Шаңырақ неге шайқалады?
Қаланың қақ ортасындағы еңсесі биік, аумағы ат шаптырым мейрамхана. Биыл ғана пайдалануға берілген. Әзірге ең қымбаты да осы. Сағат екіге шақырса да, үштен аса бас сұқтық. Асығысы жоқ, біздің ел осылай жиналады. Кірсек кісі көп емес екен. Ошарылып он бес шақты жан отыр. Той иесі көзімізге түсе қоймаса да, жиналғандармен иек қағысып амандасып, құтты болсын айттық. Той көпке ортақ емес пе!..
Дастарқанның үсті қайысып тұр. Құстың сүтінен басқаның бәрі бар. Безендірілуі де өзгеше өңді екен. Кіре беріс дәліз де, кең залдың төрт қабырғасы да сонау қақ төрде отыратын жастардың орнына дейін гүлмен түрленіпті. Жай ғана қоя салмаған, ою-өрнекпен, айрықша талғаммен көрік берген. – Осы безендірудің өзі 800 мың теңге тұрады екен, – деді орындықта бір жамбастай отырған мосқал әйел, – бір күндік қызық үшін соншама шашылып керегі қанша еді?
Соңыра той біткен соң қалмай ма бәрі де аяқ астында. – Балалардың бақыты үшін ғой, солардың қызығы үшін. Адам баласы өмір бойы жиған-тергенін осындай тойға жаратамын деп жинамай ма,–деді алғашқы әйелдің әңгімесін құлақ сала тыңдап отырған екінші келіншек. – Содан балалар бақытты болып кетер деймісің? – деді сөз бастаған мосқал әйел. Енді өнімсіз әңгімеге еркектер де араласты. Әдемі галстук байлаған қаба сақалды, елуді еңсеріп қалған азамат:
– Асабаның өзін Астанадан жалдаған екен. Автобуспен келе жатқан көрінеді. 16 адам дейді. Ішінде әншісі, бишісі бар үлкен ұжым екен. Екі миллион теңгеге жалдапты, – деп той барысынан біршама хабардар екендігін аңғартып тастады. Жиналған жұрт тегіс таңдайын қаққан. Әлгі Көкшетауға келе жатқан өнерпаздардың өнері емес, бағасына. Біздің жақта мұндай баға жоқ қой, асып кетсе 200, әйтпесе 300 мың теңге. Ал екі миллион теңге дегеніңіз сұмдық, тіпті. Сүт пісірім уақыт өткен кезде мейрамхананың іші араның ұясындай болды. Топталып, әншейін уақыт өткізуге әрқилы әңгіменің басын шалған қоғадай қалың жұрт. Әлгі айтқан құны екі миллион теңгелік той басқарушылары да келіп жеткен. Асай-мүсейлерін құрып, дауыс қатайтқышты қайта-қайта тексеріп, дайындалуда. – Жылқысы сұмдық семіз екен! – деді асхана жаққа барып қайтқан пысықтау біреу. Сере шығыпты. Қартасы төңкеріліп жатыр. – Е, солай болатын жөні бар, «Жібек жолы» базарынан бес жүз мың теңгеге алды деген, – деді той иесінің көршісі.
Сағат бестен асып кетті. Қалжырай бастадық. Қас қылғандай той иесі де көрінбейді. Түсіне алмай біз тұрмыз. Құдалардың да қарасын байқай алмадық. Елдің шеті сөгіле бастаған. Кейбіреулер бір айналып келеміз деп, той басталғанда хабарласасыңдар деп тапсырып, өз шаруаларын ыңғайлауға аттанып жатты. Сәлден соң хабар да жеткен. Сұмдық, суық хабар. Естіген жұрт есінен танып қала жаздады. Әке-шешелерін бір-бірімізді сүйеміз деп, шаңырақ көтеретін болдық деп жақсы хабармен жадыратқан екі жас дәл тойдың алдында айнып қалыпты. Бірін-бірі ұнатпайды екен. Кеше ғана бірін-бірі көрмесе тұра алмайтын сезімде болған екі жас енді бірін-бірі көргісі келмейді. Ал әке-шеше естерінен танып жатыр деседі. Енді қайтсін, шығыны өз алдына, еттен өтіп сүйекке жететін ұятын айтсаңызшы?..
Қызық-думанға кенелеміз деп келген жұрт ауыр ой арқалап қайтты. Шаңырақ көтергендердің көп ұзамай дәм-тұзы жараспай жататындығы да шындық. Кейін осы тақырыпты қаузағанбыз. Ақмола облысында 2017 жылы 5075 жұп шаңырақ көтерсе, соның 2560-ы немесе 50 проценті ажырасып кеткен. Қақ жартысы. Қаншама әуре-сарсаң. Басым салмағы ата-аналардың жүрегінде. Ал жастар ше? – Жастар қазір өз тағдырларына жауапкершілікпен қарамайды. Өздерінің ғана емес, ата-аналарының да. Ертеректе мұсылман әйелдер лигасын құрып, жастармен жұмыс істедік.
Жан дүниелеріне үңілдік. Сондағы байқағанымыз ғой, – дейді ардақты әже Рауза Бәйкенова, – шын мәнінде ұл-қыздарының шаңырақтарының шайқалуы ата-аналар үшін бақытсыздық. Жұрттың табасы да жүйкелерін жегідей жейді. Материалдық шығын өз алдына, оны қойшы, ұяты өлтіреді емес пе? Ал сәбилерінің жазығы қанша, тумай жатып тірі жетім атанатын. Осыны неге ойламайды екен. Шаңырақтың шайқалуы себептерін індетуге тырыстық. Осы орайда жастармен жұмыс істеп жүрген психологтардың да уәжі көңілге қонатын тәрізді. – Ең алдымен әлеуметтік-тұрмыстық жай әсер етеді, – дейді психолог Жанар Махамбетова, – тұратын баспананың болмауы, еңбекақының аздығы, балалар бақшасына ұзын-сонар кезек, тіпті сәбиді кімнің әке-шешесі бағатындығы да тағдыр таразысын басуға себепші.
Жастар жарқырап киініп, жадырап жүргісі келеді. Қымбат пәтерден, қымбат көліктен дәмелі. Қазір бұрынғыдай қол жеткенге қанағат дейтін пейіл жоқ қой, егер ойға алған істері іске аспай қалса, бір-бірін кінәлайды. Екінші бір мәселе, жастардың отау құруға психологиялық тұрғыдан дайын еместігі. Бұл мәселеге жеңіл-желпі қарайтындығы. Ертеректе «қайтып келген қыз жаман» делінетін. Ата-аналары ондай әбестіктен күні бұрын сақтанып, перзенттерінің құлағына құйып отыратын. Құлағына ғана емес, көкірегіне. Қазір адамдардың пейілін материалдық игілік басып кетті. Тіршіліктің толқындарында өмірдің қиындықтарымен өз бетінше күресуге қауқарсыз, жасық, күйреуік. Кез-келген кішкентай мәселені өз беттерінше шеше алмай, әке-шешелеріне қарайлайды. Ал олардың басым көпшілігі күнкөрістің қамымен өз бастары дал болып жүр. Үйлендірдік, тойын жасап бердік, енді өз күндерін өздері көрсін деп азар да безер болады. Жастардың отауы керегесін кеңейтіп, босағасын бекіткенше көмек көрсете алмайды. Бұл да себеп болуы мүмкін. Материалдық қиындық дегенде, бұдан да қиын күндерде тойға бармап па едік?.. Тіпті өтпелі кезеңнің өзінде дәл мұндай сорақылық бола қоймаған. Мәселен, 2008 жылы Ақмола облысында 5696 шаңырақ көтерілсе, соның 1767-сі, яғни 31 проценті ажырасқан. Мәліметке қарап отырсақ, ажырасу үрдісі жыл сайын көбейе берген.
2009 жылы 33, 2010 жылы 35 процент. Ең көбі 2016 және 2017 жылдары. Бұл жылдары жоғарыда айтқанымыздай, шаңырақ көтергендердің қақ жартысы ажырасып кеткен. – Шын мәнінде қанша адамның тағдыр табыстырып, артынша бір-бірін көрместей болып айнып жатқанның өзін анықтау оңай емес, – дейді Жанар Махамбетова, – қазіргі жастар азаматтық некені дұрыс көріп жүр. Жауапкершілігі жеңіл, бір-біріміздің алдымызда ешқандай міндетіміз жоқ дейді. Некеге отырмай бір шаңырақтың астында түтін түтету қазақ дәстүрінде бұрын-соңды бола қоймаған үрдіс. Некесіздерден некесіз перзент тумай ма? Жас толқын осы қалыппен өз тіршілігіміз өзімізге ұнайды деп тарта берсе, Алаш жұртының қақ жартысы некесіз туған ұл мен қыз болып кетпес пе екен? – Баламыз үшінші рет үйленді. Алғашқыда некеге тұрған, кейін өзі қаламады.
Екінші келініміз кетіп қалғанда ың-шыңсыз ажырасты. Пәтер баламның атында еді, кеткен келін үйде үлесім бар деп дәме еткен жоқ. Соны тәубе дедік, – дейді Көкшетау қаласының тұрғыны Есенбай Қарабаев, – үшінші рет үйленгенде де некеге отырған жоқ. Баламнан сұрап көріп едім, керегі жоқ деді. Өйткені оның шағын да болса бизнесі бар ғой. Некеге отырса, соның қақ жартысын сыпырып алмай ма? Осылай түсіндіргесін біз де аса құлықты бола қойған жоқпыз. Ел ағасына жетіп қалған Есағаңның әлгі әңгімесінен түйген ой жастар құрған шаңырақтың ғұмырлылығы емес, өздерінің материалдық игілігінің қымбаттығы. Ал екі келіннің құшағында кеткен төрт бала ше? Олар қымбат емес пе еді?!
Байқал БАЙӘДІЛ,
egemen.kz