» » Айлардың сұлтаны – рамазан

Айлардың сұлтаны – рамазан


Мұсылман қауымы үшін жылдың ең қасиетті әрі ерекше айы – рамазан айы. Биылғы жылы рамазан айы мамыр айының екінші жартысында бастау алады. Жыл сайын асыға күткен қасиетті айға жеткенімізге Алла Тағалаға сансыз шүкірлер болсын. Барша мұсылман бауырларды рамазан айының келуімен құттықтаймын.
Рамазан – барлық айлардың сұлтаны. Басқа айлармен салыстыра қарағанда рамазан айында мүміндерге ерекше мол сауап беріледі. Бұл айда ораза ұстаған адам жаны мен тәні тазаруы үшін жаман істер жасаудан тыйылу қажет. Пайғамбарымыз да (с.ғ.с): «Рамазан келгенде жұмақтың қақпалары ашылып, тозақтың қақпалары жабылады әрі шайтан атаулының бәрі кісенделеді» деген. Ұлы ғұлама ғалым Хафиз ибн Раджаб: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің сүйікті сахабаларын рамазан айының келуімен құттықтайтын»-деген. Бұдан байқайтынымыз, адам­дардың бір-бірін рамазан айының келуімен құттықтау шариғатымызда құпталған амал екеніне негіз болмақ. Салман Фариси атты сахаба (р.ғ.) былай дейді: «Алла Елшісі (с.ғ.с.) шағбан айының соңғы күндерінде айтқан құтбасында бізге былай деді: «Ей, адамдар, ұлы және қасиетті ай жақындады, төбелеріңе көлеңкесі түсті. Бұл айда мың айдан да қайырлы Қадір түні бар. Алла сол қасиетті айдың күндізінде оразаны парыз қылды, түндерінде нәпіл намазын заңды қылды. Бұл айда үлкенді кішілі жақсылық жасаған адам басқа айларда бір парызды орындағандай сауап алады. Бұл айда бір парызды орындау басқа айлардағы жетпіс парыз болып есептеледі. Бұл ай – Алла үшін аштық пен шөлдің, құлшылық пен тағаттың машақаттарына сабыр мен төзімділіктің айы. Сабырдың қайтарымы – жұмақ. Бұл ай – жәрдемдесу айы. Бұл ай – мүміндердің ризығын арттыратын ай. Бұл айда кім ораза тұтқан мүмінге аузын ашатын бір нәрсе беретін болса, жасаған бұл ісі күнәларының кешірілуіне және тозақтан құтылуына себеп болады. Ораза тұтқан адамның сауабы азаймастан соның алатындай сауабына ие болады», – деді. Иә, осындай нығметтер жасырынған айдың қадірін біліп, әрбір сәтінен құр қалмау үшін мүмін барын салады. Сондықтан да Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Егер адам баласы рамазан айының не екенін лайықты түрде түсіне білсе, бір жылдың бастан-аяқ рамазан болуын қалар еді» деген.
Бұл жылына бір рет келетін зор мүмкіндік. Сондықтан ғибадат айында ерекше рухани атмосферада іс-амалдарды електен өткізіп, иманды жаңартуға, ізгілік істер арқылы жүректі жұмсартуға тырысу қажет. Ал осы бір мүмкіндікті кәдеге жарата алмау нағыз немқұрайлылықты білдіреді. Алла Тағала адам баласының сенімін арттырып, еркіндікті сезінуге, өзіне-өзі бақылау жасауына және нәпсісін тыю үшін осы рамазан айында ораза тұтуды парыз етті. Себебі, тиісті міндеттерді дұрыс орындау арқылы ауыз бекіткен кісі өзін-өзі тәртіпке шақырып, харам істерден тыйылады. Нәтижесінде, ондай адам жиіркенішті әрекеттерден арылып, жақсылыққа бет бұрады.
Исламның бес парызының бірі – рамазан айында ораза тұту. Сондықтан дінімізде оған ерекше мән беріледі. Себебі, ол сенімнің бір бөлігін құрайды. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Ораза – шыдамның жартысы, ал шыдам – сенімнің жартысы», – деген. Оразаны басқа ешқандай құлшылықтармен салыстыруға болмайды. Өйткені, Алла Тағала пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.): «Адамның барлық жақсы, хайырлы істерін Алла он есе, тіпті одан да жоғары бағалайды. Бірақ ораза не үшін тұтылған болса, сол үшін сауабын, сыйын молынан беремін»-деп айтқаны белгілі. Сондықтан ораза қарсаңында алғаш ауыз бекіткісі келетін бауырларымызға тағы да Алла Тағаланың осы бір үкімін естеріне сала кеткім келеді.
Алла Тағала оразаны бұрын өткен Пай­ғам­барлардың (ғ.с.) қауымдарына парыз етке­ніндей, пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) да үмбетіне, яғни біздерге де рамазан айында 30 күн ораза ұстауды парыз етті. Бұған байланысты Құран Кәрімде былай делінген: «Ей, иман келтіргендер! Өздеріңнен бұрынғыларға ораза ұстау міндет етілгендей, сендерге де ораза тұту парыз етіледі. Мүмкін тақуалыққа қол жеткізерсіңдер» (Бақара сүресі, 183 аят).
Енді осы айдың туғанын көре тұра, жағдайы келсе де оразаға кіріспеген жан күнәһар болып есептеледі. Өйткені, ол Алла Тағаланың әмірін орындамай, оған жүрдім-бардым, салғырт қарағандық. Ал мұндай жүгенсіздік Жаратушы Хақ Тағаланың ашу-ызасын тудырып, қаһарына ұшырауға себеп болуы ықтимал. Өйткені, аталған аятта иман келтірген әрбір жаннан егер сол айға аман-сау жетсе, ораза тұту талап етілді. Ал Алланың әмірін екі етуге болмайды. Дініне салғырт-салақ болып, соның себебінен ғибадаттан, Раббының рахымына жеткізетін үлкен нығметтерден мақұрым қалып жүрген мұсылмандарды Жаратқан Ие тура жолға бастасын.
Ораза алғаш рет қай уақытта парыз болды?
Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) және мұсылмандардың Меккеден Мединеге көшуін «хижра» деп атайды. Осы жылдан бастап мұсылмандардың – хижра жыл санауы бастау алады. Сол хижраның 2 жылы Шағбан айының соңғы күнінде Алла Тағала мұсылмандарға рамазан айында ораза тұтуды парыз етті. Сол уақыттан бастап, барша мұсылман қауымы жыл сайын рамазанда бір ай бойы ораза тұтып келеді.
Ораза тұтатын айды толық түсіндіріп, баяндау үшін, Алла Тағаладан мына аят нәзіл болды: «/Сендерге/ санаулы күндерде /ораза тұту міндеттелді/. Ал сендерден кім ауырып қалса не жолаушы болса, онда /ұсталмай қалған оразаның қазасын/ басқа күндерде өтесін. Ораза тұтуға қиналатындар /қарт кісілер, жазылмайтын ауруға шалдыққандар/ фидия ретінде бір міскінді тамақтандырсын. Ал кім /өз еркімен/ қосымша бір жақсы іс жасаса, ол өзі үшін қайырлы. Егер білсеңдер ораза ұстағандарың өздерің үшін қайырлы. Рамазан айы сондай ай, онда адамдар үшін басшылық әрі тура жол және ақиқат пен жалғанды ажыратудың анық дәлелдері ретінде Құран түсірілген. Сендерден кім бұл айда болса, ораза ұстасын. Ал кім ауырып қалса немесе жолаушы болса онда /ұсталмай қалған оразаның қазасын/ басқа күндерде өтесін. Алла сендерге жеңілдік қалайды, Ол сендерге қиыншылық қаламайды. Әрі санын толтырыңдар және Алланы ұлықтаңдар – сендерді тура жолға салғаны үшін және шүкір етулерің үшін». ( Бақара сүресі, 184 аят)
Оразаны парыз ететін шарттар
Рамазан айындағы оразаның үкімі - парыз айн (адамның жеке өзіне міндет болған парыз).
1. Мұсылман болу. Ораза ұстау – мұсылман болған әр ер адамға, әр әйел кісіге парыз.
2. Балиғатқа толу. Балиғат жасына толмаған сәбиге оразаның парыздығы міндеттелмейді.
3. Ақыл-естілік. Есі оралмайынша, жындыға, жарымеске, мас адамға, комадағы кісіге ораза парыз емес.
Оразаны атқаруға қабілетті қылатын шарттар
1. Денсаулық. Науқас кісіге ауырған күндері, ораза кезінде жүкті немесе емізіп жүрген нәрестелері бар әйелдер және жолаушыға сапар күндері ораза ұстамаулары рұқсат етіліп, кейін жағдайлары жеңілдегенде сол күндердің қазасын өтеулері – парыз. Жалпы ауру-сырқаты жазылмайтындар, денсаулығы ауыз бекітуді көтермейтін, жасы келген қарттар – ораза ұстамаса да болады, бірақ олардың дәулеті жеткілікті болса, тұтпаған оразасына фидия береді. Фидияның мөлшері Құран Кәрімде былай деп баян етілген: «Шамасы келмейтіндер /қарт кісілер, жазылмайтын ауруға шалдыққандар/ ораза ұстамаса, бір кедейдің бір күн тоятындай тамағын беріп тұруына болады. Ал оны белгілеген мөлшерден артық беретіндері болса, өзі үшін жақсы» (Бақара сүресі, 184 аят).
Өйткені, өмірлік жазылмайтын ауруға душар болған кісілер және ауыз бекітуге шамасы жоқ қарттар оразаның қазасын өтемейді. Егер дәулеті болмаса, фидия да төлемейді. Ханафи мазһабының негізін салушы Имам Ағзам Әбу Ханифа былай деген: «Оразаның абзалы – кісінің өзіне зиян тимеуі».
2. Тұрғылықты болу.
3. Әйел кісінің хайыз бен нифастан тазаруы. Бұл күндері атқарылмаған намаз бен оразаның айырмашылығы – намаздың қазасы өтелмейді, ал оразаны өтеулері – парыз.
Оразаның дұрыстығына қажетті шарттар
1. Ниет.
2. Оразаның бұзылмауы.
Біле тұра жеп-ішпеу. Ұмытып жеп-ішкен кісінің оразасы бұзылмайды.
Біле тұра жұбайына жақындаспау. Кім бұны ұмытып істеп қойса, оразасы бұзылмайды.
Өзін-өзі құстырмау. Құсық өзі келсе, ораза бұзылмайды. Алайда кім өздігінен келген құсықты біле тұра жұтса, мысалы, адамдардан ұялғанынан жұтса және құсық ауыз толтырарлық көлемде болса, онда оразасы бұзылып, кейін сол күннің қазасын өтейді.
3. Негізсіз болмауы.
Кәпір кісінің ораза ұстауы негізсіз.
Етеккір не нифас күйдегі әйелдің ораза тұтуы негізсіз.
Оразаның мұстахабтары (әдептері)
Мұстахаб дегеніміз істесе сауап таптыратын, істемесе күнәсі жоқ амалдар. Олар мыналар:
1. Сәресі. Таң қараңғысында ниет етіп, дәретін алып, сәресіге тұру. Оның уақыты – түн жарымы ауғаннан таңсәріге дейін. Пайғамбарымыз бұл жайында:
«Сәресіге тұрыңдар! Шынында, сәресі ішуде көп береке бар», – деген яғни ниет етіп, сәресіге тұру мол сауапқа кенелтеді.
2. Ауыз ашуға асығу. Ораза тұтқан кісіге күн батқаннан кейін немесе ақшам намазының азаны айтылғаннан кейін бірден ауыз ашу сауапты іс. Бұл жөнінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде былай деген: «Ораза тұтқан кісі мүмкіндігі болса, аузын құрмамен, болмаса таза сумен ашсын». Демек, құрма табылған жағдайда құрмамен ауыз ашқан сауаптырақ болады.
3. Күнделікті ауыз ашқан кезде және ораза айы бойы тілек-дұғалар жасау. Бұған байланыс­ты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Әлбетте, ораза тұтқан кісінің ауыз ашқандағы дұғасы (тілегі) қайтарылмайды, яғни тоқтаусыз қабыл етіледі»-деген.
Оразаны бұзатын істер
1. Күндіз ораза ұстап жұргенін біле тұра себепсіз тамақ ішіп-жеу.
2. Күндіз еркек пен әйелдің жақындасуы. Егер кімде-кім ораза екенін біле тұра күндіз себепсіз әдейі ішіп-жеп немесе жыныстық қатынас жасайтын болса, оған айып ретінде кәфарат төлеу немесе ораза қазасын екі есе өтеу міндеттеледі. Кафаратты өтеу үшін бір құлды азат ету немесе алпыс міскінді тойдыру не екі ай бойы ораза тұту қажет.
Ал, кімде-кім ораза уақытында ораза екендігін ұмытып, білместікпен күндіз тамақ ішіп-жеп қойса, оған қазасын өтемейді және кәфаратын төлемейді. Бұл турасында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: «Кімде-кім ораза екендігін ұмытып, ішіп-жеп қойса, Алла Тағаланың ол кісіні тамақтандырғаны». Ішіп-жеп қойған соң ораза екені есіне түскен кісі, оразасын одан әрі жалғастыруы қажет.
Егер кімде-кім жүрегі айнып, лоқсып құсса немесе байқаусыздан аузына бір нәрсе кіріп кетсе (мысалы: дәреттің суы, шыбын-шіркей) тек үзірмен оразасын тоқтатпастан жалғастыра береді.
Оразаның артықшылығы
1. Рамазан – сынақ айы. Адам баласы бұл айда өз нәпсісін тыйып, жаман нәрседен, яғни ғайбат сөйлеуден, ауыр күнә жасаудан, жала жабудан аулақ болып, жақсы нәрселерге, яғни өзін сабырлыққа, шыдамдылыққа, тақуалыққа тәрбиелеуі керек. Ораза адам баласы мен Ұлы жаратушының арасындағы сыр. Кісінің ораза тұтып жүргені бір Аллаға ғана аян. Сондықтан Исламда иманның, сенімнің жоғары тұратындығы осыған дәлел. Әлдебіреу ораза тұтқан адамның көңіліне тиіп, балағаттаса, ауыр сөз айтып, қол жұмсағысы келсе, әлгі аузы берік кісі: «Мен оразамын», – деп үш мәрте айтуы керек. Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с) бір кісі келіп: «Ей Алланың Елшісі (с.ғ.с.)! Маған айтыңызшы, қай амалды істесем, жұмаққа кіремін?» – деп сұрапты. Сонда Алланың Елшісі (с.ғ.с.): «Оразаң сені алып кіреді» – деп жауап береді. Әлгі кісі Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп, тағы да әлгі сұрақты қойған уақытта жоғарыдағы жауабын қайталапты.
2. Рамазан – кешірім айы. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): «Кімде-кім ауыз бекітсе, Алла Тағала оның істеген күнәларын кешіреді» – деген. Сондықтан да Алла Тағала бұл айдың бір түнін қасиетті де қадірлі етті. Рамазан айының 26-сынан 27-сіне қараған түні Алла Тағаладан алғаш рет Құран аяттары түсті. Сол себепті бұл түн «Қадір түні» деп аталады. Ол түннің игілігі мың айдан да артық. Ол түнде Алланың әмірімен бүкіл періштелер және Жәбірейіл періштенің өзі де жерге түседі. Ораза тұтып, Жаратушы Жаббар Иесін еске алғандардың барлығының тілектерін Алла Тағала қабыл етіп, сол түні таң атқанша Алланың пенделеріне сыйлаған сәлемі, бибітшілігі, тыныштығы жалғасады. Бұл жайт Құран Кәрімнің «Қадір» сүресінде кеңінен баяндалған.
3. Рамазан – тақуалық айы. Оразада адам дене қалауларын тәрбиелеп, нәфсінің құлы болып кетуден өзін азат етеді. Ауызды астан ғана емес, жаман сөздерден, ғайбаттан тыйса, көзді харамға қараудан, құлақты харам нәрселерді естуден тыяды. Көп ұйқы мен көп тамақтану иманның әлсіреуіне алып келеді. Тамақты қажетті мөлшерінен асырып жеу – адамның зейінін бұзады, ар-Рахманға бойұсынуда денені ауырлатып, адамдағы шайтанның жолдарын азықтандырады. Сондықтан, ораза ұстаған адамның әрі денесі, әрі рухы тынығады. Ең бас­тысы адамның қас дұшпаны болған нәфсіні тазартып, Раббысына жақындай түседі. Себебі, адам үшін ең ұлы күрес – ол нәфсімен болатын күрес екенін Алла елшісі де (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ескертіп кеткен еді. Нәфсіге тойтарыс беріп, көркем мінезділікке, тақуалыққа қадам басу – мүміннің жеңісі болмақ. Сондықтан да, біз қадірін түсінгенше зулап өте шығатын Рамазан айындағы зор нығметтерден құр қалмайық, ағайын! Алла Тағала Рамазанның әрбір сәтінен өз үлесімізді алып, жұмақ қақпаларынан жүзіміз жарқын боп кіруді нәсіп еткей!
Олай болса, қадірменді мұхтарам жамағат, Алла Тағала алдымызда келе жатқан мүбарак Рамазан айын және ұлық Қадір түнін баршамызға құтты қылып, осы айды Алла разылығы үшін тағат-ғибадатпен өткізуді шын жүрегімізден ынталандырсын. Еліміз көркейіп, дініміз марқая берсін!

Айбек Мадиев,
аудандық «Иманқұл»
мешітінің бас имамы.

15 мамыр 2018 ж. 1 389 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 763

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930