Дүниеде әке мейірімі мен ананың ыстық құшағын, атаның қасиетін, әженің өсиетін алмастыра алатын құндылық жоқ. Күнделікті өмірде осыны біле тұра аңғармай, сезе тұра сезінбей жатамыз. Суретші Оралбек Қабөке шығармалары отбасы дейтін осы бір баға жетпес байлықтың қадір-қасиетін тереңнен сезінуге тартады. Оның қаламынан тамған сырлы бояулар жаныңа өзгеше жылы ұшырайтыны сондықтан.
– Суретші өз картиналарына тақырып іздеп, қиядан асып, ел шетіне шығып кетпейді. Өмір мен болмыстың заңдылықтарын ата дәстүрден, ұлттық тұрмыстың ғасырлар бойы сынынан өтіп, дәлелденген қарым-қатынасынан, жан-дүниенің қоңыр қобыздың сарынындай мың құбылысы бар иірімдерінен іздейді. Оралбектің осы көрмеге дайындығының тағы бір ерекшелігі, оның тақырыптық, көп бейнелі картиналар шығармашылығының негізгі арқауы екендігінде, – дейді өнертанушы Самал Мамытова. Мына бір суреттегі дастарқан басына жайғасқан жарасымды отбасы кішкентай мемлекет іспетті. Ұрпағына аңызын шертіп, өнегесін өрбітіп отырған қазыналы қария қасиеттің алтын діңгегіндей көрінеді. Қарияның ту сыртына саялы бәйтеректің бейнеленуі әке мәртебесін барынша асқақтатып тұр. Әр отбасы мүшесінің дастарқан басынан өз жолына сай орын алуы қазақ отбасындағы ізет пен құрметтің, кісілік пен кішіліктің жарқын үлгісін көрсетеді. Жылылық ұялаған жарасымды отбасы...