Мерейтойға тарту – мультфильм Кеше облыстық білім басқармасы мен аймақтық «Рухани жаңғыру» орталығының ұйымдастыруымен «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Сымбат Әбдірахманованың «Сиқырлы кілт» атты мультфильмінің тұсаукесері өтті.– Бұл туынды әрбір мектеп оқушысына Сыр өңірінің табиғатын тануға, тарихын білуге көмегін береді деген үміттеміз. Өлкетану бағытындағы әрбір сабақта пайдалануға қолайлы ең тиімді құралға айналады деген ойымыз да бар, – деді облыстық білім басқармасының басшысы Майра Мелдебекова.«Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Сымбат Әбдрахманова «Сиқырлы кілт» анимациялық мультфильмге 6 ай уақытын жұмсаған. Мультфильмнің жасалуына «Bilim Foundation» қоғамдық қоры да демеушілік көрсеткен.– Өлкеміздің кешегі тарихы мен бүгінгісін байланыстырған туындыға үздік педагогтар мен тарихшыларды тарттық. Сондай-ақ, кейіпкерлерді облысқа танымал әртістер дыбыстады. Менің бұл жұмысым Сыр елінің туған күніне жасаған тартуым болмақ, – деді мульфильм авторы.Мультфильмнің сюжетінде Ару, Мәди, Әли есімді балақай сиқырлы кілт іздеп жүріп, белгілі тұлғалармен танысады. Туындыға арнайы саундтрек жазылған. Әнін автор өзі жазған.– Қазір қазақ анимациялық фильмдерінің қатары көп емес. Оның ішінде өлкетану бағытында біздің Сыр еліне байланысты туындылар болмаған. Сыр өңірі – тарихқа толы, тұлғаларға бай өлке. Сол тұлғаларды, өлкені таныту – әрқайсысымыздың міндетіміз. Сол міндетті Сымбат баланың тілімен, қарапайым түрлі-түсті бояумен барынша заманауи үлгіде жеткізе білді, – деді «Рухани жаңғыру» орталығының бөлім басшысы Гүлмира Әшірбекова.Мультфильм балаларға түсінікті тілмен және түрлі-түсті бояулармен дайындалған. Жаңа туындының тұсаукесеріне колледж студенттері, оқушылар қатысып, мультфильм тамашалады.Айта кетейік, осы уақытқа дейін «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Сымбат Әбдірахманова облыстың бірнеше аудандарында кездесу, коучинг, «Табысқа жеткізген төлқұжат» пилоттық жобасы аясында семинарлар өткізді.Шынар БЕКБАН.http://www.syrboyi.kz Қоғам 14 маусым 2018 ж. 752 0