САУАТТЫЛЫҚ – ЭКСТРЕМИЗММЕН КҮРЕСУДЕГІ БАСТЫ ҚҰРАЛ
Аудандық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен «Мәдениет және өнерді дамыту» орталығында «Діни экстремизм және оның алдын алу жолдары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Шараға дін пәнінің мұғалімдері, мешіт имамдары мен мекеме, бөлім қызметкерлері және өңірдегі белсенді жастар қатысты. Басқосуды жүргізген аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері, белгілі тарихшы Марат Шөмекей дәстүрлі емес түрлі ағымдардан сақтану және оның алдын алу жөнінде, ұрпақтар сабақтастығы мен ұлттық құндылықтар төңірегінде ой қозғады.
– Тарих сахнасында көрініс тапқан жат ағымдардың жаңсақ идеологияларына қарсы тұрудағы басты құрал – ғылым мен білім екеніне көз жеткіземіз. Бабаларымыз ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен ұлан-байтақ жерімізді жаудан қорғап, кейінгі ұрпаққа бейбітшілік заманын мұра етіп қалдырған. Сондықтан да, бүгінгі еліміздің тыныштығы, бейбіт өмірі аса маңызды. Сол үшін теріс ағымдардан сақ болғанымыз жөн, – деді ол.
«Иманқұл» мешітінің бас имамы Айбек Мәдиев дәстүрлі дініміздің алатын орны мен ерекшеліктеріне тоқталып, жастарды діни сауатты болуға үндеді. Имамның сөзінше, асыл дініміз ешқашан озбырлық пен зорлық-зомбылықты қабылдамайтындығын, керісінше, адамгершілікке, өзара түсіністікке, өзге ұлттар мен сенім-нанымдарға барынша құрметпен қарауға шақырады. Сонымен бірге, өсіп келе жатқан жас жеткіншектерді, жалпы жастарды керағар ағымдардан сақтандыру жайын әңгіме етті.
Мәселен, мектептерде «Зайырылық және дін негіздері» пәні оқытылады екен. Бұл сабақ арнайы оқу-курснан өткен мұғалімдерге жүктелген. Бірнеше жылдан бері осы пән бойынша оқушыларға дәріс беріп келе жатқан мұғалімнің бірі – Дархан Ілиясов. Оның айтуынша, қазіргі таңда оқушылар арасында теріс ағым жетегінде кеткендер жоқ.
Шараға қатысушылар өздерінің ұсыныс пікірлерін білдіріп, сауалдарына тұшымды жауап алды.
Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ.