БАЛА қауіпсіздігі – БАСТЫ НАЗАРДА
Бүгінде өрімдей жастардың қылмыс жасауы көз үйренген көрініске айналып, елді алаңдатып отыр. Тәртібі қиын бала есейген сайын қылмыстың ауыр түрін жасауға дейін бейімделетінін ескерсек, бұл қоғамда үлкен өзекті мәселеге айналатыны белгілі. Жылда жаз айы келіп, оқушылар демалысқа шығатын уақытта жергілікті құқық қорғау органдарының жұмысы екі есе көбейеді. Осы ретте, біз Жалағаш АІІБ-нің ЖПҚ-ның ЮПТ-ның аға инспекторы, полиция майоры Ұлбосын Ахметовамен әңгімелескен едік.
– Ұлбосын ханым, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс көбейіп келеді. Бұған не себеп?
– Бүгінгі күнгі қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі – балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын-алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Бұл мәселе қазіргі таңда көкейтесті мәселелердің біріне айналып отыр. Себебі, өмірлік қиын жағдайға душар болған жасөспірімдердің саны азаяр емес. Қылмысқа көбінесе отбасылық жағдайы нашар, демалыс мезгілі ойластырылмаған, өздеріне өздері бас болып жүрген балалар барады. Яғни, көшеде ұзақ ойнап жүріп қалған баланы ата-анасы уақытында іздемесе ол міндетті түрде қиын жағдайға тап болады. Ол балалармен ойнап жүріп ерегесіп қалуы мүмкін, бөтен бұзақы балалардың көзіне түсуі және олардың ақша талап етуі, дүкеннен жарылғыш заттарды сатып алып ойнауы, тағы сол сияқты бала өміріне қауіп төндіретін жағдайлар орын алуы әбден мүмкін. Үшкір заттар мен газды балондар алып жүрмеуін қадағалауы қажет. Көбінесе мұндай өрескел қателіктерге ата-анасы күні бойы жұмыста болып, қараусыз жүретін жасөспірімдер бой алдырады. Егер баланы жалғыз қалдыруға мәжбүр болса, техника қауіпсіздік ережелерін мұқият түсіндірген жөн. Оның ішіне әр ата-ана баласына электр жүйесіне, газ плитасына тиіспеу, терезені ашпау, жарылғыш заттарды үйге әкелмеу, тұрмыстық пышақ, қайшы секілді құралдармен ойнамау және бейберекет сыртқа шықпауды қатаң тапсыруы тиіс. Ата-анасының әрбір ескертуін ұмытпай, ереже талабын бұлжытпай орындаған балалардың әртүрлі сәтсіздіктен аулақ болатыны анық.
– Оқу жылы аяқталуға жақын. Балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру мақсатында қандай шаралар жүзеге асырылуда?
– Балалар мен жасөспірімдердің жазғы демалысын ұйымдастыру, шығармашылық қабілеттерін дамыту, сонымен қатар құқық бұзушылықтың алдын-алу мақсатында жыл басынан бастап ауданымызда бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды. Құқық бұзушылық фактілерінің көбісі жаз маусымында, балалардың мектептен тыс уақытында тіркеледі. Ел ішінде күн сайын орын алатын жол-көлік оқиғаларына тоқталсақ. Рас, автокөліктер саны өскен сайын жол апаттары да арта түсуде. Жол көлік оқиғалары жөніндегі деректерге зер салсақ, көбіне жаяу жүргіншілердің кінәсінен болатыны байқалады. Демек, демалыс кезінде ата-аналар балаларын ерсілі-қарсылы көшеде жүрмеуін қадағалауға міндетті. Сонымен қатар, мектептен қолы босап, алаңсыз еркіндікке шыққан жасөспірімдердің өрттен, судан келетін апаттардан аман болуы да ата-анасының жауапкершілігіне байланысты. Жалпы, ата-ана баласының қайда және кіммен жүргенінен әруақытта хабардар болғаны дұрыс. Бізді алаңдататыны да осы. Кейбір ата-аналардың бала қауіпсіздігін мұғалімге, құқық қорғау органдарына ысырып қойып отыруы көп жағдайда қиындық туғызады.
– Кәмелеттік жасқа жетпей, ешқандай құжатсыз көлік тізгіндейтін жасөспірімдер бар. Осының салдарынан қайғылы оқиғалар орын алып жатады. Бұл ретте не дейсіз?
– Соңғы кездері жол-көлік оқиғасының күрт көбейіп кеткені жасырын емес. Жол апатына көп жағдайда тәжірибесі жоқ жасөспірімдердің себеп болатыны, тіпті жастықпен көліктің жылдамдығын асырып, жиі тәртіп бұзатын жастардың қатары көп екені де анық. Ауданның жол-патрульдік полициясы мереке және демалыс күндері қарсаңында «Мас жүргізуші – қылмыскер» жедел алдын алу іс-шараларын өткізіп отырады. Іс-шараның басты мақсаты – жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сондай-ақ, мас күйінде көлік басқарып адам өміріне қауіп төндіретін жүргізушілердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталады.
Мұнымен қоса, рейдтік жұмыстар жүргізіп, рөлге мас күйінде отырған жүргізушілерді анықтап отырамыз. Осы жылдың төрт айында ішімдік ішіп көлікке отырған жеті жүргізуші ұсталды. Өкініштісі, олардың кінәсінен жол-көлік апаты орын алып үлгерген.
– Сөз соңында айтарыңыз...
– Ата-аналардың оқу мен тәрбие үдерісіндегі жұмысы жан-жақты болса жемісті болады. «Адам азса, тәрбиенің жоқтығынан азады, қоғам азса адамдардың тәрбиесіздігінен азады» деген. Балаға дұрыс тәрбие беру – қоғамның болашақ дамуының кепілі. Сондықтан да баланың тәрбиесін мектепке тапсырып қоймай, ата-ана, бүкіл қоғам болып атсалысу қажет. Заң бойынша кәмелетке толмаған жасөспірімдерге түнгі сағат оннан кейін ата-анасыз жалғыз жүруіне тыйым салынған. Ал ата-аналарға алдағы үш ай демалыста балаларыңызға аса жауапкершілікпен қарап, жіті қадағалаңыздар дегім келеді.
– Әңгімеңізге рахмет!
Шынында, баланың алғашқы тәрбие алатын орны – отбасы. Отбасында баланың мінез-құлқы, әдет дағдысы қалыптасады. «Балам дейтін жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан болсын» деп А.Байтұрсынұлы айтқандай, баланың болашағына толғанар ел, ойланар отбасы қалыптасса елдің болашағы зор болмақ. Қауіпсіз қоғам, тыныш тіршілік бәріміз үшін.
Әңгімелескен
Н.АЛМАСҚЫЗЫ.