» » ҚАЛАМЫМЕН ҚЫЗМЕТ ҚЫЛҒАН ХАЛҚЫНА

ҚАЛАМЫМЕН ҚЫЗМЕТ ҚЫЛҒАН ХАЛҚЫНА

Аудандағы жалғыз ресми басылым «Жалағаш жаршысы» газеті ауданның тарихы мен шежіресі екені сөзсіз. Көп жылдар бұрынғы газет тігінділерінің сарғайған парақтарын ақтарсаңыз бұған анық көз жеткізуге болады.
Ойлап отырсам, аудандық газетте отыз жылдан аса уақыттан бері көптеген редакторлармен, қызметкерлермен бірге еңбек етіппін. Әр жылдары басылымға басшылық жасаған редакторлар З.Салықбаев, А.Кіребаев, М.Ілиясов, Т.Тәшенов, К.Сүлейменов, М.Аяповтардың қарамағында қызмет атқаруым мен үшін үлкен мектеп болды. Соларға қарап, сөйлеуді, жазуды үйрендім, тағылым алдым. Сексенінші жылдары А.Тілеулиев, І.Мұстафаев, Е.Әбілов, Ж.Әбжәмилов, Б.Алпысбаева, М.Бай­наза­рова, фототілші Т.Ахметовтермен жұмыс істеп, газет шығарудың қызығы мен шыжығын бірге көрдік. Ал тоқсаныншы, екімыңыншы жылдықта қатарымызға келіп қосылған Ғ.Әбілда, Б.Ысқақова, Қ.Ахетов, фото­тілші М.Ахметовтермен бірге қызмет еттік. Әрине, редакторларым мен әріптестерім жайлы аракідік жазып жүрміз. Десе де осы мерейлі мереке қарсаңында да бұрынғы әріптестерім жайлы олардың бітім-болмысы, ерекше қасиеттеріне қысқаша тоқталуды жөн көріп отырмын.
Зордан Салықбаев ағаның биязы мінезі мен салиқалы сөзіне, сөйлеу мәдениетіне қызығатынмын. Күнделікті тапсырмасын бермес бұрын алдымен отбасымның амандығын, үйдегі үлкендердің жағдайын сұрап алады. Жылы жүзбен ашық пікірлесіп, айтар ойын астарлап жүрегіңе жеткізеді. Қанша ашуланғанмен артық сөйлеп, айқайға басқан кезін көрген емеспін. Жаныңды ұғып, жағдайыңды түсінетін. Қарамағындағы қызметкерлерді қорғап, қолдап жүретін мұндай басшыға қалайша дән риза болмассың.
Асқар Кіребаев – ақын әрі, сері жігіт, ән мен әңгімені жүйелеп айтатын отырыстың гүлі еді. Талантты тани білетін ақын бұлақтың көзін ашып, жас талапкерлерді тәрбиеледі. Ақын ағамның өмірде де, қызметте де жолы болды. Халықтың тілін, қызметін, кәсіптің көзін тапты. Жауапты басшылық қызметтер атқарды.
Мырзамұрат Ілиясов – рухани таза, шыншыл әрі адал жан-тұғын. Сондай қадір-қасиетінің арқасында редакция ұжымы алдында өте беделді болатын. Әңгіме арасында әзіл-қалжың айтып, күлдіріп отырушы еді. Ал жұмысқа келгенде үлкен жауапкершілікпен қарайтын. Тапсырманы тез әрі тыңғылықты орындауды ұнататын. Редактор болған кездері мақалаларымды тексеріп, қызыл сиямен қысқартып тастағанда кәдімгідей іштей ренжіп қалатынбыз. Сөйтсек, ол да сабақ екен ғой. Ол кісі халқымыздың тілін, дінін, салт-дәстүрін құрметтеп, насихаттап кетті.
Тау тұлғалы, мінезі тұйық, ісіне мығым, Тұрсынбай Тәшенов сөзіне тұрақты кісі еді. Екі сөйлеп алдап кету, жағымпаздану қасиетінде жоқ. Өтірік, өсек сөз айтатын, жұмысына жауапсыз қарайтын жандарға жаны қас. Өкпелей қалса, назын өңменіңнен өткізіп, жүрегіңе жеткізіп тура көзіңе қарап айтушы еді. Жүз ойланып, мың толғанып сөйлейтін кісінің артық айтып, артынан ақталып жатқанын көрген емеспін. Көргені мен түйгені, өмірлік тәжірибесі мол нағыз көреген жандар осындай болса керек.
Кенжеғара Сүлейменовтің жан дүниесі терең, тұңғиық шежіре сыр. Адам бойына қажетті барлық қасиеттерді осы кісіден үйреніп, үлгі алуға болады. Жаны да, тәні де кіршіксіз таза азаматты көпшілік жақсы біледі. Қай жерде де психологиялық ахуал жақсармай жұмыс жүрмейді. Ол қызметкерлердің бірлігін сақтап, жағдай жасады. Журналистерді іс сапарларға шығып ізденіп, жұмыс жүргізулеріне еркіндік берді. Жарқын жүзбен қабылдап, жалынды сөздерімен шабыт берді.
Ақын Мәлік Аяпов – аудандық мәдениет үйі жанынан Ә.Оңалбаев атындағы әдебиет және өнер бірлестігін құрып, таланттарды тәрбиеледі. Қазіргі кездегі белгілі ақындар Айкүміс Орынбаева, Елена Әбдіхалықова, Ғазиза Әбілдаева, Динара Мәліковалар секілді көптеген шәкірттері әлі күнге дейін ақын рухына тағзым етіп, құрмет тұтады. Қазір кім көп, ақын көп. Алайда шындықтан жалтармай, әділдікті ту етіп, ақиқатты айта алатын Мәліктей арқалы ақын, жүректі ақын некен-саяқ. Мәлік ағамыздың ғұмыры қысқа болды. Бірақ жасындай жарқылдаған жалынды жырлары халқымен бірге жасай беретініне кәміл сенемін.
Ахмет Тілеулиев – мінезі тұйық жұмбақ жан. Бейнелеу өнеріне бейім еді. Сөздік қоры мол, қаламы қарымды өте еңбекқор болатын. Бұқарбай батырдың мерейтойы қарсаңында Орынборға барып, батыр туралы тың деректер жинақтап қайтты. «Бұқарбай батыр» кітабының шығуына көп атсалысты. Жалағаш ауданы туралы шыққан кітаптарды құрастырып, басшылық жасады. Аудандық тарихи өлкетану музей ашылғанда А.Тілеулиев алғашқы директоры болды. Музейге тарихи экспонаттар жинап, жабдықтап көп еңбек сіңірді. Аудан тарихы, батырлары мен билері, еңбек адамдары жайлы зерттеп, бірнеше кітаптар шығарды. Солардың ішінде көп зерттеп жарыққа шығарған «Қарақұм көтерілісі» кітабы халықтың көңілінен шыққан еңбек болды.
Бексейіт Шайланов – Алматыдағы ҚазГУ-дің түлегі, мамандығы журналист, әрі ақын. Оның туған жер, махаббат, Отан тақырыбындағы лирикалық өлеңдері облыстық, республикалық газеттерде жарияланды. Көңілі дархан, көпшіл жігіт еді. Газетте біраз жыл бөлім меңгерушісі болып істеген шебер журналист облыстық телевидениеге қызметке шақырылды. Осы облыстық телевидениеде жауапты қызметтер атқарды. Ақын – журналист Б.Шайлановтың жырлары мен шығармалары жинақталып жарық көрсе, құнды еңбек болып қалар еді.
Ал, Жұмабек Әбжәмилов мамандығы журналист, жазуға, сызуға бейім еді. Аудандық газет редакция жанындағы радио хабарын ұйымдастырды. Әдеби қызметкер, сектор меңгерушісі болды. Публицистикалық мақалалар мен очерктер жазды. Көп ұзамай жазу шеберлігі мен қарым-қабілетінің арқасында жауапты хатшы қызметіне көтерілді. Жауапты хатшылықты да жауапкершілікпен атқарып, дөңгелетіп әкетті. Амал қанша, Жұмабектің денсаулығы сыр берді. Сол кеселдің кесірінен қайтыс болды. Шүкір артында балалары ер жетіп, өмір жолын жалғастырып келеді.
Жалпы, мен осындай әріптестеріммен қызметтес болғаныма мақтанамын. Өйткені, газетте жүріп, қиын кезеңдерді, қызықты күндерді бірге өткіздім. Олар кезінде уақытпен санаспай уақытылы айлық жалақы алмаса да, жұмыс істеді. Мамандықтарын сүйіп, жұмыстарына жан-тәнімен берілген адал патриот болды. Редакцияда ежелден қалыптасқан қағида бар, ол – бірлік. Сол бекем бірлік пен адал еңбектің арқасында «Жалағаш жаршысы» газеті 84 жылдан бері жарық көріп, оқырмандарымен қауышып келеді.

Серік БЕРТАЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
02 шілде 2018 ж. 1 281 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 763

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930