КҮН КӨЗІНЕН ҚУАТ ӨНДІРЕМІЗ Бүгінгі қарқынды дамыған заманда әлемді электр энергиясынсыз елестету мүмкін емес. Адамзаттың барлық тіршілігі электр энергиясына тәуелді болып қалды. Мөлшерден тыс тұтынудың салдарынан жер қойнауындағы қазба байлықтардың, соның ішінде жер шарындағы қозғалыс тетіктеріне жан бітіріп отырған мұнай мен табиғи газдың қоры жыл сайын кеміп барады. Сондықтан әлемдегі өркениетті мемлекеттер олармен бәсекеге түсе алатын күн энергиясын бірнеше жылдан бері пайдаланып келеді. Күннен алынатын қуат көзі сарқылмайды әрі электр энергиясын мұндай жолмен өндірудің шығыны аз, экологиялық тұрғыдан да залалсыз, қоршаған ортаны ластамайды. Қуаттылығы күннің тұрақтылығымен, яғни тәулік мезгілімен және ауа-райының өзгерістерімен байланысты болса да, күннен алынатын энергия көзі қай мемлекет үшін де өте тиімді. Бүгінде күннен алынатын «қоректің» тұрғын үйлер мен ғимараттардың жылу жүйесінің, өндіріс орындарының жұмысының, автокөліктердің қозғалыс қажеттілігін өтеп отырғанын айтпағанда, біздің күнделікті тұрмыста қолданатын көптеген бұйымдардың үзіліссіз жұмыс істеуін де қамтамасыз етіп отыр. Күн электр станциялары бүгінде біздің еліміздің де әр өңірлерінде көптеп салына бастады. Тіпті, елді мекендерден шалғайдағы малшы ауылдардың өзі шағын күн электр панелін орнатып алып, заман ағымынан қалмай өмір сүріп отыр. Осы электр энергиясын өндірудің жаңа технологиясы ауданымызға да келді. Жалағаш кентінің шығыс жақ бөлігінен жаңартылған энергия көздерін өндіру мақсатында 30 мВт күн сәулесі электр станциясын салу жоспарлануда. Жобаның бастамашысы – «Nomad Solar» ЖШС. Аталған жоба Қазақстан Республикасының энергетика министрлігінің 2017 жылғы 24 ақпандағы №68 бұйрығымен «Жаңартылған энергия көздерін пайдалану» жоспарына енгізілген. Жобаны жүзеге асыру мақсатында 164 гектар жер учаскесі табысталды. Қазіргі уақытта күн электр станциясының жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда. Жобаның болжамдық құны 12 млрд теңгені құрап отыр. Станция іске қосылған уақытта 20 адам жұмыспен қамтылып, жергілікті бюджетке жыл сайын 150 млн теңге көлемінде кіріс кіреді. Демек, жоба жүзеге асқанда ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін берері сөзсіз.Қ.АХЕТОВ. Қоғам 02 маусым 2018 ж. 1 111 0