ЖЫЛ ОН ЕКІ АЙ ӨНІМ беретін ЖЫЛЫЖАЙ
![](/uploads/posts/2018-04/medium/1524028130_11.jpg)
Егілген өнімдердің еркін әрі өрмелеп өсуіне ыңғайлы керілген тор жібінің өзі Алматы қаласынан әкелініпті. Алғашы рет ақпан айында 360 түп қияр, 360 түп қызанақ, шалғам (редиска), аскөк, ақжелкен және гүлдер егілді. Оған қажетті тыңайтқыштар мен тұқымдар Оңтүстік Қазақстан облысынан жеткізіліпті. Өнімді күтіп-баптайтын аграномдар да осы колледждің мамандары.
Жалпы, ондағы құрылғылардың барлығы заманауи әрі біздің ауа райына ыңғайластырылған. Ал, жылу жүйесі мен тамшылатып суару құрылғысына барлығы 300 мың теңге жұмсаған. Жарықтандыру әдісі қарапайым, жылыжай көмірмен жылытылады. Осы тұста бұл агрокешен өз шығынын ақтайды ма деген сауал туындайды. Колледж басшысы Ғ.Серікбаев өнім ойдағыдай болса, жылына 1 млн 500 мың теңге пайда табуға болатынын алға тартты.
– Мұны қолға алмас бұрын басқа өңірлердегі жылыжай шаруашылықтарын аралап көрдік. Басым көпшілігі көмірмен жылыту әдісін қолданады екен. Өздеріңізге белгілі, жылыжайда көкөніс өсіру көп еңбекті қажет ететін процесс. Жемістің әр түрін өсірудің өзіндік құпиясын меңгеру қажет. Бұған біз студенттерді тартудамыз. Өндірістік шеберлер олардың бұл дүниелерді көзбен көріп, қызығушылық танытуына ықпал жасауда. Сырттан келетін көкөніс өнімдерінің орнын өз жерімізден шыққан өнімдермен алмастыруды ойлаймыз. Ұтымды технологияның арқасында жыл он екі ай бойы көкөніс өндіріп, тұтынушыларға ұсыну мүмкіндігі қарастырылып отыр. Бұған қоса колледжде Фермер мамандығы «Жеміс және көкөніс өсіруші» біліктілігі бойынша оқып жатқан студенттер “Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы” аясында жұмысқа орналаса алады, – деді колледж директоры.
Мұндай жылыжайды дамыту бүгінгі күннің өзекті мәселесі екені рас. Себебі, өзіміздің бақша піскенше, өзгеге мойын созатынымыз, базар бағасын одан әрі қымбаттата түсетіні тағы бар. Ал, бұл орайда жаңалыққа жаны құмар өңірдегі колледж басшысы жылыжай шаруашылығын одан әрі дамытуға ниетті.
Биыл өңірде «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы». Осы мақсатта аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес әр елді мекенде жылыжай салу бастамасы қолға алынады. Енді көп ұзамай жыл он ай өнім беретін кешендер өзіміздің өңірде де көптеп салына бастайды.
Н.ҚАЗБЕКОВ.