Қазақстанда қоқыстың қанша пайызы қайта өңделеді?
Елімізде бүгінгі таңда жиналған қоқыстың 7 пайызы қайта өңделеді. Астанада бірінші рет өткізіліп жатқан «Green Heroes» халықаралық конференциясында тілшілердің сұрағына жауап берген Қазақстанның экологиялық ұйымдар қауымдастығы басқарма төрағасының орынбасары Елдос Абақанов осындай ақпаратпен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Еуропаның дамыған елдерінде қоқысты тіпті шикізат көзі ретінде пайдаланып жатқан елдер бар. Яғни, ол жақта қоқысты өңдеу технологиясы жоғары дәрежеде. Қазақстанда да қоқысты өңдеу тәжірибесі жоқ деуге келмейді. Қоқысты өңдеу технологиясы Қазақстанда қаншалықты дамыған? Жалпы, Қазақстанда қоқыс өңдеуші компанияларды ынталандыру тетіктерінің аясы кеңейіп келе ме? Осы сұрақты Қазақстанның экологиялық ұйымдар қауымдастығының басқарма төрағасының орынбасары Елдос Абақановқа қойып едік.
«Біріншіден, бұл бағыттағы жұмыстың жақсы жүргізіліп жатқанын атап өткім келеді. Себебі, бүгінгі күні Қазақстанда жалпы қоқыстың 7 пайызы қайта өңделеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын бұл көрсеткіш 1-2 пайыз ғана болатын. Әрине, ол көлем жылдан жылға өсіп келе жатқанын айту керек», - дейді ол. Елдос Абақановтың айтуынша, елімізде қоқыс өңдейтін компанияларды ынталандыру тетіктері біршама қарастырылған. «Ынталандыру тетіктерінің бірі - заңнамалық тұрғыда және экологиялық кодексте «роб» деген түсінік енгізілген. Арнайы ұйым да жұмыс жүргізіп жатыр. Ол ұйым қоқысты қайта өңдейтін ұйымдарды қолдауға бағытталған.
Яғни, 1 келі пластик немесе шыны болсын, болмаса электр құрылғыларды қайта өңдеу болсын, ол үшін мемлекет тарапынан қаражат берілетіндей тетіктер қарастырылған», - дейді ол. Қазіргі уақытта еліміздегі қоқыс полигондарына өңделмейтін қалдықтарды ғана шығару - күн тәртібіндегі маңызды жұмыстардың бірі болып отыр. «Өңделетін қоқысты полигондарға кіргізбей, қайта өңдеу турасында өзіміздің нақты ұстанымымыз бар. Көзге көрінбейтін де болар, бірақ қоқысты өңдеу аймақтарда да көптеп жүргізіліп жатқанын атап өткім келеді. Бірнеше қалада қалдықтарды сұрыптау цехтары ашылған. Яғни, ол цехтарда кез келген қалдықты сұрыптап, қайта өңделетін қоқыстар бөлініп шығады. Ол қоқыс шикізат ретінде қайта өңдейтін зауыттарға жіберіледі. Ал қайта өңделмейтін, мысалы органикалық қоқыстар полигондарға жіберіледі.
Концепцияға байланысты 2030 жылға дейін Қазақстанда қайта өңделетін қоқыстың мөлшерін 30 пайызға жеткізу жоспарланып отыр», - деп түйді Қазақстанның экологиялық ұйымдар қауымдастығының басқарма төрағасының орынбасары Елдос Абақанов. Айта кетсек, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-да өткізіліп жатқан «Green Heroes» халықаралық конференциясы 2018 жылдың 15 қыркүйегінде Қазақстанда тұңғыш рет өтетін «Әлемдік тазарту күні» акциясына арналып отыр. Шара аясында алдымен акцияның еліміздегі аймақтардағы үйлестірушілері анықталмақ. Акция 10 жыл бұрын Эстонияда пайда болған. Бүгінге дейін акцияға 150 мемлекеттен 300 миллионға жуық адам қатысып отыр.
Шараға қарапайым сенбілік сияқты емес, бүкіл халықты тарту көзделген. «Әр азаматтың өз ауласын тазартуы - осы акцияға қатысқаны деп білеміз», - дейді Елдос Абақанов.