» » ҚАРМАҚ ҚАУЫП, КӨҢІЛ СЕРГІП ҚАЙТТЫ

ҚАРМАҚ ҚАУЫП, КӨҢІЛ СЕРГІП ҚАЙТТЫ


Өткен аптада елімізде Астана қаласының 20 жылдығы тойланды. Айтулы күнге орай ауданымызда да көптеген іс-шаралар ұйымдастырылды. Айталық, аудан ардагерлері жылдағы дәстүр бойынша «Иіркөлге» балық аулау жарысына жиналды. Күн көкжиегінен шығып көтерілген сайын шіліңгір шілденің ыстығы төбемізден өтіп, күйдіріп барады. Соған қарамастан кент орталығынан, барлық ауыл округтерінен келген ардагерлердің көңілдері көтеріңкі. Бір-бірін көптен бері көрмеген олар амандық-саулық сұрасып, емен-жарқын әңгімеге кіріскен. Барлығы да ықшам киінген, қолдарында қармақ.
Жеке кәсіпкер Б.Тулековтың қожалығы орна­ласқан Иіркөлдің айналасы тап-таза, жиек­теріне отырып балық аулауға жағдай жасалған. Балық аулау жарысына жиналған ардагерлерді аудан әкімі Қ.Сәрсенбаев мерейлі мерекесімен құттықтап, биыл бесінші рет ұйымдастырылып отырған дәстүрлі шараның мақсатына тоқталды.
– Спорт – денсаулық кепілі. Ал салауатты ұрпақ – мемлекет тірегі. Елбасы Н.Назарбаев жыл сайынғы халыққа арнаған Жолдауында балалық шақтан бастап дене шынықтыру мен спортқа ерекше ден қойып, салауатты өмір салтын қалыптастыру қажеттігін айтып келеді. Соған орай, аудан көлемінде көптеген спорттық шаралар өткізілуде. Соның бірі – бүгінгі аудандық ардагерлер арасындағы балық аулау жарысы, – деді өңір басшысы.
Сонымен қатар, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Алиев жыл өткен сайын ардагерлердің балық аулауға ынта-ықыласы артып отырғанын, осыдан бес­ жыл бұрын сайысқа аудан бойынша 15 ардагер қатысса, биыл олардың са­ны қырыққа жуықтағанын жеткізді. Жа­рыс­тың бас төрешісі М.Жаңабергенов балық аулау ережесімен таныстырып, ардагерлерге сәттілік тіледі.
Көлдің жиегіндегі арнаулы орын­дарға жайғасқан ардагерлер қар­мағын сайлап, балық аулауға кірісті. Ардагер балықшылардың қатарынан орын алған аудан басшысы да көлге қар­мақ салды. Жыңғыл, жиде өскен көлдің көлеңкелі жағасы, таза ауасы жанға жайлы, көңіліңді сергітеді. Көлге са­лынған қармақтардың бірі қапса, енді бірінің жемтігін жеп кетіп жатты. Ерекше төзімділікті қажет етер іске құлшына кіріскен ардагерлер күннің ыстық аптабын да, уақыттың өтіп жатқанын да сезбей қалды. Бұйырған кетпейді, бас-аяғы бір жарым сағатта олардың қармағына сазан да, жылан балық та, шабақ та қапты. Қаптап балық алмаса да бұйырған несібелерін қазылардың қарауына әкеліп өткізіп жатты.
Сөйтіп, балықшыларға берілген екі сағат уақыт та өте шықты. Бас төреші балық аулау жарысының қорытындысын хабарлады. Ауланған балықтың саны мен салмағы есептеліп, әділқазылардың шешімімен ең көп балық жинаған Аққұм ауылының ардагері Балтабай Жапақов бірінші, Жалағаш кентінен Темір Серәлиев екінші, Аққыр ауылынан Жүсіп Молдашораев үшінші орындарды жеңіп алып, аудандық ардагерлер кеңесінің «Алғыс хаттары» мен қаржылай марапатқа ие болды. Сонымен бірге «Ең үлкен ардагер балықшы» номинациясы Тасқара Байниязовқа, «Ең үлкен балық аулаған» номинациясы Балтабай Жақановқа, «Ең көп балық аулаған» номинациясы Темір Серәлиевке бұйырып, оларға қаржылай марапаттар тапсырылды.
– Биылғы жылдың бір ерекшелігі аудан ардагерлері арасындағы балық аулау жарысы Елордамыз Астана қаласының 20 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Астана күні мерекесі баршаңызға тағы да құтты болсын! Осылайша ел бірлігін сақтап, салауатты өмір салтын қалыптастыруға атсалысып аман-есен жүре беріңіздер, – деді өңір басшысы қорытынды сөзінде.
Бұқарбай батыр ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ.Нұрмағанбетов қармақтары қауып, көңілдерін сергіткен ардагерлерге арнап мерекелік игі тілегін жеткізді. Айта кетуіміз керек, аудандық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен өткен балық аулау жарысына Еңбек, Бұқарбай батыр ауылдық округі әкімдері, жеке кәсіпкер Б.Тулековтер демеушілік жа­сады.

Серік БЕРТАЕВ,
Маханбет ТАБЫСБЕКҰЛЫ (сурет).
10 шілде 2018 ж. 1 221 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 766

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930