Даналыққа толы ғұмыр
– Бұл, Шыңғыс ағаның үйі ме? – деген бейтаныс үн естілді.
– Ия, Шыңғыс ағаның үйі.
– Тыңдап тұрған кім? – екен.
– Сол ағаның өзі.
– Мен Қызылорда қаласынан телефон шалып тұрмын. Сәкеңнің, Сейілбек Шаухаманов ағаның аттанып кеткенін айтуға мәжбүр болып тұрғаным.
Төбеден жай түскендей болып, телефон трубкасын тастай салып отырып қалыппын. Бұл тамыздың жиырма алтысы күні болатын. Не деген суық хабар. Күні кеше ғана Ыдырыс Қалиев ағамыздың жылдық асында «Ыдеке, сіздің өміріңіз де, өліміңіз де өнеге» деп сөйлеп еді ғой. Ойпырмай кешегі бар адам бүгін жоқ, жалған дүние деген осы екен ғой.
Әр заманның аты аңызға айналған адамдары болған. Жиырмасыншы ғасырда Сырда туып, Сырда өскен, аты республикаға танымал мемлекет және қоғам қайраткері Сәкең сондай адам болды. Пайымдап айтқанда, ақылы мен жігері, тапқырлығы мен табандылығы, кісілігі мен кішіпейілділігі, әділдігі мен адалдығы, іскерлігі мен біліктілігі, сабырлығы мен шешендігі сияқты қасиеті бір басынан табылатын дара тұлға дүниеден өтті. Ол қоғамға, отанымызға, елімізге, оны білетін бәрімізге керек еді. Алайда, адамның емес, Алланың айтқаны болады деген.
Сәкең аты айтылған кезде онымен қызметтес болған жылдар еске түседі. Ол 1975 жылы Жалағаш аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып сайланды. Осы кезден бастап менің онымен қызметтес болуым Райком деп аталатын үлкен үйде басталып, 1980 жылға дейін күнделікті тығыз байланыста еңбек етуге тура келді. Сол жылдары орыстың атақты жазушысы А.П.Чеховтың «Адам бойындағы нәрселердің бәрі: жүзі мен киімі, ішкі дүниесі мен ойы да бір-бірімен жарасып, тамаша болуға тиіс», «ақыл-ойы жағынан айқын, адамгершілігі жағынан – таза, дене құрылысы жағынан тартымды болуға тиіс» деген өнегелі сөздерін оқығаным бар-ды. Осы айтылған қасиеттердің барлығы да Сәкеңнің, Сейілбектің бойынан айна-қатесіз табылатын-ды. Ол кезде ол 36 жаста еді.
Ол қызмет жасаған жылдары жиналыстар көп болатын. Трибунаға шыққан шешендер жазып алған баяндамасын немесе сөзін оқып шыққанша кейбір тыңдаушылар ұйықтап та қалатын. Ал, Сәкеңнің трибунадағы мінезінің өзі өзгеше болатын. Тікелей қызынып сөйлегенін былай қойғанда ол кісі ұзақ баяндама жасағанның өзінде, ешкімді жалықтырмай, не айтса да құлшынып, өз темпераментімен өзгелерді де еліктіріп алып кететін, кейде ойда жоқ тың мәселелерді айтып, көпті серпілтіп тастайтын. Осы орайда ойыма бір мәселе оралады. Жыл сайын өтетін шопандар жиыны, бақташылар жиыны, сауыншылар жиыны, міне, осылардың барлығында көбінесе екінші хатшы баяндама жасайтын. Ондайда Сәкең, осы тақырыпта бұрын жасалған баяндамаларын алдына алып отыратынды.
– Ал, жігіттер, бұрынғы айтылып, жауыр болған сөзден аулақ болайық. Жаңа ой тастайық, жаттандылықты қояйық, – деп жаңа міндеттер қоятын.
Осыдан, оның алыстан орағытатынын аңғаратынбыз.
Бір совхозға, не бір мекемеге бара қалса дереу жұртпен мидай араласып кететін. Сол жылдары ол аудан территориясында өсіп шығатын шөптің барлық түріне оның ішінде шеңгел де, сексеуіл де бәрі-бәрі бар. Солардың құрамында мал азығындық қуаттың қандай дәрежеде екендігін арнаулы лабораторияларға жіберіп анықтатқан еді. Өзі басқа ауданға қызметке ауысып кеткеннен кейін, онымен ешкім айналыспады.
Ол бүгін істелетін жұмысты, ертеңге қалдыруды қаламайтын, басқалардан да осыны талап ететін.
Ол халықтың жақсы қасиеттерінің барлығын бойына сіңіре білген азамат еді. Оның халықтан үйренген, жинақтаған сол тәжірибесін кешегі ел басқару кезінде орынды пайдалана білді де.
Онымен қызметтес болған жылдары оның басқа да сан қырлы адамгершілік қасиеттеріне куә болдық.
Оның әсерлі де, мағыналы сөздері бүгінде ел арасында афоризмге айналып кеткенінің де куәсі болып жүрміз.
Өтініш-арызбен келген адамдардың бәрін сергектікпен және жылы шыраймен қабылдау оның жұмыс стиліндегі басты белгі-тұғын.
Онымен бірлесіп қызмет істегенде жасымызда аса көп айырмашылық болмаса да одан біздер көп нәрсе үйрендік.
Сәкеңнің келбетіне қарай ақылдылығы, қамқоршылдығы, пейілі де басқадан биік тұратынына оны білетін замандастары ешқандай дау айта алмайды.
Жанартаудай тұлғалы азаматтың орынсыз сөйлеп, орынсыз ашуланғанын қызметтес болған мезгіл ішінде көрген емеспіз. Бір есіткенін ұмытпайтын, бір көргеннен жаңылмайтын оның жан-жақтылығына, шек келтіруге болмайтын. Өзінен кіші адамдарға да «Бәке», «Шәке» деп сөйлейтін кішіпейілділігі ол кісіге деген басқалардың жүрек жылылығын арттыра түсетін-ді.
1979 жылы «Аққыр» совхозында өткен шопандар тойына көршілес Өзбекстан Республикасының Бұхара облысы, Тамды ауданының бірінші хатшысы Ақберген Исаев қатысты. Сонда ол Сейілбек Шаухамановтың жүріс-тұрысына, сөйлеген сөзіне, айтқан әңгімесіне назар салып:
– Қонеке, мына жігітке екінші хатшылық аздық жасап жүрген сияқты ғой, – деген-ді.
Дуалы ауыздың сол сөзінен кейін ол көп ұзамай Сырдария аудандық совет төрағасы болып сайланды.
Сәкеңнің жұмыс кабинетіндегі стол үстінде үш папка тұратын. Бірінші папкада өзінің сөйлеген сөздерінің жазбаларын, екінші папкада бірінші хатшының сөйлеген сөздерін, үшінші папкада аудандық, облыстық, республикалық, одақтық дәрежедегі газеттерден өзіне ұнаған материалдардың қиындыларын жинақтап отыратын.
– Бұлардың да әлі қажетке жарайтын уақыты келеді ғой, – дейтін.
Мұның өзі, сол кезде-ақ Сәкеңнің ойшыл, қайраткерлік қызметінің басталғандығын еске түсіреді. Тіптен, Сәкеңнің даналыққа ұласқан өмір жолы Жалағаш ауданының киелі топырағында басталған екен-ау, – деп батыл айта аламыз.
Оның ұйымдастырушылық қабілеті басқаларда сирек болатын құбылыс еді. Ол бұл қасиетін, әсіресе, облыстың бірінші басшысы болған кезде кеңінен көрсете білді. Өйткені, оның облысты басқару кезеңі тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы өмірдің өзі туындатқан жаңа реформаларды өмірге енгізу жұмыстарымен тұспа-тұс келді. Бұл кезде мұндай жаңалыққа еңбекші халық та, басшы орындар да жүрген кадрлар да толық дайын емес-ті. Бір сөзбен айтқанда, елімізде нарықтық экономиканың қалыптасуына Сейілбек Шаухаманұлының қосқан үлесі қомақты. Ол облыс көлеміндегі қайсыбір саладағы болмасын кадрларды басқалардай қалай болса солай алмастырудан аулақ болды. Халық шаруашылығының басқару құрылымының қанша рет өзгергеніне қарамастан елдің экономикалық ахуалы мен саяси өмірін бірқалыпты ұстап, облыс халқын жаңа заманның жаңа міндеттерін орындауға жұмылдыра білді.
Жарық дүниеде ешкім де ұлы уақытты жеңе алмайды. Ал, ұлылар болса сол уақыттан ұтылмаудың өзін жеңіс санап, халқы үшін еткен еңбектерін дабыра қылмай-ақ іске асыра берген.
Қатар жүргенде адам көп нәрсені байқай бермейтіндігі жасырын емес. Мүмкін албырт жастықтың әсері болар. Уақыт өте барып, қызметтес болған кездерді еске алған сәттерде ғана көп нәрсенің байыбына баға бермегенімізді еріксіз еске алуға туралы келеді.
Атақты публицист – жазушы Илья Эренбург Фредерик Жолио Кюри туралы «Оны жұрт жаппай сыйлайды деу аз, оны жан-тәнімен шексіз сүйетін-ді», – деп жазған еді. Сол сияқты Сәкеңе де өзінің туған топырағы Сыр еліндегі барша халықтың, қала берді республикадағы оны білетіндердің оған деген шексіз сүйіспеншілігіне бүгінгі күні баршамыз куә болып отырмыз.
27 тамыз күні облыстық Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық-драма театрында ақтық сапарға шығарып салуға арналған қаралы митингіге қатысқан қалың жұртшылықтың жиналғандығы соның куәсі еді.
Қаралы митингіде сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Қ.Ысқақов, мемлекет және қоғам қайраткерлері И.Адырбеков, В.А.Брынкин, Б.Қуандықов, республикалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Б.Мұқышев, ел ағасы Т.Маханов және басқалар Сәкеңнің, Сейілбек Шаухамановтың тәуелсіз еліміздің дамуына өлшеусіз үлес қосқанын айтып, марқұмның отбасына көңіл-қостарын білдірді. Арқалы ақын Иран-Ғайып «Нағашы» атты азалы жырын оқып, көпшіліктің көздеріне жас келтірді.
Сәкең 75 жасқа толғанда Жалағаш ауданының Мәдениет үйінде кездесу кеші болды. Сонда сөйлеген сөзімде ұлы деген сөз кімге де болса өлгеннен кейін айтылады, неге біз оны тірісінде айтпаймыз? – деп өзіме-өзім сұрақ қоя отырып, міне біз бүгін ұлы адаммен кездесіп отырмыз дегенімде залда отырған көпшілік ду қол шапалақтаған еді. Сол ұлы адам бүгінде бақилық өмір кешуде. Тіршілік заңының құпиясы шексіз. Ұлы адамдарды табиғат туғызады, өмір өлтіреді. Сөйтіп, ұлылардың да мәңгілік ғұмыры басталады.
Ешкім де бұл дүниенің тұрақты тұрғыны емес, жолаушысы екен-ау!
Дариға-ай десеңізші, осылайша кең дүниеге сиймаған дана адамдар тар табытқа сийып кете берген ғой.
«Білгенге абыз – білмегенге аңыз» дегендей Сәкең, Сейілбек Шаухаманов артына мәңгілік із қалдырып бара жатқан тұлға.
Зейнеткерлікке шығып облыстық ардагерлер ұйымының тізгінін ұстаған күннен бастап, аты барда қозғалыссыз жатқан бұл қоғамдық ұйымның тамырына қан жүгіртіп, аяқтарынан тік тұрғызып, ұйқыларынан оятып, олардың Егеменді еліміздің тыныштығын сақтау, халықтар достығын нығайту, жастарға тәрбие беру басқа да сан-қилы шаралардың жүзеге асырылуына, ардагерлердің байыппен араласып кетулеріне жол ашқандығына да куәсі болдық.
2008 жылдан бастап облыстық дәрежедегі «Сыр ардагері» газетінің өмірге келуі, оның әрбір саналы адамның жүрегінен жол тауып, тек ардагерлер ғана емес көпшілік қауымның сүйіп оқитын газетіне айналудың өзі ауыз толтырып айтуға тұрарлық жаңалық емес пе.
Сәкеңнің, Сейілбектің шығармашылық еңбектерінің өзі тұтас бір дәуірде еңбек еткен тұлғалы азаматтар мен қарапайым еңбек адамдарының, солар арқылы сол қоғамның тарихи шежіресін көз алдымыздан кино кадрындай тізбектеп өткізетіндігіне риясыз риза болмасыңызға амалыңыз қалмайды.
Оның жазбаларынан автордың парасат пайымы биік, қабілет-қарымы аса ауқымды кең, ойлау қабілеті тұңғиық терең екендігі, сөйлем құрылымынан шешендіктің қайталанбас белгілерінің барлығы, сөз құдіретін ойды оятатындай орынды пайдалана білетіндігі көрініп-ақ тұрады. Ол өзінің шығармаларында адамды, әсіресе, жастарды адамгершілікке рухани тазалыққа, Отансүйгіштікке тәрбиелеу бағытында терең ой қозғайды.
Жарияланған мақалаларында айтылған тұжырымды пікірлері болашақты болжаушылық ойлары, қазіргі кезеңнің түйіткілді мәселелерін шешу жөніндегі ұсыныстары, қандай да болсын өмір ағысын алыстан аңғаратын халықтың нағыз қайраткер, дана азаматы болғандығын көрсетеді. Ол әрқашанда өз халқыңды, өз Отаныңды шексіз сүйе білуден асқан қасиетті іс жоқ дейтін. Сондықтан да, оның жазған жазбалары өміршеңдігімен қымбат. Оның қаламынан шыққан «Алтын алма, ақыл ал», «Бақытыңды бағалай біл», «Ер қанаты», «Мұхтар Әуезов Мұхаммед пайғамбардың ұрпағы», «Иесі кім бұл елдің, киесі кім бұл жердің», «Парыз бен парасат» атты кітаптарынан ұлылықтың белгілерін көреміз. Алайда, салыстырудың бәрі бірдей барлық уақытта әрі орынды, әрі сәтті шыға бермейді. Десе де, өз басым осылай атауды енгізуге оның еншісіне айтатын мезгілі келді ғой деп есептеймін. Оның өмір жолы бүгінгі ұрпаққа өнеге, келешекке тәлімі мол қазына. Халқының аяулы перзенті Сейілбек Шаухаманұлының өнегелі өмір жолы, еліне сіңірген еңбегі мен оның жарқын бейнесі елінің есінде ұзақ уақыт сақталатын болады.
Жатқан жеріңіз жарық, иманыңыз жолдас болсын, жаныңыз жәннатта болғай дейміз.
Алла өзіңіздің жасамаған жасыңызды жан-жарыңыз Жұпарға жазсын, балаларыңыз, ұрпағыңыз аман болсын деп тілек тілейміз.
Шыңғыс Айбосынов,
Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі,
«Ұлт мақтанышы» медалінің иегері.