» » Бала тәрбиесі бәрінен маңызды

Бала тәрбиесі бәрінен маңызды

Биыл – балалар жылы. Бірінші тоқсанның біткені кеше, жыл басынан бері қанша жүйелі жұмыстар жасалды бұл тұрғыда. Ең әуелі биылғы жылдың жемісі – балалар әдебиетіне, оның дамуына, кенжелеп қалмауына назар аударылып, осы мөлдір әлемге қаламымен саяхат жасайтын, бала жанын ақ параққа айнытпай түсіретін ақын-жазушылардың шығармалары насихатталуда. Қысқасы, балалар әдебиеті осы жылы қолдаусыз қалып жатқан жоқ. Бала – бәріміз үшін өмірімізді жалғайтын ұрпағымыз, тіпті елдің даму көшін бастайтын ертеңгі текті тұлға. Осы бүгінгі буын халықтың тектілігінен ажырап қалмауында қазіргі қоғамның сіңіретін еңбегі зор болуы керек. Әрине қоғамға ортақ болғанымен, ең әуелі ұстаз бен ата-ананың рөлі маңызды. Баланы жастан емес, ана құрсағынан бастап тәрбиелеу керек екенін айтқан кент тұрғыны, аяулы ана, ардақты ұстаз Айгүл Тасжанованың сөзінің жаны бар. Өзі – бірнеше баланың тәрбиесіне жауапты ата-ана, сондай-ақ саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған жан. Отбасында өз балаларына аналық мейірімі мен тәрбиесін берсе, Ш.Ермағанбетова атындағы №246 орта мектептің бастауыш сынып оқушылары үшін келешекке бағыт-бағдар көрсететін ардақты ұстаз. Бүгін онымен сұхбаттасудың орайы келді.

– Айгүл Жаңабергенқызы, сіз ба­ланы ана құрсағынан бастап тәр­бие­леудің қан­ша­лықты маңызды еке­нін айттыңыз. Сөзіңізді тар­қата кет­сеңіз...

– Баланы жастан емес, тіпті ана құрсағынан бастап тәрбиелеудің маңызын қазақ халқы ертеден-ақ түсінген. Бала дүниеге келгенге дейін­гі құрсақтағы ке­зеңде алған әсері, естіген, сезінген жайт­тардың барлығы сәби бойын­да қалады. Сол себепті нәрес­тенің ана құрсағындағы тәр­биесі маңызды орын алады. Ғалым­дардың айтуынша, сәби құрсақтағы өмірінде анасынан нені көп үйренсе, нені көп білсе, бала дүниеге келгенде сол нәрсені тез игереді екен. «Сүтпен біткен мінез сүйекпен кетпек» деген осы болса керек. Ал жарық дүниеге келгеннен бастап жайлы, толыққанды отбасында өсіп, жетілген бала қоғамға пайдалы азамат болары анық. Салиқалы ұрпақ, саналы азамат тәрбиелеуде ата-ананың сіңірер еңбегі зор. Бала бойына керегі – мейірімділік пен адамгершілік. Кез келген бала жаңа отырғызылған тал шыбық секілді ата-ана сүйіспеншілігіне шөліркеп тұрады. Сондықтан мен баланы құрсақтан бастап тәрбиелеу керек екенін айтудан жалықпаймын. Ананың ол үшін көңіл-күйі, іштегі балаға деген махаббаты, бәрі-бәрі қалыпты болуы қажет. Құр­сақтағы баланың дені сау болып туы­луы үшін дұрыс тамақтану, жақсы әуен­дер тыңдау, салауатты өмір-салтын ұс­танудың да артықтығы жоқ. Ең бастысы бала тәрбиесінде кешікпеу керек.

– Бүгінде бала тәрбиесі туралы сөз болғанда еріксіз смартфондарға тәуел­ділікті қосарлап айтамыз. Өйт­кені бұл тәуелділік заман алға жыл­жыған сайын дендеп барады. Сіз не дейсіз?

– Бала тәрбиесінде ата-аналар та­рапынан кетіп жататын қателіктердің қатарында көп көңіл бөлмеу де бар. Осындай қарбалас тіршіліктен тұратын өмір бала мен ата-ананың арасын алшақтатқан секілді. Таң атысымен күй­беңмен кеткен әке-шеше қас қарай­ғанда шаршап үйге келеді. Мұндай жағдайда балаға көңіл бөле қоюы екіталай. Бірақ қанша шаршасаңыз да уақыт тауып баланың күні бойы не істегенін, сабаққа үлгерімі қалай екенін, әлеуметтік желіде қанша сағат отырғанын сұрап, азын-аулақ баламен байланыс орнатқан дұрыс. Әсіресе бүгінгі таңда әлеуметтік желінің әлегі көп. Оң-солын танып, білмеген жасөспірімдер үшін аса қауіпті тұстары жетерлік. Бірнеше жылда бір дүркін елді шулатқан суицидке итермелейтін ойындар түпкілікті тиылмады. Білместік те, өз өмірін қию да қолдаусыз, қараусыз қалған жасөспірімдерден шығады.

Мен өзім де педагог ретінде айтарым, ең алдымен баланы тыңдай білген жөн. Ашылып әңгіме айта алған бала ер­жет­кенде өзіне керегін білетін, өмір жолын таңдай алатын жеке тұлға болып қалыптаса алады. Ал керісінше, баланы не болса содан тиып отырсаңыз, біржақты ғана тәрбие бергеніңіз. Әке-шешенің қа­талдығы, тиым салу жеткіншектің қы­зы­ғушылығын шектеп, ынжықтыққа, тұйық­талуға апарады. Мұндай балалар ер­жеткен сайын қателікке бой алдырғыш, өз мақсатын білмейтін, тек өзгенің жетектеуімен өмір сүруге қалыптасып кетуі әбден мүмкін. Көбіне смартфонға тәуелділікке бой алдыратын балалардың көбі – осындай қараусыз жеткіншектер. Яғни ата-ана мен баланың арасындағы байланыс үзілсе немесе баланы тым еркелетіп ауызынан шыққанын қағып алып отырсаңыз, тілазар баланы қалып­тастырып жатқаныңызды түсіне беріңіз. Сымсыз құрылғыға баланы жа­қын­дат­пай отыра алмассыз, дегенмен бар­лығын уақытымен реттеуге бо­лады. Заман сондай екен деп, қолына алаңсыз телефонды таңып қою баланың болашағына балта шабумен тең деп ойлаймын.

– Сіз білім саласында қызмет етіп келесіз, бір жағынан бала тәр­биелеп отырған ата-ана­сыз. Бала­ларыңыздың оқуға ын­тасы қа­лай? Балаларыңыз бос уақыт­ын­да немен айналысады?

– Иә, мен ұстаз атты ұлы мамандықты арқалап келемін. Алдыма келген әрбір балаға саналы тәрбие беріп, білім нәрімен сусындатып жүргенімді мақтаныш санаймын. Себебі өз мамандығымның адамзат үшін қаншалықты ардақты екенін жақсы білемін. Ең бастысы, жауапкершілікті бірінші орынға қоямын. Қоғамның ертеңгі буынын бүгінгі ұстаздар – біздер қалыптастырып жатқанымызды өзіме үлкен жүк деп есептеймін. Менің мектеп жасындағы 3 балам бар. Өзім педагог болғандықтан ғана емес, ата-ана ретінде де білімнің мыңды жығатынын білемін. Сондықтан балаларымның оқу­ға деген ынта-ықыласының әрқашан жо­ғары болуын жіті қадағалаймын. Шүкір, балаларым мектеп қабырғасында бел­сенді, әртүрлі жарыстарға, жобаларға қа­тысып жүлделі орындарға ие болып ке­леді. Мектеп мұғалімдерінің де білім берудегі кәсібилігіне, сабақ берудегі жа­ңа­ша әдіс-тәсілдеріне көңілім толады. Өзім де мұғалім болғандықтан, кез келген мұғалім баланы жаман болсын демейтінін білемін.

Жасыратыны жоқ, жаңа жоғарыда айтқанымыздай, қазір – үлкен де, кіші де телефонға тәуелді болған заман. Оған кінәлі – өзіміз. Кейбір балалардың осы тәуелділіктен тілдерінде мүкістік көп, дыбыстарды дұрыс айта алмауы пайда болды. Бала тыныш болсын деп өзіміз телефонды беріп, жан тыныштығымызды ойлаймыз. Ол бала не көріп жатыр, не үйреніп жатыр, оны қадағаламаймыз. Мен өзім үйде балаларыма телефон бермеймін. Балабақша жасындағы қыздарымның үлкендері ертегі оқиды, бір-бірімен ақылдасып отырып сурет салады. Бос уақыттарын тиімді ұйымдастыруды о бастан-ақ әдетке айналдырдым.

– Баланың кітап оқуға деген қызығушылығын қалай арттыруға болады?

– Бүгінде ақсап тұрған тәрбиенің бір өзекті тұсы осы балалардың кітап оқуға деген қызығушылығының төмендігі екенін айтуға болады. Оның да себебін тағы заманға әкеп телиміз ғой. Бірақ шындығы сол, айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызатын сымсыз құрылғы пайда болғалы рухани азық беретін алтын кен – кітап бетін парақтайтын жастардың қатары сиреді. Кітапханаларға барып, ізденіп, оны парақтап, сан тарауын талдағаннан, көз майын тауысып оқып шыққаннан қолындағы смартфоннан лезде оқи салғанды оңайырақ көреді. Кітап оқығаннан көз майын тауысамыз дейтін сол жасөспірімдер қалта телефоннан бөлінетін сәулелерден көз жанары солып қана қоймай, адам ағзасының басқа да мүшелері зақымданып жатқанын сезбейді. Смартфон тек көз жанарын ғана алмайды, ол мидың жұмысын да кешеуілдететіні дәлелденген. Өйт­кені смартфонда бәрі көз алдыңда тұр­ғандықтан, ми ойлау, қорыту сынды функцияларын атқармайды. Мұнан кейін мидың осы қабілеттері біртіндеп жұ­­мы­сын тоқтатып, дамуы кешеуілдей бас­тайды. Бала шаршаңқы, агрессивті, тұйық бола бастайды.

Жалпы баланың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру үшін өте жо­ғары деңгейде жұмыс істемесеңіз, нә­­тижеге жету қиынырақ. Балаға ұры­­­сып, телефонын тартып алып, кітап­ха­наға кіргізіп жібергеннен түк шық­пайды. Бала өз еркімен ізденетіндей тәсіл­­дерді қолдану қажет. Бұл ретте мектеп мұғалімдерінің еңбегі зор. Яғни мектептегі білім беру процесі бірізді болмауы керек деп ойлаймын. Әр пәннің өзіндік ерекшелігі болғаны сияқты, сол пәннің мұғалімі баланы қызықтыру үшін әр сабақты тыңғылықты дайындықпен жоспарлауы тиіс. Жаңаша әдіс-тәсілдер, ойындар, интеллектуалды сайыстар сабақ оқуға деген ынтаны оятады, баланы жігерлендіреді. Шытырман оқиғаға толы немесе оқиғасы қызықты кітаптарды толықтай оқып, сыныпта талдаудың да берері көп. Ең бастысы бала оқуы керек деп қолына кез келген кітапты бере салмау керек. Оқыған кітабын бірге отырып талдау, не түсінгенін сұрап бөлісу де оң нәтижеге жеткізеді.

– Сөз соңында айтарыңыз...

– Қазақтың хас батыры Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова апамыз бір сөзінде «Қазақ халқы шаңырақты, бесікті, табалдырықты қа­сиет тұтқан. Бұл үшеуін ешқашан аяқпен баспаған. Бұл үшеуі қашанда бірімен бірі байланысып, ұштасып жатады. Осынау қасиетті үш затты қатты тозып, тым ескірген кезде де аяқтың астына тастамай, өртеп жіберетін болған әрі күлін де аяқасты қылмай, көміп тастаған» дейді. Осы бірауыз сөзбен-ақ қаны қазақ кез келген адамның бойында аталған қасиетті құндылықтарға деген шексіз құрмет болуы керек екенін ұғындырады. Мен не себепті бесіктің киесін айтып отырмын? Өйткені бесік – баланың ең алғашқы ұясы, құтты мекені. Ана құрсағынан анасымен сырласқан, бе­сікте жатып бесік жырын естіген, ана­сының құшағын сезе отырып ақ сүт емген, уызына жарыған бала қазақы болмысын еш уақытта жоғалтпайды. Ал бауыр етің балаң үшін ата-ана ретінде өміріңнің соңына дейін бағдаршам болу – міндет. Қысқасы «Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада» екенін естен шығармайық.

Әңгімелескен
Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ


04 мамыр 2022 ж. 461 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 824

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031