Санавиация дәрігерлері қызылордалық жас босанған әйелді аман алып қалды
Санитарлық авиация дәрігерлері қос бүйрегінің жұмысы бұзылған қызылорадық жас босанған әйелдің өмірін арашалап қалды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
2018 жылғы 31 тамызда санитариялық авиация қызметінің мекенжайына Қызылорда қаласы облыстық Перинаталдық орталығында жатқан 1984 жылы туылған пациентке эфферентті терапия – диализ жедел жүргізу қажеттілігі туралы өтінім түскен.
Жас босанған әйел ауыр операциялық рәсімдерден өткен және эфферентолог мамандар кеңесі мен мамандандырылған терапия көрсетуге мұқтаж болған.
«2018 жылғы 1 қыркүйек диализ өткізу –– мамандандырылған көмек көрсету мақсатында пациентке санавиация борты мамандармен және қажетті медициналық құрал-жабдықтармен ұшып шыққан. Эфферентолог дәрігерінің кеңесінен кейін сол орнында пацентке медициналық көмек көрсетілді, диализ рәсімі жүргізілді», - делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұл рәсім «бүйрек жеткіліксіздігі» туындаған - екі бүйрек өзінің әдеттегі қызметін орындауға қабілетсіз (немесе мүлдем қабілеті жоқ) жағдайда қажет. Диализ – бұл ағзадан тіршілік ету өнімдерін және артық сұйықтықты жасанды шығару процесі.
Санитариялық авиация қызметінің арқасында 2018 жылғы 7 ай ішінде ҚР өңірлерінде 1 400 астам мамандандырылған медициналық қызметтер көрсетілді, оның ішінде орнында мамандарымен 86 операция жасалынды.
«Орталық құрылғаннан бері санитариялық авиация қызметімен 15 мыңнан астам қазақстандықтарға көмек көрсетілді, оның ішінде: акушерлік патологиясы бар 2 537 әйелге, 2 460 жаңа туған нәрестеге, балалар жасындағы патологиясы бар 3 249 балаға, қан айналым жүйесінің ауруы бойынша 2 365 пациентке, 3 177 жазатайым оқиғалардан, улану мен жарақаттанудан зардап шеккендерге және өзге де аурулары бар 1 458 пациенттерге көмек көрсетілді», - делінген хабарламада.
Республика бойынша 15 395 медициналық қызметтер көрсетілді, оның ішінде: 11 464 тасымалдау, 3 027 кеңес беру және 904 операция.
Естеріңізге сала кетейік, санитариялық авиация қызметінің негізгі мақсаты - медициналық көмекті қолжетімді және жедел көрсету, әсіресе, ауыл халқы үшін. Негізінен бұл ауылдық елді мекенде жоқ мамандандырылған медициналық көмек туралы айтылып отыр.
Baq.kz