» » Ел болашағына бейжай қарамайық

Ел болашағына бейжай қарамайық


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел болашағын таңдауды өзімізге беріп отыр деп есептеймін. Себебі референдум арқылы әр азамат өзінің таңдауын жасамақшы. Осыны түсініп, әрқайсымыз бір кісідей референдумға қатысып, өз қалауымызды жасауға тиіспіз. Бізде көптен бері қалыптасқан орынсыз ұғым пайда болған, «өй, сайлау бізсіз де өтеді» және «біз үшін дауыс беріп қойған» деген. Әрине сайлауға бармасаң, дауысыңды пайдаланбай қайтеді, осыны біле тұра үйде отырып алып кімге өкпелейміз, ағайын.

Еліміз қазір қалай атасақ та, мейлі «Жаңа Қазақстан» дейік, мейлі «Екінші Қазақстан» деп атайық, осы референдумнан соң үлкен өзгерістер алдында тұр. Жаңа реформалар жасау жолындағы маңызды іс-шара ел азаматтарының игілігі үшін жасалып отыр. Барлығы 33 бапқа елудей өзгеріс енгізілмек, бәрін атап өту мүмкін емес, дегенмен бір-екеуіне тоқтала кетейік.

Мысалы, Конституциямыздың 6-бабының, 3-тармағы былай өзгертіледі: «Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі» деп аталады. Демек, жалпытілмен айтқанда, жер – халықтікі, мемлекет оны пайдалануға халықтан алады. Ал бұрынғы редакциясында жер мемлекеттікі еді, халық пайдаланушы еді. Керемет таңдау, неге осыған дауыс бермеске, ағайын.

Тағы бір мысал, үлкен саясатта жүр­ген, оппозицияда жүрген тұлғаларға, сөз бос­тандығы, еркіндік беріледі, қудалау орынсыз болмайды. «Адам құқықтары жөнін­дегі уәкіл тәуелсіз болады және ешкімге есеп бермейді» деп жаңа Ата Заңымыздың 83-бабының 1-тармағында айқын жазылған. Бұл бұрын-соңды болмаған. Міне, осы сияқты өзгерістер көп. Ата Заңымыз төрт рет Парламент арқылы өзгертілді, бұл жолы халыққа ұсынылып отыр. Сондықтан да 5 маусым күні болатын саяси науқанға аса бір жауапкершілікпен қарап, қатысып, өз таңдауымызды жасайық.

Ө.Аманов,
Жалағаш аудандық
қоғамдық кеңес мүшесі,
алқа мүшесі


26 мамыр 2022 ж. 315 0