қосыла шырқайтын. Әннің алғашқы орындаушысы – белгілі әнші Нұрлан Өнербаев. Нұрлан ағамыздың қазақы қоңыр дауысымен бұл ән тіпті жанданып, ә дегенде-ақ тыңдаушысын елітіп, ғаламат әсерге бөледі. Жүректен-жүрекке жетті. Мүмкін, танымал туындының өлеңін де, әуенін де жазған ақын әрі сазгердің өз басынан кешкен махаббат әурелеңі болған соң сезім пернесін дөп басып, ел арасына тез тарап кеткен шығар.

Бір қызығы, бұл әннің мәтіні ел арасында көп талқыланып, әсіресе ауылдағы отбасы, ошақ қасындағы келіншектер сан-саққа жүгіртті. Біреулер «Нұрлан Өнербаевтың екі әйелі бар екен, соларға арнаған екен» десе, енді біреулер «бір танымал саяси тұлғаның көңілдесіне арнап тапсырыспен жаздырған дүниесі екен» деген қауесет таратып жатты. Иә, расында әннің сөзі көңілдерге «күдік» ұялатқаны да рас.

Мәселен:
«Өмір сүріп Күнменен,
Айды сүйдім түнде мен.
Ай да, Күн де жақсы ғой,
Бірін-бірі білмеген», – деп қайта­ланатын қайырмасы бір тыңда­ғанда-ақ ойыңды әрі-сәрі қылады. Одан бөлек:
«Аман болып қайда да,
Жүре берші жайна да.
Түн қойнында болмай ма,
Сүйсінуге Айға да», – дейді тағы.

Қалай болғанда да, автордың жан дүниесіндегі буырқанған сезім толқы­нысы әуелі өлеңге, одан соң сазға ай­налып, тыңдарманның көңіліне қонақ­тады.

Мен ақын, сазгер Қайрат Дүйсеновпен 2013 жылы таныстым. Алғашқы кіта­бымның жарық көруіне де қолғабыс еткен, тіпті алғысөзін де жазған осы Қай­рат Дүйсенов еді. Кейін Алматыға барғанда бірер мәрте кездесіп, әңгіме­лестік. Сыйластығымыз ағалы-інілі ру­хани достыққа ұласты. Жырларының бәрі – өзінің жібек мінезіндей жүрек қылын шертетін нағыз лирика. Әңгіме арасында атақты әннің шығу тарихын сұрадым. «Жұрттан түрлі нұсқасын естіп жүрсің ғой. Енді өз аузымнан дұрыс нұсқасын тыңда» деді жымиып.

– Бұл ән 1988 жылы жазылды. Өлеңінің де, әуенінің де авторы – өзім. Отбасын жаңа құрған кезім. Жасым жиырмадан енді асқан. Сәл кешіксем де қазақ зиялыларының табы қалған қара шаңырақтан кәсіби білім алғым келді. ҚазМУ-ға құжат тапсырып жүріп, бір қызбен таныстым. Екеуміз емтиханға бірге дайындалып жүрдік. Жаяулатып бірге қайтамыз. Әдеттегідей әсем Алматының әрбір жылт еткен көрінісі ғажайып өлеңге айналардай тамылжып тұрған мезгіл. Жолымызда қалың аққайыңдар өседі. Сол сұлу табиғаттың әсері бойдағы сезімді еселеп жібереді. Мен өлең оқимын. Ол нәркес жанарын төмен салып тыңдайды. Ол да өлең жазады екен. Бірақ оны кейін білдім. Төле би мен Масанчы көшелерінің қиылысынан Әуезов көшесіндегі «Алма­ты кілем» тоқыма фабрикасының жа­тақханасына дейін шығарып салып, өзім Розыбакиевтегі АЗТМ-ның жатақ­ханасына қайтамын. Күнделікті жолда екеуміздің арамыздағы әңгіме әдебиет төңірегінде өрбиді. Мен одан отбасылы екенімді жасырғам жоқ. Тіпті әңгімеміз махаббат арнасына бұрылғанда мен ол тақырыпқа бармауымыз керек екенін ескертемін. Ондайда құрбым мұңайып қалады. Бірақ күндер өте келе бір-бірімізге бауыр басып қалдық. Бірде қайтар жолдағы аққайыңдардың ара­сында қыз мені құшақтап, өзінің шын сүйіп қалғанын айтты. Әдепкіде жү­регім аузыма тығылып, абдырап қалдым. Бірақ тез ес жиып, үлкендігімді білдірдім. Некелі жарымды сүйетінімді, екеуміздің арамыздағы алдамшы сезім екенін жет­кізіп, қызды сабасына түсірдім. Қыз­дың жанарынан мөлдір моншақтар үзіліп түсті. Мен отбасымды бұза алмай­ты­нымды, тек ағалы-қарындас болып сый­ласып қалатынымызды айтып, жұ­­баттым. Бірақ сол сәтте менің де көңі­лімді өзіме түсініксіз бір астаң-кестең дауыл аласапыран етті. Ол қыздың есімін әлі күнге дейін ешкімге айтқаным жоқ. Ол менің ішкі сырым болып қала береді. Міне, әнге арқау болған махаббат оқиғасы осы ғана, – деді ақын.

Автордың басынан өткізген сол бір өң мен түстің арасындағы ғажайып сәттерін:
“Суға сіңген заттайын,
Тұңғиыққа батпайын.
Жаным сені сүйемін,
Оған куә – аққайың”, – деген әннің алғашқы шумағы айтып тұр.
– Жаңа да айттым ғой, ол қызбен ара­мызда жұрт күдік қылатындай ештеңе де болған жоқ, тек алаулап тұрған жас­тықтың оты ғой. Ол оттан екеуміз де (өзін және әннің кейіпкерін айтып тұр. Қ.А) аманбыз. «Өлең шіркін өсекші, жұрт­қа жаяр» дейді ғой Абай. Менің де ба­сымнан өткен сол махаббат оқиғасы қу жас­тықтың құмарлығы баяғы, – дейді Қайрекең.

Иә, автор оны да әнде бүкпесіз айтып, мойындайды.
“Түсіністік, сыйластық,
Арада бар қимастық.
Өткен күндер өтті ғой,
Кімде болмас қу жастық”
Аталған әннің тарихы жайында ел алуан түрлі болжам айтса да кейіпкерлердің арасындағы байланыс тек сыпайы сыйластықтың, мөлдір сезімнің шекарасынан шықпаған.

...Қайрат ағам екеуміздің арамыздағы сыйластыққа болмашы жайттан сызат түсіп, байланысымыз бірнеше жыл үзіліп қалған. 2020 жылдың жазында жұқпалы індеттің буындырып тұрған кезі болатын. Бір күні кешке әлеуметтік желідегі қосымша мессенджер байланысынан жазбаша хабарлама келді. Қайрат Дүй­сенов екен. «Ассалаумағалейкүм! Әй, арқалы інім, мен сені мінезің үшін емес, поэзияң үшін жақсы көремін. Тек бірбеткей қыңыр мінезің болмаса, тамаша жігітсің. Бойыма қарамай, менде де аздап мінез бар. Телефон шалып ала алмадым. Қуат, сенің кітабыңды шығарғанда-ақ өзіңді жақын адамымдай жақсы көріп кеттім. Сендей іні жолықтырғаныма қуандым. Поэзиядағы өз жолыңды тапқаныңа сүй­сіндім. Тауы, жотасы болмаса да сенің өлеңдерің арқылы өмірімде бармаған, көрмеген Жалағаш маған ең бір жақын, ыстық мекенге айналғанын біле жүр. Мендей жаман ағаны керек етсең, хабар­ласарсың» деп телефон нөмірін қалдырыпты.

Жүрегім солқ ете қалды. Не деген кішіпейілділік! Дереу жауап жаздым. Ақталдым. Кішірейдім. Ертесіне қоңырау шалды. Маған хабарласқандағы ша­руасы, өзі төрағалық ететін одақтың Лондондағы бөлімі арқылы қазақ ақын­дарын ағылшын тіліне аударып жатыр екен. Соған менің бірнеше өлеңімді сұрады. Қуанып қалдым. Бірақ сол кезде жөтелге булығып, әзер сөйлесті. Науқастанып қалғанын айтты. Екі күннен соң таңертең әдеттегі үйреніп қалған дағдымен фейзбук желісін аштым. Парақшаның бірінші бетіне қазанама шықты. Суреттегі таныс бейне. Кеше ғана сөйлескен Қайрат Дүйсенов өмірден өтіпті. Жұрт жапырлап жақындарына көңіл айтып, жұбату сөз жазып жатыр. Тұла бойым шымырлап кетті. Әдепкіде сенбедім. «Кеше ғана тілдесіп едім ғой» дей бердім іштей күбірлеп.

Сөйтіп әнсүйер тыңдарманның, өлең­сүйер оқырманның көзайымына ай­налған Қайрат ағамыз өтті жалғаннан. Бірақ оның артында қалған «Ай мен Күні» халықтың жүрегінде мәңгі жасай береді. Ақын өзі сүйген өмірді мәңгі сүру үшін де артына сондай өміршең туынды қалдырды...

Қайрат Дүйсенов ҚазМУ-дың журна­листика факультетін бітірген соң рес­публикалық газет-журналдарда әдеби қызметкер, бөлім редакторы және Қазақ радиосы мен «Хабар» теле­ком­паниясының Халықаралық «KASpionet» телеарнасында редактор болып еңбек етті. Сонымен бірге «Халықаралық жазу­шылар одағы» баспасының директоры және бірнеше танымал сайттың редак­торы болды.

Өмірінің соңына дейін «Бейбітшілік әлемі» халықаралық қазақ шығар­машылық бірлестігіне қарасты Халық­аралық Жазушылар одағы төра­ғасының міндетін атқарып, көптеген халықаралық қоғамдық іс-шаралар мен ғылыми-тәжірибелік конференциялар өт­­кізді, ұс­­таздарға арналған арақа­шық­тық­тағы конференциялар ұйымдас­тырды және «Әлем халықтары жазу­шылары ода­ғы» қоғамдық бірлестігін ашып, соған төр­ағалық етті.

Қуат АДИС

04 мамыр 2022 ж. 239 0