Шымкентте жолдың бір бөлігі опырылып түсті
Кеше таңертең Шымкенттегі № 17 ықшам ауданында орналасқан көпқабатты үйдің ауласында жолдың бір бөлігі опырып түсті. Тұрғындар болса бұл төтенше жағдайдың себебі көп қабатты ғимараттың құрылысы үшін қазылған шұңқырдан деп отыр.
Бұл туралы TVK арнасы хабарлады, деп жазады Stan.kz ақпараттық агенттігі.Тұрғындар болған оқиғадан үрейленуде. Өйткені олар опырылған жер одан әрі кеңейіп кетеді деп, қорқып дабыл қағуда. Кеше ғана құрылыс алаңын ауладан қоршап тұрған қоршау бүгінде жер астына түсіп кеткен. Сонымен бірге тас жолдың бір бөлігі де опырып қалған. Ал, тұрғындар болса бұл жағдайға жұмыскерлерді кінәлап отыр. Олардың пікірінше, жұмыскерлер жерді қазу кезінде құрылыс жұмыстарының технологиясын сақтамаған, ал бұл өз кезегінде төтенше жағдайға әкелді.
«Қоршау алыс тұрған болатын. Жұмыскерлер оны бері итеріп әкеп қойған. Оларға жол бойына қоршау жасауға кім рұқсат берді екен деп ойлаймын. Ертең жаңбыр жауса, бұның бәрі опырып түседі», – дейді тұрғын.
Жергілікті тұрғындардың сөзінің жаны бар. Себебі, шұңқырдағы сызаттар одан әрі ұлғайып бара жатыр. Егер жақын арада тиісті шара қабылданбаса, жердің опырылуы одан әрі жалғаса береді. Сондай-ақ, бұл жағдай оқиға орнына бірден келген әкімдіктің қызметкерлерін де біраз абыржытып тастады.
«Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы тиісті шаралар қабылдайды.Үйдің құрылысы дұрыс жүргізілмегендіктен олар тексеру жүргізеді»,-дейді Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары Александр Малахов.
Stan.kz