ЖАС СПОРТШЫЛАР ЖАЛАҒАШТА БАҚ СЫНАДЫ
Мәдениет және өнерді дамыту орталығында белгілі спорт жаттықтырушысы Болат Ноғаевты еске алуға арналған дзюдодан жасөспірімдер арасында республикалық турнир өтті.
Спорт аламанына республиканың барлық облысы мен Астана, Алматы, Шымкент қаласынан 26 команда қатысты. Дзюдошылардың басын қосқан дүбірлі доданы ҚР Құрметті спорт қайраткері, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының бас директоры Садық Мұстафаев ашып, жас палуандарға сәттілік тіледі.
Айта кетейік, спорт бапкеріне арналған бұл турнир биыл өңірде алғаш рет республикалық деңгейде ұйымдастырылып отыр. Бұған дейін, аудан, облыс көлемінде жас спортшылардың басын қосқан болатын.
– Талай шәкіртті шың биігіне шығарған белгілі бапкерді еске алу турнирі республикалық деңгейде өтіп жатыр. Бұл жолы қатысушылардың саны көп. Балалар жақсы дайындалған. Жарыстың өтуіне Болат Ноғаевтың шәкірттері Жайдар Есенов, Аслан Абуов, Ержан Көшербаев, Өмірбек Қалменов, Нұрбек Ерімбетов, Фархат Ғазизов секілді белгілі спорт майталмандары атсалысты, – дейді турнирді ұйымдастырушы Жалаңтөс Баһадүр атындағы олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат колледжінің бапкері Рамазан Мұстафаев.
Екі күнге жалғасқан жарыста еліміздің әр өңірінен келген спортшылар 8 салмақ дәрежесінде татами төрінде тайталасқа түсті. Турнир қорытындысына сәйкес, боз кілем үстінде қарсыласынан басым түсіп, финалда жеңіске жеткен спортшылар жүлделі орындарға ие болды. Жеңімпаздарға түрлі дәрежедегі медаль тағылып, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қаншагүл Шоңмұрынқызы «Ең жас палуан» және «Ең епті палуан» номинациясын табыстап, қаржылай сыйлықтарды үлестіріп берді.
Н.АЛПЫСБАЙ.