Қызылордада суға батқан жігітті құтқарды
Тілсіз жаудың бірі – су. Жаз айларында салқындаймын деп суға түсіп, оның қаупін елемеудің салдары талайларды өкінішке қалдырып жүргені белгілі.
Осындай оқыс оқиғаның бірі жуырда Шиелі ауданында да қайталана жаздады. Бәйгеқұм көліне Қызылорда қаласынан келген бір топ демалушылардың арасындағы К. есімді 22 жасар жігіт көл ортасында қайықтан секіріп түсіп, жағаға дейін жүзіп бармақшы болады. Жас адам көл суының ақпайтын, ауыр болатындығын ескермеген секілді. Бастапқыда малтығанымен сәлден соң-ақ құлашы жазылмай суға бата бастайды. Оны жағаға шығарғанша, жігіттің аяқ-қолының тамырлары тартылып, жүрек соғысы да бәсеңсіген. Абырой болғанда осы маңда серуендеп жүрген ерлі-зайыпты дәрігерлер Қошқарбаевтар оқиға орнынан табылып, алғашқы жедел көмекті өте сауатты атқарып шығады.
Қызылорда облыстық орталық ауруханасында хирург қызметін атқаратын Нұрбол мен облыстық балалар ауруханасының узисті Айжан осылайша адам денсаулығына төнген қауіптің бұлтын сейілтті. Іле-шала төтенше жағдай органы құтқарушыларының көмегімен Шиелі аудандық ауруханасына жеткізілді.
Шиелі ауданы ауруханасының терапия бөлімінің меңгерушісі Бақыт Исмагулованың айтуынша, жігіт ауруханаға түс мезгілінде, өте ауыр жағдайда келіп түскен. Жалғас Абдухожаев пен Ерлан Сартбаев есімді дәрігерлер ауыр жағдайда жатқан жігітті реанимация бөліміне қабылдап алып, шұғыл әрекет жасаған. Жігіттің тыныс алу жолдарына зақым келіп, өздігінен дем ала алмағандықтан ИВЛ аппараты қосылған. Ертесіне ғана арнайы аппарат алынып, жігіт өзі демалатын жағдайға жетті. Есін де жинады. Реанимация бөлімінде 4 күн бойы жатып, бесінші күні терапия бөліміне ауыстырылды.
Жігіттің жағдайы жақсаруы үшін Шиелі ауданы ауруханасының қызметкерлері барынша тер төкті. Науқас өте көп мөлшерде су жұтып қойғандықтан ем-шара қабылдау барысында Ақтілек Даниярова физикалық кабинетте арнайы жаттығулар жасатып, тыныс алу жолдарын ретке келтірді. Ем-шараның барлығы нәтижелі аяқталып, 15 шілде күні ол ауруханадан шығарылды. Баланың ата-анасы құтқарған адамдарға және Шиелі аудандық ауруханасының дәрігерлеріне үлкен ризашылығын білдіріп отыр. Қашанда «адам-адамға дос, бауыр» деген қағиданың салтанат құруы бір-бірімізге деген мейірімімізді оята түседі.
«Сақтансаң – сақтаймын» демекші, жамандық айтып келмейді. Сол себепті барынша абай болып, қандай жағдай болмасын сақтық шараларына қамданып жүргеніміз абзал.
Нұрмахан НАЗЫМХАНҰЛЫ
egemen.kz