Сертіне берік сарбаз
Қызылорда облысынан әскер қатарына шақырылған сарбаз Мейірбек Нұрболатұлы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі Объектілерді қорғау қызметінің Астана қаласында орналасқан «Айбын» Президенттік полкі 0112 әскери бөлімінде жауынгерлік міндетін өтеп жатыр. аталған әскери бөлім Қазақстан Республикасы Президентінің және бірінші тұлғаларының қауіпсіздігін, маңызды мемлекеттік нысандардың күзетін жүзеге асыратын алдыңғы қатарлы әскери құрылым екенін айта кеткен жөн.
Осы ретте жерлесіміз Мейірбектің осындай әскери бөлімде болғаны біз үшін үлкен мақтаныш. Мұнда жеке құрам қатарына еліміздің түкпір-түкпірінен, әр облыстардан денсаулық жағдайы, мінез-құлқы, жеке қасиеттері тұрғысынан үздік деп танылған жастар таңдалып алынады. Жауынгер Мейірбек Нұрболатұлының осы қатардан табылғаны – оның туған өлкесінде, отбасында және мектебінде, оқу орны мен еңбек ұжымында алған білімі мен тәрбиесінің жемісі болса керек.
Мейірбек Нұрболатұлы – Қызылорда облысы, Жалағаш ауданының тумасы. Ол Т.Жүргенов атындағы №123 орта мектеп-лицейінің түлегі. Қызылорда облысының қорғаныс ісі жөніндегі басқарма арқылы әскер қатарына шақырылып, бүгінде «Айбын» Президенттік полкінде жауынгерлік борышын өтеуде. Ол әскери қызметінің бірінші күндерінен бастап, жауынгерлік өмірдің қыр-сырын үйренуге зор ынтамен кірісті. Отанға деген жоғары патриоттық сезімімен қарулас достарына үлгі-өнеге бола білді. Өзіне жүктелген міндеттерді атқару кезінде ол белсенді, жауапты азамат ретінде танылды. Жауынгерлік және мемлекеттік-құқықтық дайындық сабақтарында командирлерінен үйренген білімдерін қызмет барысында дұрыс қолдана біледі. Жауынгерлік дайындық нормативтерін әрдайым ең үздік бағаларға орындайды. Өзіне сеніп тапсырылған қарудың құрылымын, тактикалық-техникалық сипаттамасын, қызмет көрсету тәртібін жетік меңгергендіктен атыс даярлығында үздік нәтижелер көрсетіп жүр. Жауынгерлік кезекшілікте әрдайым қырағылық танытып, әскери міндеттерін жауапкершілікпен атқарғаны үшін бірнеше рет марапатталған.
Мейірбектің өзіне жүктелген жауынгерлік міндеттерді абыроймен атқарып келе жатқаны көпке үлгі.
Н.АЛМАСҚЫЗЫ.