Қызылордада қанатқақты жобаның сынамасы жалғасты
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық» деген болатын.
Осы ретте бейсенбі күні облыстық әкімдікте ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл – Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы мамандарының ұйымдастыруымен «Жаңа емле ережелері қанат қақты жобасының сынамасын өткізу» шарасы өтті. Өңірімізге арнайы келген жұмыс тобы қазақ тілінің латын графикасына негізделген жаңа емле ережелері жобасының сынама жұмыстарын жалғастырды. Жиынды аталған орталық директоры Ербол Тілешов пікір білдірді.
– Кездесудің мәні – үлкен елдік мәселе – латын әліпбиіне көшуге қатысты. А.Байтұрсынов атындағы институттың мамандары, арнайы жұмыс тобының мүшелері шілде айында жаңа тілдің емле ережесінің жобалық нұсқасын аяқтады. Біз бұл жұмысты кеңінен талқылап, толықтырып, нақтыладық. Енді осы жұмыстарды халықпен кеңесіп, түсіндіру мақсатында ел ішінде болып жүрміз. Бұған дейін Ақмола облысында, Бурабайдағы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында өткен болатын. Алдағы уақытта барлық облыстарды аралап шығу жоспарда бар. Бұл – әлеуметтік құбылыс. Осыған байланысты халық өзінің қолданатын әліпбиін, оның енгізілуінің мәнісін білуі тиіс. Біздің кирилл таңбалы әліпбидің кезінде біраз жіберген олқылықтары бар. Жазылуында, емле ережесінде. Соның орнын толтыру, екінші жағынан халықтың көзқарасы қандай, қолданысы қалай қалыптасады, емле ережені қалай қабылдар екен деген бірнеше сауалдар қойып, соның ретінде сынама жұмыстарын жүргізудеміз, – деді.
Жиында Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дің аға оқытушысы Болат Боранбай сөз алып, латын әліпбиіне көшудің басты мақсаттарын атап өтті.
Шарада орталық директоры бұл сынама жұмыстар Алматы қаласында өтетін жұмыс топтарының семинарында сараланатынын жеткізді. Онда көпшіліктің айтылған ұсыныс-пікірлері ескеріледі. Егер айтылған ұсыныс-пікірлер ғылыми тұрғыдан орынды болса, онда толықтырулар мен өзгертулер енгізіледі. Одан әрі төрт жұмыс тобының атқарған істері қорытындыланып, оның тағы да толықтырылған жобалық нұсқасы Б.Сағынтаев басқаратын Ұлттық комиссияға ұсынылып, жоғары деңгейде бекітілетін болады. Содан кейін бұл халыққа міндетті тілдік заңдылық болып табылады. Қазақстанда 2019 жылы нөлінші сыныптар жаңа әліпбиімен оқиды. Ал 2020 жылы бұл жүйеге бірінші сынып көшеді.
Жиын соңында Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл–Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының мамандары жаңа емле ережелерінің жобасын сараптамадан өткізу үшін сынама сауалнамасын жүргізді. Қанатқақты жобаның сынамасына облыстық басқармалар, департаменттер, қалалық және аудандық әкімдік қызметкерлері мен әскери қызметшілер, жастар қатысты. Сауалнамаға қатысушы алдымен өзі туралы ақпарат толтырады. Екінші жаңа қазақ әліпбиі ережесімен танысып шығады. Одан әрі арнайы берілген тапсырмаларды орындап, егер ұсыныс-пікірлері болса белгіленген орынға қалдырады. Жалпы, облыстан сынама сауалнамаға 500 адам қатысады. Бұл сынама нәтижесінде анықталған статистикалық әрі сапалық мәліметтер емле ережелерінің жалпыхалықтық қолдауға ие нұсқасын әзірлеуге септігін тигізеді.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы».