» » МОТОЦИКЛ МІНГЕН ФОТОГРАФ

МОТОЦИКЛ МІНГЕН ФОТОГРАФ

Кез-келген басылымның дер кезiнде сапалы шығуына журналистермен бiрге фототiлшiлер де белсене атсалысады. Түрлi тақырыптарда жазылған материалдарда айтылған оқиғаларды фотосуреттер арқылы оқырмандарға жеткiзе бiлу кәсiби шеберлiктi керек етедi. Біз «Жалағаш жаршысы» газетiнiң қалыптасып дамуына қомақты үлесiн қосып, қолтаңбасын қалдырып кеткен фототiлшi, әріптесіміз Қазақстан Журналистер одағының мүшесi Табысбек Ахметов жайлы сыр шертсек...
Сексенiншi, тоқсаныншы жылдары Табысбек ағамен аудандық газетте қызметтес болып игiлiктi iсiн көрiп, үйренiп үлгi алғанымды үнемi мақтанышпен айтып отырамын. Ол кiсi басына пайдасы жоқ өсек-аяңға араласпай, бойын аулақ ұстаушы едi. «Сабыр түбi – сары алтын» деген есті сөзді ескеріп, кез-келген мәселенi ақылға салып, байыппен шешетiн, ешкiмнiң ала жiбiн аттамайтын, адал жүректi абзал азамат едi. Ол кезде қазiргiдей заманауи технологиялар жоқтың қасы. Газеттiң әрiптерiн терiп, беттеу, сурет шығару жұмыстары қолмен атқарылады. Сондағы байқағаным – сүйiктi мамандығын меңгерген Тәкең суретке түсiрiп, оны шығару iсiнiң нағыз шеберi едi. Жұмысына берiлгенi соншалық шаршамайтын еңбекқор едi. Журналистермен бiрге бiрнеше күн iс-сапарларда болып, суретке түсiрiп келген соң, оларды шығарудың да қиындығы мен машақаты көп. Алдымен синг материалын сатып алады, сосын «ИГК-20» станогы арқылы сол сингке суреттердi түсiрiп шығарады. Газеттiң кезектi нөмiрiне жасалған макетiндегi орналастыру көлемiне қарай сингтегi суреттердi қайшымен қиып, жауапты хатшыға тапсырады. Содан кейiн газет беттерiне орналастырылып, баспа машинесi арқылы басылып шығарылады. Сөйтiп, аптасына үш рет жарық көретiн газеттiң беттерiне жоспарланған суреттердi шығарып, үлгерiп жатады. Оқырманның назарын аударып, ажарын ашатын сурет емес пе?! Фотосуретсiз газет шықпайды десе де болады. Тынымсыз жан Табысбек аға «Иж-Юпитер» мотоциклмен аудан совхоздарымен бiрге Қарақұм, Қызылқұм мал жайылымдарын аралап, «екiншi тың» еңбеккерлерін суретке түсiрiп қайтатын. Диқан-механизатор, еңбек ұжымдары, сала озаттары жайлы түсiрiлген суреттер газеттiң келесi нөмiрiне артылып қалып жатады. Тiлшi Тәкеңнiң фото-суреттерi облыстық, республикалық газеттерде бәйгеге ұсынылып, жоғары бағасын алды.
Жергiлiктi газетте қырық жылға жуық қызмет еткен фототiлшi Т.Ахметов аудандық басылымның абыройының асқақтауына атсалысып, көп еңбек сiңiрдi. «Еңбек ардагерi» медалiнiң иегерi. Ол көп атақ марапаттарға қызықпайтын, қарапайым өзiнiң қызметiн адал атқаратын азамат едi. Жақсының артында сөз қалады, оның ерен еңбегiмен бiрге аңшылық кезiндегi есте қалған қызықты әңгiмелер көп. Әсiресе, мотоцикл айдап, меңгерудегi шеберлiгi, аң аулаудағы мергендiгi жайлы әңгiмелер ел аузында айтылып жүр.
«Дүние деген – серуен, адам – бiр көшкен керуен», – деп Жамбыл атамыз айтқандай, өмiрден ертелеу өтсе де артында өлмес мұрасы – сурет қорында аудан тарихы мен шежiресi қалды. «Ат тұяғын тай басар» демекшi, бүгiнде баласы Маханбет фототiлшi болып әке жолын абыроймен жалғастырып келедi.

Серік БЕРТАЕВ.
02 шілде 2018 ж. 903 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 766

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930