«БАБАЛАР АМАНАТЫ» – ҰЛТ БОЛАШАҒЫНЫҢ БАҒДАРШЫСЫ
Қай халықтың да рухани өркендеуі мен рухани құлдырауының арасында қоғамдық формациялар тұрады. Осы орайда «Сананы тұрмыс билейді» деген тәмсіл ойға түседі. Расында, тұрмыс тауқыметін тартып жүрген жанның рухани дүниесіне үңілу күлкілі шығар мүмкін...
Тәуелсіздікке дейін нақтырақ айтсақ, өткен ғасырдың ортасында қазақ әдебиетінің дамуы шарықтау шегіне жетті. Қолына қалам ұстаған қауым қарасы қалың оқырманды рухани азықтандырып отырды. Тіпті, сол кездегі мемлекеттің идеологиясын жүзеге асырған да осы шығармашылық өкілдері болатын. Ол кезде әдеби кітаптарды оқу үшін оқырманның руханиятқа қатысы болуы шарт емес еді. Лауазымды тұлғалардан бастап қыл аяғы иен далада жүрген малшыларға дейін әдеби кітапты қойын-қонышына салып жүріп оқыды. Кешегі тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиыншылықта кітап құшақтап жүрген халық кітапханадан қол үзіп, базар жағалап, қап арқалап кетті. Тұрмыс тапшылығын тартқан тұрғындар сан түрлі тіршіліктің жетегінде күнкөріс қамымен кетті. Адамның рухани әлемі жалаңаштанса, оның рухы да еңкейетіні шүбәсіз...
Ал, бүгінде бәрі басқаша. Тұралаған тұрмыс түзеліп, халықтың еңсесі тіктелді. Баяғы кітапты жастана жатып оқып, сол кітаптан алған әсерімен ертеңіне деген сенімі оянып, жақсылыққа ұмтылған оқырман кітапханаға қайта жол салды, кітапханалар да қанша жыл күткен оқырмандарына құшағын айқара ашты...
Жуырда аудандық мәдениет және өнерді дамыту орталығында Жалағаш аудандық әйелдер кеңесі қоғамдық бірлестігінің және аудандық орталықтандырылған кітапхананың ұйымдастыруымен ұлтымыздың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлының келіні, бүгінгі қазақ аналарының символына айналған жазушы-этнограф Зейнеп Ахметованың осыдан бірнеше жыл бұрын жарық көріп, қалың оқырманнан жоғары бағасын алған «Бабалар аманаты» атты кітабы төңірегінде пікір-алмасу кеші өтті.
Кешке жалпы оқырмандар, аудандағы барлық салада қызмет жасайтын қыз-келіншектер және колледж студенттері қатысты. «Ұл – бір руды тәрбиелейді, қыз – бүтін ұлтты тәрбиелейді» деген тәмсілді ескерген халқымыз қашаннан қыз баланың тәрбиесіне жіті мән берген. Бүгінгі күні де қыздардың тәрбиесі үлкен мәселеге айналып отыр. Сондықтан да пікір-алмасу үстелінің басына жиылғандар аталған кітаптың келіндер әдебі мен қыздар тәрбиесіне қатысты тараулары туралы өз пікірлерін ортаға салып, кітаптың келешек ұрпақ, жалпы ұлт тәрбиесінде атқарар рөлі зор екенін жеткізді.
Рухани шараны жүргізген аудандық әйелдер кеңесі қоғамдық бірлестігінің төрайымы Әсия Мәдиева «Бабалар аманаты» кітабының ұрпақ тәрбиесіндегі маңызына тоқталды.
– Рухани жаңғыру – ұлттық сананың жаңғыруы. Егемендікке қол жеткізгеннен бастап ұлттық ерекшеліктеріміз айқындалып, ұлттық тәрбиеге бетбұрыс жасалды. Халық бар жерде оның руханияты да өлмек емес. Осы ұлттық руханиятты қалыптастыратын шығармашылық өкілдері. Оған дәлел кезінде «Шуақты күндерімен» оқырман жүрегіне жол тапқан Зейнеп Ахметованың бірнеше жылдың бедерінде жарық көрген «Бабалар аманаты» атты жаңа кітабы. Халқымыздың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлының келіні, асылдың сынығындай жазушы Бақытжан Момышұлының жан жары Зейнеп апа бұл кітапты ұзақ жылдар жүргізген күнделігінің негізінде жазған. Бұл кітап бүтін бір ұлттың тәрбиесін арқалап тұр. Сондықтан жазушының бұл еңбегі бүгінгі ұрпақ тәрбиесінің негізіне айналуы тиіс, - деді Ә.Мәдиева.
Сондай-ақ, шара барысында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы аудандық филиалының төрайымы, ардагер ұстаз Дина Мирман, ақын, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Роза Көшекбайқызы, аудандық аналар кеңесінің мүшесі, ақын, сазгер Айкүміс Орынбаева, Т.Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Салтанат Қосжанова, аудандық кітапхананың редакторы, аудандық аналар кеңесінің мүшесі Ұлдай Нұрымбетова, Мәдениет ауылдық аналар кеңесінің төрайымы Рсалды Шарафадинова және аудандық, облыстық басылымдардың журналистері жаңа туынды төңірегіндегі өз пікірлерін білдіріп, халқымыздың салт-дәстүр, әдет-ғұрпы, жөн-жоралғысы және оның түпкі мәні егжей-тегжейлі талдап жазылған «Бабалар аманатының» оқырманын көбейтіп, жастарға үлгі ету істерін жалғастыру туралы өз ұсыныстарын айтты. Шара барысында кітап авторы Зейнеп Ахметова жайында арнайы дайындалған бейнебаян көрсетілді.
Айта кетейік, кітап жаңадан жарық көрген жылдары аудандық кітапхана сөресінен табылмайтын еді. Оқырмандар тарапынан сұраныс көп болатын. Өйткені, бір ғана дана кітап оқырман қолында жүретін-ді. Енді қазірде кітаптың тиражы көбейіп, оқырмандарға кітапханадан еркін алып оқуға мүмкіндік туды. Сондай-ақ, кітап дүкендеріне де сатылымға шықты.
Қуат АДИС.