Қарағандыда діннен адасқан ата-ана ауыр халде жатқан сәбиіне қан құйдыруға қарсы шықты
Қарағандыда 6 айлығында 900 грамм салмақпен дүниеге келген сәби ауыр жағдайда жатыр. Дәрігерлердің сөзінше, шақалаққа шұғыл түрде қан құймаса, шетінеуі ықтимал. Алайда «Иегова куәгерлері» сектасына кірген ата-анасы өз сәбиіне қан құйдыруға қарлысылық танытуда, деп хабарлайды КТК арнасы.
«Киелі жазбада құдайға құлшылық ететін адамдардың бөтен адамдармен қан араластырына болмайтыны туралы жазылған. Бұл аса маңызды. Екіншіден, балаға қандай және кімнің қаны құйылады? Қан құйғанымен, сәбидің аман қалатынына кепіл жоқ. Оған қанды алмастыратын сұйықтықтарды құюға да болады ғой», – деді сәбидің әкесі Андрей Колесников.Ақ халаттылардың айтуынша, бүгінде сәбидің өкпесі дұрыс қызмет етпейді. Салдарынан шақалақ өмір мен өлімнің арасында жатыр.
Дәрігерлер, тіпті, ауа қысымындағы өзгеріс пен қатты дауыстың әсерінен оның қан тамырлары жарылуы ықтимал екенін айтуда. Бірақ сәбиге ем үшін қан құйғызуға ата-анасы келіспей, алған бетінен қайтпай отыр.
Осы себепті шарасыз халде отырған перзентхана қызметкерлері қорғаншылық және қамқоршылық бөліміне арыз түсіріпті.
Десе де құзырлы орган өкілдері жас ата-анаға әрекетінің бұрыстығын түсіндіргенімен, райынан қайтпай отыр екен.
Аталған жағдайға байланысты ендігі олар «Иегова куәгерлерін» уақытша ата-ана құқығынан айырып, сәбиді өз қамқорлығына алуға талпыныс жасап жатыр. Болмаған жағдайда, шалажансар жатқан шақалақтың аман қалуы екіталай көрінеді.
«Егер де бала мен ата ананың арасындағы көзқарастар салдарынан қарама- қайшылық туса, қорғаншылық және қамқоршылық бөлімі мемлекет заңына сәйкес уақытша қорғаншы тағайындау құқығына ие», – дейді Қарағанды қалалық білім бөлімі қамқоршылық секторының жетекшісі Арай Ділдәбекова.
Stan.kz
Пікір 3