МӘДЕНИЕТТЕГІ МӘДЕНИ ОШАҚ
Елімізде мәдениет пен спорт саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Оған күн сайын жаңа нысандардың көбейіп келе жатқаны дәлел бола алады. Соңғы жылдары облыста ауылдық елді мекендердегі мәдени нысандарды жаңарту және аталған салаға жастардың бет бұруына барынша жағдай жасау дәстүрге айналды. Көбіне ауылдағы таптырмайтын талант иелерінің тасада қалатынын ескерсек, бұл осы мәселені шешуде маңызды рөл атқарады. Өнерлі өрендердің талабын шыңдауда Мәдениет ауылында да тындырымды істер қолға алынған. Тұрақты дамуы тиіс тіректі елді мекендер қатарынан табылған бұл өңірде биыл мәдениет үйі пайдалануға берілді.
Жаңа нысанда жастардың шығармашылығын шыңдауға барлық жағдай жасалған. 11 маман қызмет ететін мәдени ошақта «Ән», «Би», «Көркем сурет» және «Баян» сияқты 4 үйірме жұмыс жасайды. Бұл үйірмелерден шыққан жастардың алды бүгінде жұмысқа орналасып, мәдениет саласының ілгерілеуіне атсалысса, енді бірі Алматыдағы жоғары оқу орындарында білімін жетілдіруде.
Негізінен ауыл жастарының өнерге деген қызығушылығы мен қабілеті бұрыннан жаман емес. Дегенмен ауылдық клуб басшысы Алеша Мұратбекұлы жаңа нысанға келгелі олардың бұл салаға бет бұруы арта түскенін айтады.
– Қазір еліміз ауылдық елді мекендердің әлеуетін арттыруда барлық жағдай жасап отыр. Оның шарапатын өзіміз де көрдік. Биылдың өзінде біздің ауылда жаңадан 3 нысан бой көтерді. Барлығы да талапқа сай салынған әлеуметтік нысандар. Олардың қатарында өзіміз отырған ауылдық клуб та бар. Мұнда мамандардың жұмыс жасауына да, жастардың талабын шыңдауға мүмкіндік мол. Елді мекен жастары бұрыннан өнерден қаражаяу емес. Ауылдың атының өзі тұрғындардың қабілетінен хабар беріп тұрғандай. Қазіргі таңда 4 үйірме үздіксіз қызмет көрсетеді. Мамандарымыздың барлығының біліктілігі жоғары, – дейді А.Мұратбекұлы.
Мәдениетке барғанымызда ағамыздың сөзінің растығына біз де көз жеткіздік. Шынында, өңір жастары бірінен бірі өткен дарын иелері. Бірі дауысымен тәнті етсе, енді бірі бірнеше аспапты еркін меңгерген. Бұл дәстүр сабақтастығы болса керек, себебі осыған дейін де ауылдағы білім ошағынан түлеп ұшқан жастар мәдениет үйіндегі үйірмеге қатысып, үлкен додаларда топ жарған. Олардың ішінде Жансая Қанатбек те бар. Ол 2016 жылы «Балапан» балалар байқауының облыстық кезеңінде оза шауып, халықаралық сайыстың жолдамасын жеңіп алды. Тіпті, шетелде де өнер көрсетіп, ел намысын қорғады. Мәдениет үйінен түлеп ұшқан тағы бір өнерпаз осында жұмысқа орналасуға ниеттеніп отыр. Оның бұл бастамасына ауылдық клуб директоры қызығушылық танытуда. Себебі, оның үлкен тәжірибесі барын А.Мұратбек бұрыннан аңғарса керек.
Жалпы айта берсек, мұндағы мәдени ошақтың жетістіктері аз емес. Өткен айлардың өзінде Аққұм ауылында өткен патриоттық әндер байқауында мәдениеттік өнерпаздар бас жүлдені жеңіп алды. Ақ жаулықты аналардан құралған «Қазыналы қария» әжелер ансамблі де үлкен сайыстарда топ жарып жүр. Түрлі шаралардың көркін қыздырып жүрген оларға да жаңа нысанда арнайы берілген.
Кенжетай БАЛҒАБАЙ.